» » Білім саласының үздіктері марапат төрінде

Білім саласының үздіктері марапат төрінде



Жаңа жыл жаңғырудың нышаны, жақсылық атаулының ағытылар шағы. Мұны аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ камитетінің бірігіп өткізген білім саласында айрықша еңбегі сіңіп, көпке үлгі болып жүрген бір топ педагог-ұстаздарды дәріптеуге арналған «Жыл үздіктері» марапаттау шарасынан анық аңғарылды.
Білім саласында мұндай ауқымды шаралар бұрын-соңды болған емес. Тұңғыш рет өткізген шараға білім саласының ардагерлері, ұлағатты ұстаздар, жалынды жас мамандар №286 мектептің кең залына жиналды. Аудандық білім қызметкерлерінің мерейлі шарасына келген меймандар қуанышты жүзбен кірді. Білім бәсекелестігінде шынайы сыйластық орнатқан педагогтар сағынған жандай дидарласып, жаңа жылдық тілегін жеткізді. Барлығының жан тебіренісі жанарларынан сезіліп-ақ тұр, көздерінде қуаныш, кеуделерінде мақтаныш сезімі ұялап тұр.
Жаңа жылдық кешке сай биік шыршаның сәнін келтіріп жарық шамдары жарқырып тұр. Көрермен залының безендіруі көздің жауын алады. Жүздері бал-бұл жайнаған мектеп ұстаздарын аудандық білім бөлімінің басшысы Бекжан Есенбаев арнайы құттықтады.
– Қымбаттыұстаздар, жаңа жыл мерекесі құтты болсын! Биылғы қоян жылы жаңалыққа толы, табысты жыл болды. Өзім осы ауданға келгелі білім беру ұйымдарын аралап, тыныс-тіршілігімен таныстым. Бәрінің де талапқа сай жұмыс жасап, сапалы білім беруді жүйелендіргені қуантады. Білім сапасы жақсарып, жетістік еселенді. Бұл оқушылардың оқуда белсенді, алғыр, зерек болуының арқасы. Осы бағытта жұмыс жасап жатқан білікті мамандардың мерейін тасытып, мереке қарсаңында биік мінберге көтеріп, көпке үлігі етпекпін, – деп ыстық лебізін білдірді.
Осыдан кейін өз жұмысына сергек қарап, жоғары нәтиже көрсеткен бірқатар педагогтарды марапаттау үшін мінберге шақыра бастады. Марапат қатарында білікті мамандар, әдіскерлер, ұстаздар және білім саласымен тығыз қарам-қатырас орнатып, үлгілі жұмыс мәйегін көрсеткен әртүрлі салалардың мамандарын да марапаттады.
Ең маңыздысы, «Жылдың ең үздік мектебі» №286 мектеп ұжымы деп танылып, білім бөлімінің 1млн. теңгелік сертификатына ие болды. Ал, «Ең үздік балабақша» ауыспалы кубогына Жаңарық ауылындағы "Байтерек" балабақшасы ие болып, аудандық білім бөлімінің 500 мың теңгелік сертификатына ие болды.
31 желтоқсан 2023 ж. 191 0