Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Көлеңкелі экономиканың кедергісі көп...

Көлеңкелі экономиканың кедергісі көп...


Әлемнің озық елдері цифрлы технологияға дем беруде. Неге дейсіз бе? Басты себеп – экономикадағы көлеңкелі қаржыны қысқарту. Иә, бұл – әлем елдерінде өзекті мәселеге айналды. Біздің елде де көлеңкелі эканомикамен күресу мемлекетттік деңгейде көтеріліп, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда бизнесті тексеруге мораторий жойылды.


Көлеңкелі экономиканың көле­мін төмендету – ел алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Яғни әлдекімнің қалтасына түсіп жатқан жасырын табысты анықтап, мемлекет қоржынына түсіру маңызды мәселе.
Иа, салық түсімін арттыруда тағы бір теріс әсер ететін жайт, салық есебін нөлдік көрсеткішпен тапсыру немесе табысын жасыру соңғы кездері кең етек алған.
Осы жерде АҚШ-тың салық жүйесі қазіргі уақытта әлемдегі ең озық жүйелердің бірі болып табылатынын зерделедік. Қоғамның экономика­лық белсенді топтарынан алынатын алымдар федералдық бюджеттің негізгі бөлігін қамтамасыз етеді екен. Яғни, заң қатал деген сөз. Салықты өз деңгейінде, өз дәрежесінде төлемеген жағдайда бірден барлық қызметтерге бұғат қойылып, үйден шығуға қауқарсыз болып қалады екен. Ал, Қытайдың тәжірибесіне сүйенсек, мемлекеттің негізгі тіре­гі – дамыған шағын және орта биз­нес. Міне, ресми Пекин бизнесті дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр, екінші жағынан, есептілікті сәтті үйлестіруде. Миллиардтар елінде бұл қалай жүзеге асуда деп ойларсыз­дар? Қытайда кәсіпкер бір рет са­лық есептілігін нөлдік көрсеткішпен тапсырса, «сенімсіз кәсіпкер» ретін­де бағаланып, жұмысына шектеу қойылады екен. Ал, бізде субсидияны миллиондап алса да, салық төлегенде сол қомақты қаржы көрсетілмейді. Бәлкім, тек өзімдікі болсын, өзгенікі «бұл болмаса күл болсын» деген тоғышарлық психологиядан әлі арыла алмай жүргендіктен болар. Мұның бағасын психологтар мен әлеуметтанушылар берер. Бір анығы, ауданда көлеңкелі экономиканың үлесі басым...

Көлеңкелі кәсіпті қалай тежейміз?

Мемлекет алдында тұрған маң­ызды міндет – көлеңкелі эконо­миканың көлемін азайту. Алайда халықаралық тәжірибеде бейресми экономикамен күресудің бірегей әдіс-амалы жоқ. Әр ел өзіндегі көлең­келі экономиканың өміршеңдігін қамтамасыз ететін себебін анықтап, соған байланысты кешенді шаралар жүргізеді. Мәселен, салық саясатын жетілдіру, шағын және орта биз­нес жұмысын оңтайландыру, есірткі бизнесімен күрес, иммиграция ағы­мын реттеу, сыбайлас жемқорлықпен күрес және тағы басқасын атау керек.
Парламент Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлы әлеуметтік-экономикалық жағымсыз құбылыс саналатын жасырын экономикамен күресуде халықтың қаржы мәдениетін көтеру маңызды екенін атап:
«Сауда орындарына барғанда алған тауардың есебін көрсететін түбіртекті талап ете бермейміз. Міне, ең бірінші осыдан бастау керек. Мұны ұсақ-түйек мәселе деп қабылдайтын шығармыз. Бірақ мұның артында сауда орнының тауар айналымын нақты есептеп, салыққа төлейтін мөлшері анықталатын құрал екенін ұмытпауымыз керек» деді.
Ақиқатында, сауда жасаған кезде түбіртекті сұрамайтынымыз белгілі. Осы ретте аудандағы сауда орталығындағы сатушылар мен тұтынушыларға сауалнама жүргіздік. Біз сұраған 20 тұрғын түбіртекті мүлде талап етпейтінін, 12-сі мұндағы саудагерлер мүлде түбіртек бермейтінін алға тартса, біз сауал жолдаған 10 саудагер алдағы уақытта касса аппаратын алатынын желеу етті. Яғни, кәсібінен нәсіп тауып отырғандар мемлекетке салық төлеуге селқос қарап, бейресми экономиканың көлемін арттыруға үлес қосуда. Мысалы, Қытай елінде сауда орнынан тауар алған адамдар түбіртекті арнайы сайтқа тіркейді. Сөйтіп, қаржысының белгілі бөлігін қайтарып алады екен. Бұл бастама халықтың түбіртек талап етуіне, сол арқылы салық түсімінің тұрақты жүргізілуіне мүмкіндік беретіні сөзсіз. Одан бөлек, Германияда көлеңке­лі экономикамен күресте заңсыз еңбек нарығын бақылап, ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен көтеріп, саяси тұлғалардың қаржысын тексеріп, нәтижеге жеткенін көріп отырмыз.

P.S. Салық жүйесі – мемлекеттің қаржылық қуатының басты тірегі һәм негізгі кіріс көзі. Сол арқылы мемлекет өзінің көптеген қоғамдық-әлеумет­тік, саяси-экономикалық мәселелерін шешіп, азаматтарына жағдай жа­сап, тұрақтылығын қамтамасыз ете­ді. Сондықтан азаматтарынан салық алмайтын мемлекет жоқ. Оның ішінде әр аймақ, әр аудан салық базасын ұлғайту шараларын үздіксіз ұйымдастыруға күш салатыны анық.

Әсел РЗАЕВА

19 наурыз 2024 ж. 242 0