№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Интернет аштығы

Интернет аштығы немесе ашар­шы­лығы бола ма? Әрине, болады. Бірақ ин­тер­неттің, одан кейін өмірге келген цифр­ландырудың алғашқы даму сатысында біз мұны пәлендей сезінбеуіміз мүмкін. Өйт­кені бұл – өркениет жетістіктеріне сәйкес туын­дайтын кеселдердің бірі.


ХХІ ғасырда осындай кеселдер қатары көбейе түсетін секілді. Технологиялық жетіс­тіктердің жаңа толқындары адамзаттың өмір сүру формасына, дағдысына үлкен өзгерістерін ұсынуда. Оның тіпті адамның өзіне деген көзқарасын да өзгерте бастағаны сезіледі. Соның бір мысалы, адамның еңбек етушіден тұтынушы қауымға қарай ауысуы болды. Өткен жылы Алакөлге барып он күн демалдық. Сонда интернет аштығын аз болса да сезіндім деп айта аламын. Тамақ тоқ, көңіл көк. Бірақ бәрібір бірдеме жетіспей тұрған секілді. Себебі онда интернет дұрыс жұмыс істемейді екен. Қаптаған демалушылардың ортасында бола отырып, өзімді сәт сайын, сағат сайын болып жататын ел мен әлем жаңалықтарынан құралақан қалғандай сезін­дім. Қазақстанның туризм тұрғысынан ең тартымды жерінің өзі әлі күнге дейін интернетпен дұрыс қамтылмауы көп жағдайдан сыр аңғартса керек. Жарайды, мұны еріккеннің ермегі дейік. Ал ауылды жерлерде өздерінің интернетке қатысты нақты жұмыс пен тіршілік мұқ­таж­дықтарын жүзеге асыра алмай отыр­ған қаншама адам бар. Бір танысымыз ауыл мектебінде мұғалім болып еңбек етеді. Ауыл мұғалімі демесеңіз, жұмысқа берілгені керемет. Сол танысымыз жоғары санатты мұ­­ғалім атағына құжаттарын тапсырып, оның барлық талабын орындаған. Бұл атақты алуына білімі мен біліктілігі, барлық жұмыс көрсеткіші сәйкес келген. Сөйтіп оған жоғары санаттағы мұғалім мәртебесі берілген. Бірақ ол атақты қуаттайтын қ­ұ­жатты алудың өзі қиын болған. Себебі ауыл­да интернет жұмыс істемейді. Интернет ауылда бір-ақ жерде, тек мектепте ғана бар екен. Сол мектепке жазғы демалыс кезінде қайта-қайта бара жүріп, жаңағы қағазға үш-төрт күннің ішінде қол жеткізген. Құжаттың кешіктірілу себебі сол мектептің өзінде де интернеттің дұрыс жұмыс істемейтіндігі болып шығыпты. БҰҰ-ның Азық-түлік қауіпсіздігі ұйы­мы бар. Бұл ұйым әлем халықтарының ара­сын­дағы ашаршылыққа түрлі зерттеулермен қатар нақты есеп те жүргізіп отырады. Оның сарапшылары «былтыр жер бетінде адамзаттың пәленше пайызы немесе саны пәленше күн аштықты сезінді» немесе «пәленше күн су тапшылығын сезінді» деп жазып қояды. Әзірге интернет аштығын есептеу қажеттігі мен мүмкіндігі мұндай деңгейге дейін жете қойған жоқ. Өйткені осы уақытқа дейін интернет қызметін дұрыс пайдаланып көрмеген адамдардың елеулі бөлігі оның аштығы болатындығын да сезіне бермейді. Өйтпеген жағдайда БҰҰ-ның аясында енді Интернет қолжетімділігі секілді ұйым құрылып, оның сарапшылары «былтыр Қазақстанда адамдардың пәленше пайызы немесе саны пәленше күн интернет аштығын сезінді» деп жазып қойған болар еді және менің өзім мен жоғарыдағы танысым сол тізімнің ішінде жүрер едік. Елімізде интернет қолжетімсіздігі проб­лемасының бар екені коронавирус кезінде айқын көрінді. Ауылдардағы мыңдаған мектеп балаларды қашықтан оқы­ту­ға мүлдем дайын болмай шықты. Адам­дар өздеріне Үкімет тағайындаған жәрдем­ақы­ларды ала алмай сарсаңға түсті. Себебі миллиондаған адамдардың өтініш­терін қабылдап, шешім шығаруға, тиісті қаражатты адамдарға жет­кізіп беруге Электронды үкімет пен банк жүйесінің өзі әзір емес екен. Міне, осы кезде елімізде қоғам дамуын жаңа сатыға көтереді деп есептелген «цифрландыру сиқырының» толық көлемінде, яғни қойылып отырған талапқа сәйкес жүзеге аспағандығы мәлім болды. Майкрософт компаниясының негізін қалаған әлемнің атақты байы Билл Гейтс «болашақта интернеттен тыс қалған адам өмірден де тыс қалады» деген сөзді осыдан ширек ғасыр бұрын айтқан болатын. Айтқаны айдай келді. Қазіргі өмірді, жұмыс пен тұрмысты интернетсіз елестету мүмкін емес. Міне, осындай сәтте интернет аштығын сезіну бірте-бірте тамақ аштығын сезінумен бірдей әсер ететіні айқын. Сондықтан еліміздің шалғайдағы елді-мекендерін кең жолақты интернетпен қам­тамасыз етудің өзектілігі уақыт өткен са­йын арта түседі. Бұл кең байтақ жері бар Қазақстан үшін қымбатқа түскенімен, адам мен қоғам игілігі жолында өзін өзі ақтайтын ауқымды жобаға айналады деп сенеміз.  
01 тамыз 2020 ж. 395 0