Ауылдағы ағайын газ күтуде
Ғасыр жобасына баланған газдандыру жүйесі Жаңақорған ауданына 2015 жылы келді. «Қызылорда облысының 5 елді мекенін газдандыру» инвестициялық жобасы аясында жүргізілген алғашқы аудандардың біріміз. Ауданның қазіргі таңда газдандыру үлесі халық санына шаққанда 38 пайызды, елді мекендер бойынша 2,86 пайызды құрайды. Жалпақ тілмен айтқанда, аудан орталығындағы тұрғындардың 95 пайызға жуығы көгілдір отынның игілігін көруде.
– 2021 жылы аудандағы 7 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында ЖСҚ әзірлеу үшін тиісті бюджеттен қаржы қаралып жұмыстар атқарылды. Қазіргі таңда, Жайылма, Шалқия, Құттықожа, Кейден елді мекендері бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жобаны қаржыландыруға облыстық, республикалық бюджеттік өтінім жолданды.
Сонымен қатар, «Бірлік (және Қыраш) елді мекенінде ауылішілік газ тарату желілерін және Жаңақорған АГТС-тен бастап жоғарғы қысымды таратылатын газ құбырын салу» нысанының жұмыс жобасы бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, жеңімпаз мердігер мекеме анықталды. Мердігер мекеме ағымдағы жылы тиісті жұмыстарды жүргізетін болады, – деді Қайрат Әбдірахманұлы.
Иә, қуанышты жаңалық, енді елді мекендер де қатты отынның тапшылығынан құтылып, заман талабына сай тіршілік бастайды. Біріншіден, уақыт үнемдейді, екіншіден, шығыны аз және күл-қоқыс шығарып жатудың да қажеті жоқ. Бұны кент тұрғындары жақсы біледі. Аудан әкімі Елорда төрінен арнайы іс-сапармен келген министрлік өкілдеріне осы мәселені бірінші қоюда. Қаржысы шешілсе, екі жылдың ішінде жоғарыда аталған 6 ауыл газ құбырына қол жеткізе алады.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ