Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ер бағасын ел береді

Ер бағасын ел береді



Өткенді өшірмей, ұлттық құндылықтарды ұлықтап, тарихи жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманат етіп қалдыру әрбір аға буынның азаматтық парызы деуге болады. Әсіресе өлкенің өлмес мол мұрасын мирас етіп, төл перзентіне тарту ету үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан музей саласының жүгі өте ауыр. Міне, осы салада талай жылдар еңбек етіп, бүгінде ақылман аға болып, ортамызда жүрген жандардың көшінде Нәбихан Тұрсынқожаұлының есімі ерек аталады. Нағыз еңбек адамын, ардагер ағамыздың жүріп өткен жолын тағы бір таразылап, ізінен ерген інілеріне үлгі етуді жөн көрдік.
Алдымен азаматтың өміржолына қысқаша шолу жасайық. Нәбихан Шалапов 1957 жылы өмір есігін ашқан, білімі жоғары, мамандығы құрылыс инженері. 1985 жылы Гидромелиорация институтының құрылыс факультетін бітірген. Еңбек жолын 1975 жылдан көлік жүргізушісі болып бастап, 1976-1978 жылдары азаматтық әскери борышын өтеген. 1997 жылға дейін түрлі құрылыс орындарында өз мамандығы бойынша жұмыс жасап, тәжірибе жинақтады. 1987 жылы аудан орталығындағы 250 орындық балабақша ғимаратының құрылысына (қазіргі СЭС мекемесі) инженерлік басшылық жасады. 1993-1994 жылы кент орталығынан тәулігіне 240 тонна ұн шығаратын зауыттың ғимаратын тұрғызуға басшылық жасады.
«Тұрғын үй – 1990» бағдарламасы бойынша аудан жұмысшыларына 20 үйдің құрылысының негізін қалады. Осылайша аудандағы құрылыс саласына зор еңбек сіңірді. 1997 жылдың наурыз айынан бастап зейнетке шыққанға дейін Жаңақорған аудандық тарихиөлкетану музейінің директоры болып абыроймен қызмет атқарды. Аудан мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне лайықты үлес қоса білді. Еңбек еткен жылдар ішінде биік белестерді бағындыра отырып, еселі еңбегі үшін түрлі деңгейдегі марапаттарды да иеленді. Набихан Шалапов өз жұмысына үнемі жоғары жауапкершілікпен қарайды және білікті әрі ұйымдастырушы басшы екендігін көрсете білді.
Нәбихан Тұрсынқожаұлы тарихи-өлкетану музейіне қызметке келгенге дейін музей ғимаратының нақты тұрағы болмады. Әр ғимаратқа көшіп-қонумен, әбіржіңкі күй кешіп келген болатын. Ол кісі директор болғаннан бастап жар құлағы жастыққа тимей осы мәселені түбегейлі өз қолына алып, жоғарғы орындарға ұсыныстар енгізді. Нәтижесінде 9 млн теңге қаржы бөлгізіп, музейді жаңа экспозицияға көшірді. 2005 жылдың 30 маусымы күні аудан халқына қазіргі музейді ашып, ел игілігіне ұсынды. Музей жұмысы жаңа қарқынмен жүре бастады, халықтың музейге деген ынта-ықыласы артты, келушілер саны көбейді. Музейге келушілер саны 1600-ден 11906 адамға жетті, дәстүрлі түрде түрлі шаралар ұйымдастырылды, экспонаттардың саны 2650 данадан 10056 дана жәдігерге дейін жетті. Мұның бәрі білікті басшы мен келешек үшін аянбай тер төккен қызметкерлердің адал еңбегінің жемісі. Ширек ғасыр музей саласына жасаған еңбектің жемісі аудан халқының рухани сусындауына үлкен сеп болды.
Жоғарыда айтылғандай, Нәбихан Шалаповтың еткен еңбектері бағаланып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыруға және туған өлкенің тарихын зерттеуге қосқан үлесі үшін Президент ҚасымЖомарт Тоқаевтың Жарлығымен «ШАПАҒАТ» медалімен марапатталды. Қазақстан Республикасының Мәдениет және өнер, спорт министрлігінің “Құрмет Грамотасымен”, Жаңақорған ауданының 95 жылдық мерекелік медалімен, Жаңақорған аудан әкімінің “Алғыс хаттарымен” награтталды. Құрметті зейнет жасындағы ағамызға 2023 жылы «Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Ауданның төл тарихын кейінгі ұрпаққа насихаттау барысында республикамыздың түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында ғылыми мақалалары жарық көріп келеді. Осы кезге дейін республикалық «Мәдениет», «Мәдени мұра», «Әлімсақ» журналына және өзге де беделі биік басылымдарда мақалалары шығарылды.
«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық телеарнаның «Туған өлке» бағдарламасына аудандағы жалпыұлттық қасиетті және өңірлік киелі орындарға кірген нысандар жайлы материал әзірледі Туған жер тарихын, Сығанақ, Өзгент, Орданкент көне қалаларын, Қатынқамал, Аққорған, Апанқақ, Хорасан ата, Ақтас мешіті, Қарасопы, Құттықожа, Мейрамтөбе, Үкаша ата секілді киелі орындар мен рухани орталықтарды «Туған өлке» бағдарламасы арқылы тағы бір мәрте насихаттады. «Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан» деп аталатын облыстық кітап жарық көрген болатын. Осы жинаққа аудандағы 265 тарихи ескерткіштерді енгізуге атсалысты. 2016 жылы Жаңақорған ауданында сақ дәуіріне жататын обаға қаржы бөлдіртіп, аталмыш орындарға археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде «Алтын адамға» тән алтын бұйымдар табылып, музей қоры құнды жәдігерлермен толықты.
Міне, ағамыздың еңбек жолындағы ғұмырдариясы осылай өрілді. Зейнетте болса да әлі де туған өлкенің тау менен тасын, топырағын тереңірек зерделеп, келешек ұрпаққа асыл мұраларды қалдыруды көздейді. Ер бағасын ел береді деген, ағамыздың ел үшін жасап жатқан еңбегі ертеңгіге өшпес тарих.

Бақдәулет ХАЙРУЛЛАҰЛЫ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкер
06 қаңтар 2024 ж. 294 0