№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Биік сапаның негізі – бәсекелестікте

Биік сапаның негізі – бәсекелестікте


Ауыл халқының сапалы медициналық қызметке қолжетімділігіне мемлекеттік деңгейде мән берілумен қатар кәсіби мамандардың әлеуетіне негізделген қандай да бір инновациялық жобалар бүгінгі күні үлкен қолдауға ие. Осы қатарда кент орталығындағы жеке клиникалардың бәсекеге қабілеттілікке бейімделген жан-жақты жаңашылдық кадамдары құптарлық.

Сырқатты ерте диагностикалауда озық технологияның орны бөлек. Осы бағытта кәсіби біліктілігіне иек артып, әріптестерінің алды болып нарықтық жүйені жете меңгерген жоғары санатты дәрігер Гүлжұма Қойшыбекованың «Керемет» жеке клиникасын ашып, жемісті еңбек етіп келе жатқанына он бес жылға жуықтады. Жиған-терген инвестициясын көңілі сүйген кәсіптің келешегіне құйып, аудан халқына қалтқысыз қызмет көрсетіп келе жатқан ақ халатты абзал жанды әңгімеге тартып, кәсіп бағдары жөнінде білгіміз келді.

– Аудандық ауруханада дәрігер болып жүрген кезім. 1994 жылы алғаш мекемемізге УДЗ аппараты келді. Бас дәрігеріміз Нұрылда Тәліпов екі маманды арнайы курсқа жіберіп, гинекологиялық сала бойынша УДЗ аппаратына мені тағайындады. Ал 2010 жылдан бастап өз алдыма жеке кабинет ашып, УДЗ аппаратын сатып алдым. Сөйтіп бірте-бірте кәсіп көкжиегін кеңейтіп келемін, - дейді ол.
Қазірде аудан тұрғындары УДЗ аппараты­на қажеттілік туындағанда үлкен қалалар­ға сабылмай-ақ өзімізде тексеруден өтіп, тиісті емін ала алады. Тіпті Жаңақорғанда диагностикалық зерттеу жағынан бәсеке­лелестік орта қалыптасқанын да айтуға болады. Ендігі мақсат – таңдай білуде. Бұл бағытта, әрине, мамандардың кәсіби біліктілігі мен медициналық ныандардың сапалы құрылғылармен жабдықталуы шешуші роль атқарады.
Жаңа әлгінде клиникаға енген сәтте жаға­лай қабырғада ілінген пациенттер на­зарына ұсыныл­ған дәрігердің мемлекеттік лицензиясынан бас­тап кәсіби біліктілігі бойынша алған дәйек­теме қағаздары, түрлі халықаралық конгрестер­ге қатысқаны туралы сертификаттарына көңіл қойып, іштей пікір түйгендіктен бұл тақырыпта сұрақ қоюды артық санадық.
– О баста күрделі курстарды тәмамдап, арнайы сертификатын алудағы мақсатым, келген клиенттерге кешенді қызмет көрсету­ді жоспарладым. Соңғы бес жылдан бері заманауи үлгідегі Оңтүстік Кореяның Accuviх – «3G-4G» эксперттік УЗД аппаратымен жұмыс жасап келемін, – дейді ол.
– Бұл аппараттың артықшылығы неде?
– Адам органдарын толықтай түсіре ала­ды. Атап айтқанда, жүкті әйелдердің жағ­дайын скринингтен бақылауда үш реттік жүйелі тексеруден өткіземіз. Гинекологиялық науқастардың барлық түрін анықтауға болады. Сонымен қатар қалқанша без, сүт безі, сүйектің өзгерістерін, тері астын, бауыр, өт, бүйрек, көк бауыр, ұйқы безі, аталық бездер, қуықты түсіреді. Барлығының сертификатын алып, мамандандым.
– Дәрігер ретінде өз тексеруіңізден өткен кісілерге қандай да бір жеңілдіктер жасай аласыз ба?
– Әрине, әсіресе әйел-аналар үшін. Жүк­тілік кезінде диагнозы нақты дәйектелмей тұрған сұраулар бойынша пациентімді өзім қадағалауға алып, екінші, үшінші қайталама зерттеулерді тегін жүргізіп беремін. Ана денсаулығы бәрінен қымбат. Бұл бағытта мемлекеттік деңгейде де қадағалау бойынша үш реттік скринингтік бақылау протокол­ға ендіріліп отырғанының да мәні бар, жә­не ол өз тәртібімен, өз параметрімен іске асырылады. Тағы бір айта кететін нәрсе, қолымыздағы заманауи аппаратта ана мен баланың қан айналымы процесін анықтайтын жаңа функциясы бар. Мәселен іштегі жат­қан балаға ауа мен қорек жетіспеушілігі қан айналымындағы кінараттан болады. Бұл көбінесе анемия, басқа да факторлар әсерінен орын алады. Ерте анықтау арқылы емделуге болады. Бізде осыны анықтауға мүмкіндік бар. Отыз бес, отыз алты аптада ана мен баланың арасындағы сәйкессіздіктен баланың дұрыс жетілмеуін доплер зерттеу арқылы анықтауға болады, – дейді ол.
Бүгінге дейін мемлекеттен ешқандай көмек алмаса да өздігінше жетіліп, жұмысын жүйелі жолға қойған дәрігердің сүйенетін ең басты ұстанымы – елдің сенімін ақтау. Сол үшін жылдар бойы жинақтаған тәжірибеге иек артып, қашан болмасын «жеті рет өлшеп, бір кескен» ұқыптылыққа қатты ден қоятынын айтты.
Гүлжұма Садықбекқызы өзі басқаратын клиниканы кеңейтіп, толығымен қайта жаб­дықтап, күндізгі емхана талаптарына сай жағдай қалыптастырғаны кент тұрғындарын қуантып отыр. Теміржолдың бергі қапта­лындағы ағайынның күндізгі бөлімде ем алуына жағдай жасап, он төсектік емдеу бөлімін ашыпты. Қабатында физкабинет те жабдықталып қойыпты.
Денсаулығында кінәраты бар балалар­ға арналған арнайы құрылғылармен жаб­дықталған оңалту орталығы да келушілерге қызмет көрсетуге сақадай сай тұр.
Дәрігерлік көмектің кепілдендірілген көле­мі үшін мемлекет тарапынан қаржыландыру жүйесіне қол жеткізген клиника алдағы уақытта аудандық емханамен әріптестік не­гізде жұмысын жалғастыратын болады. Яғни емханаға тіркеліп, тексерілуге жіберілген науқастар заманауи құрылғымен қамтама­сыз етілген осы клиникада диагностикалық тексерілуге жоспарлы негізде жолдама алады деген сөз.
Өз-өзін кәсіби тұрғыда жетілдіруден жа­лықпайтын гинеколог-дәрігер плазма­ле­фтинг процедурасын қолдануды да жұмыс тәртібіне ендіргенін айтады.
Мұның оң эффектісін жақсы түсінетін жастар жағы ғана емес, егде жастағы әйел-аналар да тәжірибелі дәрігердің көмегіне жүгініп, нәтижесіне көз жеткізіп келеді.
Көбіне-көп көз қарықтырып, көңіл сен­дірген жылтырағы басым жарнаманың заманы туған қазіргі кезеңде сапа мәселесі көлеңкеде қалып қоятыны жасырын емес. Бұл туралы сұхбаттасымыздың пікірі қандай екен?
«Деннің саулығына зер салатын кісі заманауи технологияның артықшылығына ден қоюы заңды. Бірақ, қарапайым логикаға сүйене келсек те, нешеме жыл капитал жинап, қымбат та, сапалы құрал жабдыққа қол жеткізген, онымен қоса мол тәжірибемізді бағалай білер әркім біздің орталығымыз – «Кереметке» келетініне сенімім зор», – дейді білікті маман.

Баян ҮСЕЙІНОВА
02 наурыз 2024 ж. 211 0