№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Өнеркәсіп: Қалдықты қашан өңдейміз

Өнеркәсіп: Қалдықты қашан өңдейміз



Кезекті Үкімет отырысында экологиялық мәселелер, оның ішінде тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату, яғни, қайта өңдеу мәселесі күн тәртібіне енгізілген болатын. Қайта өңдеу өнеркәсібі біздің өңірде ғана емес, жалпы Қазақстанда ақсап тұр. Біздің ауданда бір емес, екі бірдей кәсіпорны қалдықтарды талдап, өзге өңірлерге жөнелтеді. Шикізат қоры мол болғанымен, өнім өндіру ілгерілемей тұрғаны.
Облыста биыл ғарыштық мониторинг нәтижесімен 74 стихиялық қоқыс орны анықталып, тазартылған. Бұл қалдықты арнайы полигондарға жеткізбеу салдарынан жиналған. Осыған байланысты, Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда 2024 жылдың 1 сәуіріне дейін коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасы әзірленіп, бекітілуі керектігі қатаң тапсырылды. Экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келмейтін тұрмыстық қалдықтар полигондарын қалпына келтіріп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мүмкіндігін қарастыру қажет деген аймақ басшысының тапсырмасы да бар. Қазір қалдықтарды жою, қайта өңдеу арқылы кәдеге жарату бағытында шағын зауыттар іске қосыла бастады. Әйтсе де, қоқысты сұрыптау ісі бір жүйеге түсе қойған жоқ. Жан-жақты қолдау тетіктері де қалыптасты дей алмаймыз. Бұл – тұрмыстық заттарды өңдеу ісінің өріс алуына дем бере алмайтыны белгілі. Дегенмен, жаңақорғандық кәсіпкер Насырла Мурзаев пен Нұрлан Садуақасов осы саланы дамытуға ниетті.
Бірнеше жылдан бері қатты қалдықтарды жинап Шымкенттегі зауытқа өткізуді бастаған кәсіп иелері алдымен оларды сүзгіден өткізіп, әр қалдықты бөліп-бөліп жөнелтуді қолға алды. Енді шикізаттан өнім шығаруды қолға алсақ керемет болар еді. ӘЛЕМ КӨШІ Алдымен, әлем тәжірибесінен бастасақ. Дамыған отыздыққа енудің басты құралы – бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру. Яғни, шағын және орта бизнесі дамыған, өңдеу өнеркәсібі қалыптасқанда ғана көшке ілесе аламыз. Алайда тазалық мәдениеті маңызды орын алады. Осыны ескерген дамыған елдер бүгінде тазалыққа мән беріп, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу ісін қолға ала бастады. Мәселен, Швеция, Франция мен Италия сынды мемлекеттердің кейбір қалалары «пластикалық пакеттер мен бөтелкелерден» бас тартып, орама қағаздарға көше бастады. Себебі, пластикалық заттардың зияны өте көп. Данияның тәжірибесі де үлгі болады. Бұл елде 1994 жылдан бері пластик құты мен пакетті шектеген. Алдымен мәдениетті жолмен. Яғни, өндірушілердің экологиялық сауатын ашу арқылы. Сосын қаржылық жолмен. Яғни, сатушыларға пластик ыдыс пен пакет үшін салық салу арқылы. Осындай жолмен тұрмыстық қатты қалдықтарды 90 пайызға төмендеткен. Енді Даниядан табиғи процесте 400 жылдай уақытта толық жойылатын пластик пакеттер мен құтыны табу қиын. Қаламгер Қайнар Олжайдың жазуынша, ағылшындар да полиэтилен мен пластиктен жасалған тұрмыстық қатты заттарды шектеудің жолын тапқан. Олардың кейбір супермаркеттері мен дүкендер желісінде «Бізге өз дорбаларыңызбен келіңіздер!» деген әлеуметтік жарнамалар ілінген екен. Ал, Қытайда кәріздің шойын қақпағын ұрлай бергендіктен құтылардың ауызын пластикпен тығындауды жолға қойыпты.
Кейбір елдер қатты қалдықтарды жинап, қолданысқа енгізу үшін зауыттарды іске қоса бастады. Мәселен, Өзбекстанда пластик құтыларды өңдеу ісі жолға қойылған. Олар көбіне қайта балқытып, көкөніс пен жеміс салатын жәшіктер шығарады. Себебі, ағаш пен темір жәшіктерден жасалған жәшіктер қолдануға ыңғайлы. Осы себепті, сұранысы да жоғары. Сол секілді Қытай темірден түйін түйсе, филиппиндіктер полителен пакеттер мен ыдыс құтылардан қайық жасап, туристерге ақылы қызмет көрсетіп, нәпақасын тауып отыр. Ал, Мексика пластиктік тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратып, үйлер тұрғыза бастапты. Міне, әлем елдері зиянды заттарды қажеттілікке икемдеп, тазалыққа мән беріп жатыр. Тағы бірі қайта өңдеп, қолданысқа енгізуде.
                                                      ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАУҚАРЫ
Қоқыс мәселесі Қазақстанда да өршіп тұр. Статистикаға зер салсақ, Қазақстанда жылына 31 млрд тоннадан астам қалдық шығарылады. Одан 120 млн тоннаға жуық қатты тұрмыстық және 2,5 млрд тонна қауіпті қалдық жиналады. Бұл сандар қоқысты кәдеге жаратудың қажеттілігінен хабар береді. Әлбетте, қоқыспен күрес – жалғыз бізді ғана емес, дүниежүзі елдерін толғандырған жаһандық мәселе. Статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2021 жылы елімізде небәрі 132 мың тоннаға жетер-жетпес пластик қалдығы қайта өңделген. Бұл жыл сайынғы пластмасса өнімдердің 20 пайызынан сәл ғана көп. Яғни Қазақстанда шамамен 602 мың тонна пластик зат қоқысқа тасталады. «Жасыл экономикаға» көшуді мақсат еткен еліміз қоқысты қайта өңдеудің үлесін 2030 жылы 40 пайызға, 2050 жылы 50 пайызға жеткізуді көздеген еді. Бірақ 2030 жылға дейін аз ғана уақыт қалғанын ескерсек, аталған 40 пайызға қол жеткізу оңай шаруа болмайтын түрі бар. Еліміздің қайта өңделетін шикізатпен айналысатын кәсіпорындарында өнім шығаруға макулатура, шыны, және пластмасса жетіспейді. Бұған 2022 жылдан бастап жүргізіліп келген EcoQolday бағдарламасының тоқтап қалуы себеп. Өйткені осы жоба аясында бұл саланың талай қызметкерлері жұмыспен қамтылып, өңдеушілер болса, шикізатпен қамтамасыз етіліп келген. Шикізат жетіспеушілігіне байланысты қазіргі таңда қайта өңдеу зауыттары толық жұмыс істей алмай отыр. Ал шағын кәсіпорындар жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Оның үстіне көрші елден келетін бір реттік ыдыстар мен қаптамалар арзан болғандықтан нарықта сұранысқа ие.
                                                                   АУДАНДАҒЫ АХУАЛ
Жоғарыда айтқандай, ауданда әзірге екі ғана кәсіпкер қоқыс жинап, оны сорттап, пұлдап жүр. – Тіршілік барда қоқыс ешуақытта таусылмайды. 10 жылдан астам уақыт қажетсіз қалдықтарды жинап, Шымкент қаласындағы зауытқа өткізуді қолға алдым. Отбасым қолғабыс болса, қарамағымда тағы 2-3 жұмысшы бар. Күнделікті жұмыста макулатура, бөтелке, шыны, баклашка, салафан пакеттерді жинап, сұрыптаймыз. Тұрмыстық қатты заттарды теріп, сұрыптап, арнайы зауытқа өткізіп, табыс тауып жүрген жайымыз бар. Бір ай бойы жиналған қоқысты сұрыптап, ретке келтіреміз. Былтырғы жылға қарағанда биыл жұмыс жақсы жүруде. Өткен жылы 2-3 айда бір өткізетінмін. Биыл ай сайын 10-15 тоннадан кем өткізіп жатқанымыз жоқ. Тұрғындар да, тазалық мекемелері де үйренді. Күнделікті жиналған қоқыстарды өткізіп тұрады. Тіпті, Байкенже, Сунақ ата, Шалқия, Бірлік сынды ауыл тұрғындары да бізге үйренді. Жинап қойған заттарын айына бір рет барып жинап кетеміз, – дейді Насырылла ағамыз. Отбасылық кәсіппен нәпақасын тауып отырған Мурзаевтар отбасы қазіргі таңда айлық табысының да жақсы екенін жасырып қалмады. Жақында жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, мемлекеттен көмек алуға мүдделі. Ағамыз балаларын осы кәсіпке икемдепті. Өзімен бірге жүріп, аудандағы үлкен сауда орталықтарынан дайындап қойған қоқысты көлікпен тиеп әкетеді. – Алланың берген екі ұлым бар. Былтыр мемлекеттен бөлінген 1 200 000 теңге грантты бір ұлым алып, қажетімізге жұмсадық. Одан бөлек зауыттармен келісімшартқа отырып, жұмыс қарқынын кеңейтудеміз. Алдағы уақытта 2-3 адамды жұмыспен қамту ойда бар. Наурыз айында Қызылорда қаласында шыны зауыты ашылса, сол жаққа өткіземіз, әзірге Шымкент қаласындағы «Boom prom» заводына картондар, целлофандар мен бөтелкелерді өткізудеміз, – дейді кейіпкеріміз.
Сөз соңы. Африка құрылығындағы Занзибар мемлекеті арқылы басқа елдерге тасымалданатын жүктің арасында міндетті түрде пластик пакеттер болған. Африканың ортаңқол мемлекеті тұрғындарының денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау мақсатында транзиттік тасымалдан бас тартады. Мемлекет ай сайын бюджетке түсетін 500 000 доллардан қағылады. Бірақ, маңыздысы ол емес. Ұрпақтың саулығын ойлаған ел шешімге өкінбейді, қайта мақтан тұтады. Алайда, кімдекім сол пакеттерді заңсыз тасымалдаса немесе өндірсе 2 мың доллар айыппұл төлейді, ондай болмағанда кем дегенде түрмеге бір жылға қамалады. Міне, тәртіп пен тазалығы дамыған мемлекеттердің өнегесі осындай. Бұл келер ұрпақтың денсаулығына, екіншіден, тәртіпке бағынуға және шағын кәсіптің шырайын кіргізуге мол мүмкіндік. Біздің аудандағы аға буынның ісі өрге басса, ең алдымен өңір тазалығы жөнге келетіні ақиқат. Қалғанын уақыт өзі таразылар...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
31 қаңтар 2024 ж. 199 0