Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Кешегінің адамы осындай

Кешегінің адамы осындай



Төл басылымымыздың тоқсан жылдық тарихи шежіресінде газетімізде сегіз жылдай жұмыс істеп, оның ыстық-суығына бірге күйіп-тоңған Алтынбек ағамыз туралы айтпай кетсек қиянат болар еді. Өйткені ол кісі газетке жағдайдың нағыз тұралаған, кеңестік кезең күйреп, жаңа нарықтық қатынастар аяқтан нық тұрып кете алмай тұрған қысылтаяң шақта жұмысқа келген еді.
Оның тоқсан сегізінші жылдары біздің қайыр-қош айтысып, енді әрі қарай өз бетінше тірлік қылайын деп қолдан кеп тұрған кәсібімен аудан тұрғындарына сан алуан қызмет түрлерін ұсына білгені есімізде. Одан бері де ширек ғасыр уақыт зымырап өте шығыпты. Алтынбек аға екеуміз өткенде дүкен ішінде кездесіп қалып қауқылдасып жағдай сұрасып жатырмыз, сонда айтқаны, неше жылда жиналып қалған екі каптай суретті іріктеп, соның ішінде маңыздыларын бөлек алып қойдым деген еді.
«Қандай керемет, ол суреттер бізге керек» деп жата жабыстық. Экс-әріптесіміз «ауданның тарихынан көрініс беретін суреттерді редакцияға өзім барып апарып беремін» деген лебізін жұтпай екі-үш күннен соң-ақ төбе көрсетті. Кешегінің адамдары осындай, айтты ма, сөзінде тұрады. Алтекең осы желтоқсан айында алпыс жеті жасқа толады екен. Бірақ сол баяғы біз білетін елгезек, елпілдеп қалған қалпынан бір де жаңылмаған ағамыз кешегі өзі айтқан қалтаға ұқыптап салынған бір бума суретті қолымызға ұстатып, бар шаруасы сонымен біткендей кері бұрылып кетіп бара жатыр. Бұрын жұмыста жүргенде де кем сөйлейтін, істейтін ісін тап-тұйнақтай атқаруды ғана білетін Алтекеңнің мақтануға жоқ тым қарапайымдығы белгілі. Әйтсе де сәл аялдатып, әріптестік жылы лебізімізбен бөлісіп, осы бір төл кәсіібіне келу тарихын аз да болса айтып беруін өтіндік.
– Жетпісінші жылдары ауылға қыдырып келген апа-жездем іссапармен Алжирге барғанында маған деп арнайы «Фед» деген фотоаппарат сатып алған екен, соны алып кеп берді. Сегізіншіде оқып жүрген кезім. Ол кезде фотоаппарат дегенді ешкім білмейді. Ауылда бір - ақ жерде суретке түсіретін жер бар, онда да қара матаны жауып қараңғыда үш аяқты камерада суретке түсіреді. Содан бірер көргенім бар, әлгі фотоаппаратты іске қосқым келіп қараңғы жер іздеп шипонердің ішіне кіріп, дәрісін қолданам деп шашып-төгіп үйдегілерге әбден абыройсыз боп біттім. Біреуден үйрене қоятындай елде жоқ, мектепті бітіргенше әлі шетелдік аппарат санатындағы дүниені қолдана алмай қор болдым. Сөйтіп жүргенде әскерге кеттім. Елге келген соң тағы фотоаппаратымды қолыма алып, қыздарға қырындап жүргенімде орталықтағы быткомбинаттың бастығының көзіне түстім. Фотограф керек екен, мені жұмысқа алатын болды.
Намысқа тырысып білмеймін демедім, түртінектеп іздене бастадым. Әйтеуір, бір жақсы жері, үйдегідей төгіп-шаштың деп ешкім ұрыспайды, дәрі, пленка, сурет шығаруға қажет материалдарын үкімет өзі беріп тұр. Қасқайып тұрған үш аяқты камераның тілін меңгеріп, қара жамылғының астында шырт еткізіп бірде қарайтып, бірде күйдіріп, бірде тәп-тәуір қып суретті шығара бастадым. Негізінен паспортқа, партбилетке түсушілер дамыл бермейтін. Соның бәрінің үдесінен шыға білуімнің арқасында басшылықтың көзіне түсіп мақталып та жүрдім. Быткомбинаттың қарамағында штаттағы фотограф ретінде маған мекемеге қаржы түсіру талабы қойылды.
«Федті» қайта қолға алып, жобасын келтіріп алған соң санаторияны жағалап демалушыларды суретке түсіре бастайын. Суреттерін алғандар ақшасын ұсынады. Қолға ақша түскен соң жан-жақты ынта-ықылас та оянады екен. Дүкендерге де жаңа аппаратқа қажетті пленканың түрлері түсе бастады. Қол жүрді. Содан мені басшылық санаторияның тұрақты кадры санап айына жоспар бекітіп берді. Мен соны орындап мекемеге ақша құюым керек. Түскен ақшаның 12 пайызы маған жалақы ретінде берілді. Ол кезде тағы бір тәртіп, әрбір негізгі мамандық иесі шәкірт тәрбиелеуге тиісті. Мен Құдайберген деген сурет түсіруге еп-себі бар жасты жаныма алып, кәсіп қырын үйрете бастадым. Үйренді-ау дегенде оны менің қасыма жұмысқа қабылдап бұған дейінгі жоспарым айына 300 сом өткізуге тиіс болсам енді 1200 сом өткізуге жүктеме алдым. Осы тапсырылған жұмыстарды жаман атқармаған болуым керек, басшылықтан есепсіз грамота алыппын. Демалушыларды суретке түсіремін, түскен бар табысымды әкеліп бухгалтерге өткізіп, ол квитанциясын береді, соған қарай жалақы аламын. Аппарат өзімдікі, еңбек өзімдікі, табысын өзім алам деген ұғым мүлдем жоқ. Кеңестік кезеңде ешкім жұмыссыз жүрмеу керек деген принциппен мекемеге тұрақты жұмысқа алатын, ары қарай урамен кете беріппіз ғой. Бірақ жігерлі кезіміз ғой, алға жылжу бар. Тәшкеннің дүкендерін аралап сол кезде шыққан фотоаппараттың «Киев», «Зенит» деген жаңа түрін сатып алып, барынша тұтынушылардың талабынан шығу үшін кәсібімді жетілдіріп бақтым.
– Тоқсаныншы жылдардан бастап газетке фототілші болып орналастыңыз. Сол кезде де жағдайдың оңып тұрмаған кезі-ау. Суреттер солғын шықты деп кейде сөгіс арқалап қалатын кезіңіз есімде қалып қойыпты.
– Мен жұмысқа келгенде редакцияда құрал жоқ есебі, тағы да өзімнің қолымдағы алма-кезек пайдаланып жүрген үш-төрт фотоаппаратымды лаждап болсын тапсырманы орындауға келгенде жоқ демейтінбін, – деді ол.
Расында, бұл кісі жоқтан бар жасап, жұмысын жолға қойып отырды, сонда да суреттің сапасы төмен деп сын естісе оған тағы ренжімейтін еді. Кеңестік кезең адамдары не деген кең болған дейсің іштей. Қазірде бар мүмкіндікті жасап беріп қойып отырғанның өзінде міндетті жұмысын мінсіз атқаруға құлық кем, ынта төмен. Осындайларға кешегінің үлгісі үлкен сабақ-ау. Алтекең газетте жүргенде егінжайды, малшының қыстауын журналиспен бірге аралаған кездерін еске түсірді. «Газетте жұмыс істегеніме өкінбеймін, мұнда жүріп те біраз өмір көрдім. Аудан айнасында қолтаңбам қалды, - дейді ол.
Осыдан төрт жыл бұрын зейнет жасына жетіп, құжат дайындағанда жиырма төрт жылды құраған сол өткен жылдардың бейнеті алдынан шыққанын айтады өзі. «Әжептеуір зейнетақымен демалысқа шықтым. Осының барлығы кезінде санаспай еткен еңбегімнің арқасы ғой» деген тоқмейіл сенім бар жүзінде. Әкесі Кенже Жүсіпов соғыс ардагері, екінші топтағы мүгедек болып елге оралған. Бірнеше жыл аудандық тұтынушылардың тұрмыстық қажетін өтеу комбинатында бас инженер болып қызмет атқарды. Ұл-қыздарын кіршіксіз тазалыққа тәрбиелеп, адалдыққа баулыған екен, жарықтық. Алтынбек пен жары Күләш екеуі өсіріптәрбиелеген перзенттері мектепте өте жақсы оқыған үздік шәкірттер болды, бүгінде өмірден өз орнын тауып ата-ананың көз қуанышына айналып отыр.
Заманына қарай адамы деп жатады ғой. Кеңестік саясаттың құрсауынан босап кемелденудеміз, келісті қоғам құрып жатырмыз деген сенімдеміз. Бірақ ақшаға арбалған алапат аждаһа өткен кезең келбетінің анық бір артықшылығы деуге тұрарлық адам жанының мөлдір айнасын аяусыз айғыздап, бәріміздің де ынсап-пыйғылымызды бірсін-бірсін қарақан бастың мүддесіне қарай құбылтып бара жатқанын да кейде мойындауға тура келеді. Сөйтіп, бірімізге біріміз сенісе алмай, сенгенің сыртыңнан пышақ ұрып, кейде ашықтан-ашық доқ көрсетіп, көңіліңді қалдырып, қарадай қажып жүргеніңде өмірде осындай жаны таза адамдардың да бар екені кәдімгідей қуантады. Бас пайдасын күйттемейтін, елге сіңірген еңбегін міндетсінбейтін, қолынан келсе айналасына жақсылық жасауға тырысып тұратын мұндай жандардың өнегесін үлгі еткенде келер буын содан сабақ алса дейміз. Алтынбек ағамыз қолы қалт еткенде балықшылықпен де айналысып келеді. Табиғатты сүйетін, тау-тасын бағалайтын үлкен жүрек иесін өзі өмір сүрген қоғамның патриоты деп тануымызға әбден болады.

Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ
03 қаңтар 2024 ж. 285 0