Алименті жоқ ауыл бар ма?
Бала анадан ажыраса мейірімнен, әкеден алыстаса өжеттіктен қол үзеді. Ел арасында «үйлену оңай, үй болу қиын» деген тәмсіл жиі айтылады. Оның мәні мен мағынасы тым тереңде. Рас, үйлену оңай, ал, үй болу ше? Мәселеге мән беріп қарасақ, бүгінгі таңда шаңырақ көтеруге бел буған жастардың басым көпшілігі отбасы алдындағы жауапкершілікке немқұрайлы қарайды. Жыл сайын отбасын құрған жастардың қатары көбейгенімен, олардың ажырасу жағдайы да аз емес екенін АХАЖ мамандары жасырмайды. Өкініштісі, ортада қалған балаға алимент төлемеу үшін сан түрлі айла-әрекетке баратындар арамызда жетерлік. Міне, әке рөлі бүгінгі күнде қандай күйге түсті? Балаларынан бас тартқаны былай тұрсын, алимент төлеуден басын ала қашқандар қаншама? Бүгінгі қоғамның қасыреті осы.
Елімізде ерлі-зайыптылар ажырасқаннан кейін алимент төлеу жайлы келісімге келе алмаған жағдайда немесе тараптардың бірі алимент төлеуден бас тартса, онда сот арқылы алиментті мәжбүрлі түрде төлеткізу заңда қарастырылған. Заңға сәйкес, алимент бала санына қарай төленеді. Бір балаға әкесі не анасының айлық табысының төрттен бірі, екі бала болса үштен бірі, ал үш және одан көп балаға – айлық табысының жартысы төленеді. Кәмелетке толмаған балаларды асырауға алимент ресми табыстың барлық түрінен ұсталады. Жұмыссыз азамат алиментті күнкөріс деңгейінің мөлшерімен төлейді. Қылмыстық кодекстің 139-бабында алимент төлеуден қасақана жалтарғаны үшін екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Десек те, келісімге келе алмай, келісім шарт жасаспаған жандар көп арамызда. Тіпті, бауыр еті баласын күтіп-бағуға қаржы бергісі келмейтіндер де жетіп артылады. Олар бұрынғы әйеліне өкпелі ме кім білсін, әйтеуір алимент төлегісі келмей, жалақысын жасырады. Бірі жұмыс істеп жүрсе де, «жұмыссызбын» деп жалтарса, бірі – жалақысының мөлшерін жасырып, жалған анықтама жасатады. Мәселен, үш баласы бар Айгүл Нұржанқызы есімді кент тұрғыны 2019 жылы ажырасқанын айтады. Соттың шешімімен балалардың әкесі тапқан табысының 50 пайызын оларға беруі керек екен.
– Бұрынғы күйеуіммен төрт жыл бұрын заңды ажырасып, алимент төлеуі керек екенін ескертілген. Алайда жүк көлігінің жүргізушісі болып, айына 300-400 мың теңге тауып жүрген ол ойламаған жерден жұмыссыз болып шыға келді. Сөйтіп, жұмыссыз ретінде анықтама өткізіпті. Осылайша төрт жылдан бері алимент төлемей отыр. Балаларымды жалғыз өзім өсіріп жатырмын. Әкелері жеке жүк көлігімен жұмыс жасап, жақсы табыс тапса да, әкелік міндетін орындаған емес. Әлбетте, ешкімге міндетім жоқ, өзімнің ішімнен шыққан балаларым ғой. Әйтсе де, әкесі де балалары үшін жауапты деп есептеймін. Осы бір жылдың ішінде өз еркімен келіп балаларына қарасқан жоқ. Тіпті, заңмен бекітіп берген алиментті де төлеуден қашып жүр, – дейді ол.
Осы тұста, Жаңақорған аудандық сотының кеңсе меңгерушісі Бибайым Нәлібаевамен тілдесіп, нақты ақпаратты білуге тырыстық.
– Ауданда ажырасу деңгейі жоғары. Жылдан-жылға отбасындағы ажырасу көбейіп барады. 2023 жылы алимент өндіруге байланысты 103 арыз түскен. Оның 97-сіне сот бұйрығы шығарылып, алимент төлеуге міндеттелген. Ал, он сегізге толғандар арасында 11 арыз түскен. Меніңше, отбасы беріктігі әйелге байланысты. Ол ана ретінде басқа түскен ауыртпалықты, отбасына келген қиындықты нәзік болмысымен, күш-қайратымен, сабырлығы және шыдамдылығымен жеңсе, жанұя бақытын сақтап қалары сөзсіз. Осы сәтте, жас аналарға, әпке, сіңілілерге жүректе сүйіспеншілікті сөндірмей, отбасы түтіні түзу шығуы үшін инабаттылық пен имандылық қажет екенін айтқым келеді, – дейді ол.
– Қазір менің өзімде 340 борышкер бар. Олaрдың 260- нан алимент өндірілуде, 50-нен өндіре алмай жүрміз, оның 30-ы өзара келісіммен төлеп жатыр. Егер алимент төлеуден бaс тaртқан жандар екі aй мерзімде қатесін түземесе әкімшілік жaзa қолдaнылaды. Бұрындары әулеттің, ауылдың ақсақалдары, жасы үлкен қариялар бұндай жағдайда істі сотқа жеткізбей, ерлі-зайыптыны ортаға алып, ақылдарын айтып, татуластырып отыратын. Қазірдің өзінде өзімізге көршілес Арал ауданында бізге қарағанда ажырасу әлдеқайда аз. Бізде 3 сот орындаушысы болса, оларда 2 сот орындаушы жұмыс жасайды. Бізде 700-ден аса борышкер болса, Аралда 200-ден аспайды. Себебі, ата-баба дәстүрін жалғастырып үлкен қариялар ортақ шешімге келтіруге тырысып, «Билер алқасы» жақсы жұмыс жасайды. Меніңше, біздің ауданымыздан да «отбасы» немесе «ана мен бала» орталығы секілді орынның болғаны маңызды. Осы мақсатта тиісті орындарға өтініш білдіріп, ұсыныс жасалу қажет. Меніңше, отбасының ұйытқысы әйелдер шыдамдылық танытып, отбасын сақтауға тырысса, мұндай келеңсіздіктер болмас едім. Өзім осы алиментпен 2017 жылдан бері айналысып келемін. Бір байқағаным, сән салондарында, кафе, мейрамханада жұмыс істейтін қыз келіншектер алиментке көп жүгінеді. Бізге өтініш тастаған әйелдердің көпшілігі бар бояуды бетіне жағып, кафеде ойнап-күліп жүретінін байқап қаламыз. Кейде борышкерлердің өзі «Мен алимент төлегеніммен, оны менің балаларыма апарып бермейді ғой. Әйелдің өзі ішіп-жеп, қыдырады» деп шағымданады. Бұл жерде ата-ана балаға жақсы тәрбие беріп, тұрмысқа шығып жатқан қызға ақылын айтып, мейлінше отбасын сақтауға жұмыс жасау керек. – дейді аудандық сот орындaушысы Нұрсәуле Дәуітқызы.
– Өзіңіз көріп отырғандай, ажырасу өте көп. Сөздің шыны керек, күн сайын бір өтініш келіп түседі десем өтірік айтпаспын. Дәл қазіргі уақытта менде 150 алимент өндіру ісі бар. Оның 50 пайызы жұмыс орнынан ұсталса, 50 пайызы төлемей жүр, – дейді ол. Ал, үшінші сот орындаушы Ақмарал Нұрғалиевамен тілдескенімізде, күн сайын алимент өндіру ісі бойынша кем дегенде 2-3 өтініштің түсетінін алға тартты.
– Дәл қазіргі уақытта осы мақсатта 274 борышкермен жұмыс жасап жатырмын. Яғни 11 миллион теңгеден аса қаржыны құрайды. Борышкерлер бала алдындағы парызын өз еркімен өтеуге құлықсыз, күштеудің, жүйелі жұмыстың арасында амал жоқ төлеп жатыр, – дейді жауапты маман.
Енді осы үш сот орындаушысынан алынған мәліметтерді жүйелесек, ауданымызда 700-ден аса борышкер бар. Оның жүзге жуығы мүлде төлеуден бас тартса, бес жүзден аса борышкердікі жұмыс орнынан ұсталынуда. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде алимент төлемеген борышкерлердің қарызы 6 миллиард теңгеден асады. Сот орындаушылардың айтуынша «көкек әкелерден» алимент өндіру қиынға соғады. Өйткені кейбір азаматтар алимент төлемеу үшін жұмыс орнын, табысын және тұрғылықты мекен-жайын жасырады. Оларға заңда қарастырылған барлық жаза түрлері қолданылып келеді. Тіпті, кейбір әкелердің берешегі миллион теңгеге дейін жеткен. Борышкерлердің көбею себебін сaлa мaмaндaры олaрдың көпшілігінің aлимент төлеуге мүмкіндігі болғaнымен, құлқы жоқтығынан дейді. Aйтa кету керек, жaлпы сот орындaушылaрының қолындa бірнеше жылдaн бері қaрызын төлемеген 10 мыңғa жуық іс тіркеуде тұр. Бaлaсының тaғдырынa aлaңдaмaйтын әкелер мен сәбиін өмірге әкеле сaлa жетімдер үйіне тaстaйтын мейірімсіз aнaлaрдың бейнесі осылай көрінуде. БҰҰ дерегіне көз жүгіртсек, Қазақстанда ерлі-зайыптының ажырасу үлесі әлемдегі «жетілікке» ілініпті. Алдымызда тек Ресей, Гуам, Молдова, Беларусь, Латвия және Украина ғана бар. Сарапшылардың есебінше, Қазақстанда әрбір сағат сайын 6 ерлі-зайыпты айырылысады. Қалай болғанда, ойрандалған отбасының артында аңыраған бала мен берешек батпағына батқан азаматтар қалатыны көңілге қаяу салады. Осы тұста тәуелсіз заңгер Дәулет Тұрабаевтың ойын білген едік.
– Қазіргі таңда алимент төлеуден қашатындар үлкен мәселеге айналып отыр. Маған кейбір ер азаматтар “Алимент төлемеудің жолы бар ма?” деген сұрақпен келеді. Ондай кезде ол азаматтарға егер ол бала сенің балаң болмаса, алимент төлемеудің жолын қарастырайын. Ең әуелі днк тапсырып, өзіңнің туған балаң ба соны анықта деймін. Ал, өзіңнің қаның болса, балаңның алдындағы жауапкершіліктен қашпа, ол сенің міндетің деп түсіндіремін. Осыдан біршама уақыт бұрын ауданда “анаға хат”, “әкеге хат” деген үлкен шаралар ұйымдастырдық. Ол жерге қатысқан жастар әке-шешенің, үлкен кісілер баланың қадірін түсініп, керемет тәрбиелік мәні бар, көпке ой салар көріністер қойылған еді. Осындай іс-шараларды жиі ұйымдастырып, абыз ақсақалдармен жиі дөңгелек үстелдер өткізіп тұру керек. Кейде таң қаламын, кейбір борышкерлер жұмыс жасамаймын, менің атымда ешқандай мүлік жоқ деп ойлайды. Сондықтан мен төлеуге міндетті емеспін деп басын ала қашатындар кездеседі. Бірақ ол бала алдындағы міндетінен ешқашан қашып құтыла алмайды. Ол баланы асырауға міндетті, – дейді.
– Статистикалық мәліметтерге қарасақ, жылдан жылға тұрмыстағы текетірестің көбейіп жатқанын байқаймыз. Отбасындағы келіспеушілік, ерлі-зайыптының арасындағы түсініспеушілік қай кезде де болған ғой. Бірақ үлкендер «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп отбасындағы мәселені сыртқа шығармайтын. Кейінгі кездері әлеуметтік желінің қолжетімділігі, ұялы телефонның салдарынан не болса соны жұртқа жариялап, қоғам арасында талқыланып жатыр. Осы уақытқа дейін қандай да бір отбасында жанжал туындаса, үйдің үлкендері ортаға түсіп, тіпті ушығып бара жатса ауыл ақсақалдары араласып, жастарға ақыл айтатын. Жастар сол ақсақалдардың сөзіне тоқтайтын, артық іске бармайтын. Бүгінгідей әлеуметтік желіге шықпақ түгілі, ауылдан шықпайтын бұндай мәселелер. Кейінгі кездері жастар бұған шыдас бермей жатыр. Жастарға айтатыным, отбасындағы мәселені сол отбасында ғана талқылап, ашуға емес, ақылға бой алдырса деймін. Біз өз тарапымыздан ауылауылдарда дөңгелек үстелдер, түрлі шаралар ұйымдастырып жатырмыз. Осы жылы біршама жұмыстар жоспарлануда. Біз бұл олқылықты мағыналы көріністер, сырласу, сұқбаттасу, тиісті мамандардың кеңесіне жүгіндіру сынды біршама істерді жүйелеп қойдық. Осы бағыттағы жұмысымыз оң нәтижесін береді деп сенеміз, – деп ойын жеткізді.
– Әрбір ата-ана балаға жауапты, перзент оларға аманат. Кішкентай балалардың нәпақасы белгілі бір жасқа жеткенге дейін әкеге жүктеледі. Нәпақаға баланың тамағы, киімі, ауырса емдетуі секілді шығындар жатады. Тіпті кәмелет жасына жетіп, оқуы немесе мүгедек болуы себепті жұмыс істеуге мүмкіндігі болмаса, әкесі баласын нәпақамен қамтамасыз етуі керек. Ал қыз баланы тұрмысқа шыққанға дейін бағып-қағады. Әкесі ажырасып кетсе де баласының алдындағы жауапкершілік пен міндеттен босамайды, – дейді.
Әсел РЗАЕВА