» » МӘМС кімге керек?

МӘМС кімге керек?


Елімізде 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі күшіне енді. Осы уақыт аралығында міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысты өз ойын айтып, пікірін білдірмеген жан жоқ шығар, сірә. Жалақысынан жырымдап жарна төлеп жүрген отандастарымыз қызметті керек уақытында қажетіне жарата алып жатыр ма? Егер барлығына бірдей тиімді болса, арыз-шағым неге азаймай тұр? Осы сұрақтар төңірегінде ізденіп көрдік.


Әуелі, медициналық сақтандыру ұғымын тарқата кетейік. Денсаулық сақтаудағы халықтың мүддесін әлеуметтік қорғаудың түрі, медициналық көмек қажет еткенде сақтандырылған жағдай бойынша науқасқа жинаған қаржы кепілдік болады. Медициналық сақтандыру көптеген елдерде халық үшін, сонымен бірге жұмыс берушілер үшін де денсаулық сақтау жүйесінің тиімді модельдерінің бірі. Қордың әу бастағы миссиясы – халыққа тиімділігі дәлелденген, қолжетімді медициналық көмекпен теңдей қамтамасыз ету, жұртшылықты медициналық көмекке негізсіз жұмсалатын артық шығындардан қорғау, медициналық қызметтерді кепілдік пен теңгерімді сақтай отырып сатып алу. Яғни, азаматтарды сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету арқылы қызметтің сапасын тиісті деңгейде ұстап тұру көзделген.
Бірақ ел арасында медициналық сақтандырылған азаматтарға да меди­циналық қызмет толық көлемде көр­сетілмей отырғаны жиі айтылады. Осы тұста, Қызылорда облысында қанша азамат сақтандырылғанына зер салайық. Қызылорда облысы бойынша бекітілген халықтың тізіміңде (БХТ/РПН) 816 476 адам тіркелді, оның ішінде 657 124 адам (80,5%) МӘМС жүйесінде сақтандырылған. 159 352 (19,5%) тұрғын сақтандырылмаған. Егер сіз сақтандырылмаған, яғни жұмыс істемейтін болсаңыз, 2022 жылдың 5 қыркүйегінде енгізілген өзгерістерге сәйкес, МӘМС жүйесінің қатысушысы болу үшін алдағы 12 ай үшін төлем жасауға болады. Бұл жыл бойына сақтандырылуға мүмкіндік береді. 12 айға төлемді дұрыс жасаған азаматтар­ға 3 күннің ішінде «сақтандырылған» мәртебесі беріледі.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру саласына аударылып жатқан қаржы көлемі үлкен. Салыстыру үшін айтсақ, МӘМС-тің бір жылдық бюджеті еліміздегі басқа сақтандыру компанияларының қаржысын қосқанмен бірдей. Алайда қарапайым халық бұл қаржыға сапалы қызмет ала алмай отырмыз деп налиды. Редакциямызға жасы қырықтан асқан Ержан есімді азамат жанына батқан сырқатынан жүре алмай әрең келді. Бір аптадан бері үйден жасаған емі әсер етпей, емханаға барыпты. Арнайы такси шақыртып, екі ұлы екі жағы­нан сүйемелдеп барғанына қара­май, медициналық сақтандыруыжоқтығын айтып, қарамаған. Жедел жәрдем шақыртуына болатынын ай­тып, шығарып салыпты. Содан тіке газетке келіп, мәселенің мәнін егжей-тегжейлі жазуымызды өтінді. Сондай-ақ Элмира есімді оқырманымыз: «Осы уақытқа дейін МӘМС-тің пайдасын ауыз толтырып айтатындай көріп жүргеніміз жоқ. Не үшін, неге ұстап жатқаны белгісіз, бірақ ақылы емделіп жүрміз ғой. Осыдан бір апта бұрын тісім түнімен ауырып, азанда емханаға бардым. Ол жерде уақытша пломба қойып береміз деді. Ал толыққанды емдету үшін ақылы стоматолог дәрігерге баруым керек екен. Сонда мен не үшін ай сайын айлығымнан ақы төлеп отырмын? Әлбетте, МӘМС арқылы да тегін емделіп жатқан жандар баршылық. Алайда тегін емделу үшін, біріншіден, квота алу қажет. Ал квотаны алу үшін 2-3 айдай күтуге тура келеді. Портал арқылы медициналық мекемелерде тегін емделу де оңайға соқпайды. Мемлекеттік емханаларда емделу үшін бір ай алдын ала кезекке жазылып, талон алу керек. Бірақ ешкім дәрігерге көріну үшін талон алуым керек деп күтіп отырмайды. Талонмен кезек күткеннің өзінде, дәрігердің «базаға тіркеу, базадан іздеу» секілді жұмыстары көп уақытты алады. Сол себепті амалсыздан ақылы емнің көмегіне жүгінуге мәжбүр.
– Өз басымыз ауырып, балтырым сыздай қалса қалаға барып, ақылы емханада ешбір кезексіз, ешбір құжатсыз жайбарақат қалаған емімізді аламыз. Ақылы емнің құны да аспандап тұр. Егер осы медициналық сақтандыруға ай сайынғы төленіп жатқан ақшаны есепке алатын болсақ, халыққа қажетті қызметті көрсетуге әбден болады, – дейді көпбалалы ана.
Расымен де тіс емдеу ақысы неге міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру аясында төленбейді. Қым­батшылықтан қажыған халық соңғы уақытта әлеуметтік желіде осы сұ­рақты жиі көтеріп жүр. Айта кетейік, қазақстандықтардың шамамен 70 пай­ызы түрлі тіс ауруларынан зардап шегеді. Тағы бір оқырманымыз Әлия Кеңесқызы бір жылдан бері тісін емдетіп жүргенін айтады. Төрт балалы келіншектің тісі түгелге жуық түсіп қалған, имплант салдырғысы келеді. Кенттегі стоматолог дәрігерге есептетіп көрген еді, шамамен 1,5 млн теңге қажет екен.
– Өзім бала күтімімен үйде отыр­мын. Медициналық сақтандыруға үз­бей айлықтан аударылып тұрды. Одан нәтиже болмады. Имплант әлеуметтік мемлекеттік сақтандыру аясында жүзеге асатын болса көп адамға қолжетім­ді болар еді. Тіс ауруларына ат үсті қарап, ауыз қуысына мән бермейтіндер де бар. Басым бөлігі үшін қызметтің қымбаттығы қолбайлау. Өйткені елде­гі стоматологтардың басым көпшілігі жеке меншіктің қолында. Оларда орта есеппен бір тісті емдеу 6 мың мен 10 мың аралығы болса, тіс жұлу 12 мыңға дейін барады. Ал қаптама тіс салу – 16 мың, имплант салдыратын болса бір адамға 1 миллионнан аса қаражатты қажет етеді. Дәл қазіргі уақытта менің тісім емдеуге келмейді, түбі қалмаған. Маған тек имплант ғана көмектесе алады. Оған менің ешқандай шамам жоқ, – деп көзінің жасын сығып алды.
Мұндай мысалдарды тізбектей бер­сек көз сүрінеді. Жүкті аналардың қарапайым ғана УЗИ-ге түсу үшін бірнеше шақырым жол жүріп, қалаға ба­руы қаншалықты орынды. Осы тақырып төңірегінде мақала жазып жатқандықтан айналамдағы тұрғындардың да ойын білу мақсатында бір емес, бірнеше адаммен пікір алмастым. Сонда аналар қауымы УЗИ-ге ақылы түсуді құп көрмейді.
Біз аудандық емханаға арнайы барып, бас дәрігердің орынбасары Ақмарал Әлімбаевадан көкейдегі сұрақтарға жауап алдық.
– МӘМС – Міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қоры. Қазір­гі уақытта еліміздің денсаулық сақ­тау саласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі ке­зең-кезеңмен енгізілуде. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының осы бағытта алға қойған міндеттерінің бірі – емдеу мекемелеріндегі медициналық қызметтің қолжетімділігін, тұрғындарға уақытылы сапалы медициналық қыз­мет көрсетілуін қамтамасыз ету. Осы бағытта жұмыс жасаудамыз. Меніңше, бұл халыққа ең тиімді бағдарла­ма. Сақтандырылған кез келген адам емханада тексерілудің барлық түрінен тегін өтіп, қажетті емді ала алады. Қажетті жерге дәрігер порталға салады, өз кезегімен науқас тиісті қызметті ала алады. Енді көпшілігі кезекті ұзақ күтіп қаламыз деп жатады. Бұл еліміздің барлық аймағында болып жатқан жағдай. Егер кішкене сабыр сақтап, кезегі келген уақытта қажетті деген емді тегін ала алады.
– МӘМС төлемі 2024 жылы қандай мөлшерде болады?
– МӘМС төлемдері төлеушілердің әр санаты үшін әр түрлі мөлшерде бола­ды. Жұмыс берушілердің аударымдары қызметкерлер жалақысының 3%-ын құрайды, аударымдардың ең жоғары сомасы 25 500 теңгеден аспайды, бұл 10 ЕТЖ-нің 3%-ы. Айта кету керек 2024 жылдан бастап, 1 ЕТЖ 85 000 теңгені құрайды. Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (АҚС) бойынша табыс алатын қызметкерлер мен жеке тұлғалардың жарналары 2024 жылы олардың табысының 2%-ын құрайды Егер жалақы мөлшері 10 ЕТЖ жоғары болса, онда тек осы сомаға ғана салық салынады және жарнаның ең жоғары сомасы 17 000 теңгені құрайды. Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатындардың жарналары 5 950 теңгені немесе 1,4 ЕТЖ-нің 5%-ын құрайды. Дербес төлеушілер үшін жарна сомасы 4 250 теңгеге тең (1 ЕТЖ-дан 5%). Егер бір ай төленбей қалса, кері әсер етеді. Яғни ай сайынды медициналық сақтандыруға тиісті қаражатты төлеп отырса, тағайындалған барлық емді де, тескеруді де ала алады. Сондай-ақ осы ретте айта кетейін, дәрі-дәрмек біздің қолымызда тұрған нәрсе емес. Мемле­кет тарапынан №75 бұйрық бойынша бекітілген барлық дәріні халыққа береміз. Кейде кейбіреулер басқа қалаға барып, өзге дәрігерге көрініп, ол дәрігердің тағайындаған дәрісін бізден сұрайды. №75 бұйрықта бар дәрі болса береміз. Егер онда жоқ болса қалтасынан ақша шығарып сатып алады. Бұл жерде халық ортақ заңға бағынып, дәрігер-дің қабылдауынан өтіп, кезегін күтіп ретімен қаралатын болса, ешқандай артық шығынсыз қажетті қызметті ала алады, – дейді маман.
Иә, кейде шыдамсыздық танытып, ұрыс-жанжалға орын беріп, үлкен демей, кіші демей беттен алып, төске шауып жатамыз. Осы тұста айта кетейік, нарық заманына қарай көпшілік арасында 2-3 жерде жұмыс істейтіндер аз емес. Қанша жерде жұмыс істесе де барлығы­нан медициналық сақтандыруға қаржы ұстайды. Бұл жөнінде белгілі заңгер Дәулет Тұрабаевтың пікірін білдік.
– Медициналық сақтандыру елімізде толықтай жүзеге асқан жағдайда оның қарапайым халыққа тигізер пайдасы көп. Адамдар сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы өздерінің қалаған емха­на, дәрігерлеріне қаралу мүмкіндігі­не ие болады. Сондай-ақ науқастың емделу ақысы сақтандыру қорынан төленеді. Бірақ бұл жүйе жүйесіз жасалған. Қарапайым халық өзінің құқығы мен медициналық сақтандыру жайын толық біле бермейді. Негізі бір азаматтан қанша жерде жұмыс жасаса да, бір ғана медициналық сақтандыруға ақы ұстау қажет. Байқаймын, кейбір есепші мамандар заңсыздыққа барып, қызметкерге ескертпей бірден медици­налық сақтандыруға ақша ұстайды. МӘМС-ті қалай пайдалану керектігі жөнінде көп жерде нақты, түсінікті ақпараттар жүргізілмейді. Тек газет, теледидар арқылы ғана емес, емхана­лардың өзінде науқасқа ақпарат беріп отыруы керек. Дөңгелек үстелдер неме­се халықпен кеңесу ұйымдасты­рылып, жауапты мамандар егжей-тегжейлі тү­сіндірсе дейміз. Алдағы уақытта осы тақырып төңірегінде арнайы шара ұйымдастырсаңыздар, қуана қатысар едім, – дейді заңгер.
Қорыта айтқанда, медициналық сақтандырудың қолданыстағы жүйесі толыққанды тиімділігін көрсете алмау­да. Салдарынан азаматтардың да, мем­лекеттің де денсаулық сақтау шығындары тоқтаусыз артып барады. Еліміздегі әрбір азаматтың денсаулығы мен өмірі бірінші кезекте тұрады. Ал, МӘМС еліміздегі сапалы медициналық көмек көрсетуді күшейтуге, адамдар арасында аурушаңдықты азайтуға бағытталған бірден-бір жүйе. Сондықтан ел игілігі үшін қабылданып отырған жүйені тиімді жұмсаған абзал.

Әсел РЗАЕВА
03 ақпан 2024 ж. 131 0