Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды

Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды


Рас, анасы бар адамдардан бақытты жан жоқ шығар, сірә! Ананың «айналайынын» есту бақыты бұйырған адамзаттың анаға деген махаббаты мәңгілік. Құрметі шексіз. Бүкіл әлемнің құрметі нәзік жандыларға арналатын мерекенің бастауы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов әр саланың салмағын көтеріп, елге адал еңбек етіп жүрген бірнеше анаға ықылас білдіріп, сый-құрметін көрсетті.


Тәлім-тәрбие мен тағылымның тұнығы болған Аналар қашанда құрметтің төрінде болуы тиіс. Дүниеде үш нұр бар, алғашқысы – күннің нұры, бұл адамның көзіне, кескін-келбетіне құйылады. Екіншісі – ақылдың нұры, бұл пенденің пейіл-парасатына, сана-сезіміне беріледі. Ал, ананың жанарынан төгілген нұр – бұл перзентінің жүрегіне құйылатын құдырет нұры. Иә, «ана» деген үш әріптің астарында адамзат баласына қуаныш сыйлар қаншама қасиет бар десеңізші?! Ана алдындағы қарыз ешқашан өтелмейді. Жаңақорған топырағында алтын алқа иелерінің қатары күн санап артып келеді. Оны жылдағы бала туу көрсеткішімен өлшеуге болады. Әлемде адамзат үшін анасынан асыл, әжесінен ғазиз, апа-қарындастарынан ардақты, жарынан аяулы, қызынан қылықты жан жоқ. Сондықтан «анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, ақ сүтін ақтай алмайсың» деген тәлім осыдан қалса керек.
– Шұғылалы көктемнің шуақты күнімен келген аналар мерекесімен сіздерді шын жүрек­пен құттықтаймын. Еліміздің гүлденіп, көркеюі отбасындағы тату тірлікке байланысты болса, сол шаңырақтағы шаттық пен берекенің бастауы аналардың алақанында. Ұлттың ұйытқысы, бір­лігіміздің алтын діңгегі болған нәзік жандыларға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Бүгін­гі марапат төріндегі аналардың әрқайсысының қоғамда, әр салада өзіндік орны бар. Адал еңбек, маңдай термен нәпақасын тауып жүрген сіздерге бас иеміз. Сіздердің аудан үшін әлі берер тәмсілдеріңіз, қажыр-қызметтеріңіз таусылмасын деймін. Ең бастысы, ұрпақ тәрбиесіндегі өнегелі істеріңізге Алла шапағатын төксін, – деп аудан басшысы жылы лебізін білдірді.
Ауданның әлеуметтік-эконмикалық даму­ында, мәдени-рухани өркендеуіне үлес қосып жүрген аналарға аудан басшысы марапат ұсынып, сый-құрметін білдірді. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың «Алғыс хатын» кітапхана саласының ардагері Қалдыгүл Асанқызына және кәсіпкер ана Гүлмира Тұрарқызына табыс етті. Аудан әкімінің құттықтау хатына білім саласының ардагері Шынар Нұрманқызы, кәсіпкер Зауре Нусрадинқызы, қол өнер шебері Меруерт Кенжебекқызы, кәсіпкер Тұрсынай Бекмұхамбетқызы және көп балалы ана Майра Құрманқызы ие болды. Барлық ананың иығына камзол жабылып, гүл шоқтары тарту етілді.
«Ұлтты тәрбиелегің келсе, қызды тәрбиеле, ал ұлды тәрбиелегенің ер-азаматты тәрбиелегенің» дейді қазақ. Қазақ текті халық, қыздың атында ру да, ұран да болды. Мәселен, қаз дауысты Қазыбек бидің кезінде батырлар руға «Қарқабат» деп шапты, ал Қарқабат Қазыбек бидің анасы. Міне, қазақтың қызға деген құрметі осылай көрінеді.
«Ат биеден, алып анадан туады» дейді халқымыз. Әлемнің 6 дүркін чемпионы, Олим­пиаданың 3 дүркін алтын алқа иегері, кәрі құрлықтың теңдессіз батыр балуаны Бувайсер Сайтиев: «Маған олимпиаданың 3 алтынынан анамның қасында өткізген бір күнім мың есе артық, мен анамның құшағында мың есе ба­қыттымын» деген болатын. Міне, адамзаттың анаға деген құрметі шексіз екенін осыдан көруге болады. Өйткені анасы бар адамдар ешқа­шан қартаймайды. Сондықтан аналарымыз аман болсын, мереке құтты болсын, арулар!

Әли ТЕМІРБЕК
12 наурыз 2024 ж. 248 0