Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ауылдарға тамаша тарту

Ауылдарға тамаша тарту

Биылғы жыл Сыр өңірі үшін табысқа толы жыл болды. Оның ішінде, Жаңақорған ауданы барлық салада көш бастап, елдің ырыс-несібесіне орай әлеуметтік мәселелердің дені оңтайлы шешілуде. Жыл соңы тағы да қуанышты жаңалықтарды сүйіншілеуде. Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған ауданына арнайы іс-сапармен келіп, бірнеше әлеуметтік нысандарды ашып, ел игілігіне тарту етті. Сондай-ақ ауылдарға көгілдір отынның берілуіне де куә болдық.
Алдымен аймақ басшысы бастаған топ Жайылма ауылында болып, табиғи газдың қосылуы сәтінің куәсі болды. Ғасыр ғаламатына балаған жобалар ауылдарға жетіп, жайылмалықтар шат-шадыман күй­де. Шалқия кенті мен Құттықожа ауылын­дағы ағайын да қатты отыннан құтылар күн жақын.
Мемлекет басшысының елді мекендерді газдандыру туралы тап­сырма­сына сәйкес Сыр елінде ауылдарды көгілдір отынмен қамту жұмысы қарқынды жүзеге асуда. Біздің ауданның өзінде бес ауылдың құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, тұрғындар тұрмысына жарата бастады. Былтыр Қыраш пен Бірлік ауылына жеткен газ биыл бес, келер жылы тағы бес ауыл­ға тартылады. Олардың тізімінде Сунақата, Сүттіқұдық, Екпінді, Қожамберді және Еңбек елді мекені бар.
Жайылмалықтардың қуанышымен бөлі­суге келген аймақ басшысы биылғы жылы атқарылған жұмыстарды саралап, межені айқындап берді. Облыстағы әлеуметтік-эко­номикалық, мәдениет, руханият және спорт саласындағы атқарылып жатқан жұмыс­тарды жүйеледі.
– 2023 жыл біздің өңір үшін жақсы жаңалықтармен қорытындыланды. Бюдже­тіміз артып, инвестиция көлемі өсті, кіріс көздері еселенді. Осының нәтижесінде қаншама әлеуметтік нысандар бой көтеріп, инфрақұрылым мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Соның ішінде газдандыру жұмысы қарқын алып, биылдың өзінде 12 ауылға көгілдір отын кіргізіліп, ел игілігіне берілді. Жалпы өңірдегі газдың берілу үлесі 70 пайызға жетті. Алла қаласа, келесі жылы тағы 12 ауылдың газын іске қосып, көрсеткішті 78 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Бүгін Жаңақорған ауданының өзінде 3 ауылдың газы берілетін болады. Бұл керемет жаңалық. Жайылма ауылының тұрғындарын, жаңақор­ған­дықтарды осы бір қуанышты сәтпен құттықтаймын, – деп аймақ басшысы жылы лебізін білдірді. Әрі осы істе еңбек етіп жүрген бірнеше азаматты “Алғыс хатпен” марапаттап, мерейлерін асырды.
Одан кейін облыстық ардагерлер кең­есінің төрағасы Серік Әбішұлы сөз алып, көпшілікті мерейлі күнмен құттықтады. Еңбек ардагері Әбдімәлік Абзалұлы ақ батасын беріп, ауыл халқының атынан алғысын айтты.
Айта кететіні, Шалқия және Құттықожа елді мекенінде ауыл­ішілік газ тарату желілерін және Жаңақорған АГТС-тен бастап жо­ғарғы қысымды таратылатын газ құбырын салу бойынша бас мердігер – «Gas Energy Construction» ЖШС. Ал, Жайылмадағы газ құрылысына жауапты бас мердігер – «Ремстрой» ЖШС жұмысын жүйелеуде.

– Шыны керек, ауылға газ келеді дегенге сенген жоқпыз. Газ құбырының құрылысы басталғанда да алаңдадық. Жыл соңында беріледі деген хабарды естіп, үйге кіргізуді жөн көрдік. Енді міне, бірінші болып қосып, қуанышымыз қойнымызға сыймай жатыр. Иә, Жаңақорғанға газ келді дегенде біз де армандаушы едік, сегіз жыл да көзді ашып-жұмғанша өте шығыпты. Мүмкіндік болса, келіп тұрған газды қосып алғанға не жетсін, қаражат жағынан да, уақыт жағынан да ұтамыз. Сондықтан, облыс әкіміне, аудан басшылары мен құрылыс жүргізген барша азаматтарға үлкен алғыс айтамыз, – деді көп балалы ана Орынкүл Юсупова.
Одан кейін, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Өзгенттегі клуб үйінің лентасын қию рәсіміне қатысып, ауылдағы ағайынның қуанышымен бөлісті. 150 орындық мәдениет үйінің бас мердігері – «SCS Инженеринг» ЖШС. Құрылысы толық бітіп, өнер ұжымына пайдалануға берілді. Бұл клуб үйі биылғы жылы аудан бойынша пайдалануға берілген екінші ғимарат. Бұған дейін Жайылмада жаңа нысанды өңір басшысы өзі келіп, кілтін табыстаған болатын.

– Биыл мәдениет және спорт саласында да жасалынып жатқан игіліктер аз емес. Жаңадан ғи­мараттар бой көтеріп, жастарға барынша қолдау көрсетіліп келеді. Биыл 11 спорт кешені салынса, мәдениет ошақтары да іргесін көтерді. Жаңақорған ауданында 2 клуб үйі биыл берілсе, келер жылға тағы да ауылдарға салу жоспарлануда. Бұл жұмыстар “Ауыл - ел бесігі” жобасы аясында жүзеге асырылады. Бұл киелі шаңырақтан қазақтың өнерін өрге сүйрейтін, мәдениетін танытатын өрендер шығады деген сенімдеміз. “Ауыл іші – өнер кеніші” дегендей, ауыл балаларының болашағы үшін барлық мүмкіндікті жасауға тырысамыз. Сондықтан барша өнер ұжымын, ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтаймын! – деп Нұрлыбек Нәлібаев ізгі тілегін білдіріп, клубтың құрылыс жұмысы­на белсенділік танытқан бірнеше азаматты марапаттады.
Өзгент ауылдық округінің арда­герлер кеңесінің мүшесі Құдайбер­ген Базарбаев көптің атынан ризашылығын білдіріп, батасын берді. Ары қарай клубтың лентасы қиылып, келген қонақтар ішін аралап, жаңа ғимаратпен танысты.
Сапар бағыты Қаратөбеге жал­ғасты. Жалпы соңғы жылдары денсаулық сақтау саласына құйыл­ған инвестиция көлемі артты. Саланы жақсарту мақсатында соң­ғы жылдары жаңа реформалар іске асуда. Республикамыздың түк­пір-түкпірінде соңғы үлгідегі озық технологиялармен жабдықталған денсаулық сақтау нысандары жаңа­­дан бой көтеруде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алғашқы жәрдем адам­дарға ба­рынша жақындатылуы тиіс. Сапалы медициналық қызмет азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан бәріне бірдей қолжетімді болуы керек», – деп атап өткен болатын. Бүгін пайдалануға берілгелі тұрған жаңа дәрігерлік амбулатория осының айғағы.
– Облыс бойынша денсаулық сақтау саласында көп жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, ауылдарға амбулаториялар салу қарқын алды. Жыл соңына дейін тағы да бірне­ше ауылдан бүгінгідей дәрігерлік бекет ашу жоспарда бар. Бұлар соңғы үлгідегі типте салынады. Әрбірінің құны 400 млн-нан асып жығылады. Бұл бір ауыл үшін үлкен жоба. Қаратөбеде ашылатын амбулатория дәл сондай үлгіде. Сондай-ақ, облыс орталығында құны 36 млрд 500 млн теңге тұратын көпсалалы, көпбейінді аурухананың құрылысы жүргізілуде. “Ана мен бала” орталығы салынады, басқа да жобалар бар. Мұның барлығы ел­дің ертеңі, денсаулығының тұрақты кепілінің негізі. Бүгінгі жаңа ғима­рат ел игілігіне қызмет ете берсін, – деп облыс әкімі құрылыста белсен­ді болғандарды арнайы марапаттап, еңбектерін бағалады.
Еңбек ардагері Қонысбек Ыс­қақұлы барлық ауыл тұрғындарын құттықтап, қол жайып, бата берді. “Ел көркейіп, қоғам дамып, енді міне медецина саласы да жағырып бастады. Әрине, ауылдағы ағайын­ның қуанышында шек жоқ. Қазақта “Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде” демей ме. Жаңа орта­лық­та алғашқы көмек, алдын алу шараларын алатын болдық, болашақ, өскелең перзенттердің денсаулығына алаңдайтын едік. Құдай қаласа, жаңа нысан елдің денсаулығы жолында қызмет жасай берсін, ақ халатты жандардың еңбек ете берсін” – деп қария көптің тілеуін түйіндеді.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
26 желтоқсан 2023 ж. 269 0