Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Доқтыр келін

Биыл тұп-тура қырық жыл болыпты. Жетпіс төртінші жылдары Қызылорда медучилищесінің фельдшерлік мамандығын тәмамдаған дипломды бойжеткенді Жаңарық елді мекеніне, сол кездегі Задария кеңшарына келін етіп түсірген жігітке ауылда алғыс айтпаған адам қалмады. Өйткені бұл ауыл дәрігерге зәру болып отыр еді.
Үш жүздей түтін саны, екі мыңнан астам халқы бар ауылдағы медпунктке жетпіс төрттің екінші сәуірінен бастап фельдшер етіп бекіткен бас дәрігер Егенберді Әмитовтың бұйрығымен жас маман тұңғыш жұмысқа келген күні еді, тұмауратқан сәбилерін құшақтаған оншақты ананың ортасында акушерка Қалдығыз апайы жалғыз өзі ем-домын жасап жатыр екен. Кідірмей көзін білетін кәсіптің хикметін жан-дүниесінен өткізген құштар пейілмен міндетті ісін мінсіз атқаруға кірісіп кетті.
Бұл келіннің өзі мінезі сондай болып шықты, тіл де жоқ, үн де жоқ. Бірақ міндетіне адал, уәдеге берік, нәп-нәзік бола тұра ісі де, сөзі де нық. Есімі Нысанкүл.


Ол Сүттіқұдық аулында 1953 жылы майдан жауынгерінің отбасында дүниеге келді. Өміржан, Өміркүл атты ұлы мен қызын көріп барып соғыс­қа аттанған әкелері Дәуітбек елге есен-сау ора­лып, жан жары Рахия екеуі тағы төрт перзентті дүниеге әкелген, төртеуі де жастай шетінеп кетіпті. Олардың соңынан көрген перзенті – осы қыздары іштен кіндігі кесіліп туыпты. Назарымбет молданы шақыртып құлағына азан айттырғанда ол кісі «іштен кіндігі кесіліп туылу бұл Құдайдың кереметі, мыңның бірінде кездесетін жағдай, нысаналы болып туған сәби екен, есімі Нысанкүл болсын» деп есімін де өзі қойған екен.
Бала кезінен мұның бойындағы ерекшелігін аңдай алған мектепте орыс тілінен сабақ беретін Өмірәлі ағасы «Сен дәрігер боласың, ерекше мейірімің, нәзік болмысың соған келеді» деп көтермелеп қоятын, ал өзіне келсе емші болу ойда бар ма, жақ па, тіпті тірі доқтырды әлі көрмеген кезі. Бір күні ауыр сырқаттанып, аудан орталығындағы ауруханаға түскен анасына келген еді. Екі қабатты ғимараттың есігінен енгенде аурухананың кең дәлізінде көбелектей қалықтап аяқ ұшымен жүрген ақ халатты жандарды көргенде аузы ашылып, анасына алып барған ас-ауқаты да естен шығып, аңырап тұра беріпті. Сол сәттен бастап жұдырықтай жүректе дәрігер болсам деген тілектің ұшқыны берік орнығып алды.
Тағдырдың жазуы, тұңғыш еңбек жолын бастаған Жаңарық ауылдық емханасында қырық жыл абыройлы қызмет атқарыпты. Осы жылдар бедерінде бұл бас сұғып, хал-күй сұраспаған, жағдайын біліп, жанына дәру болмаған бір жанұя қалды ма екен бұл Жаңарықта?
Кісіге ең бірінші қу жаны артық. Кеселің жанына батып ауырғанда ең жақыныңның да қылар қайраны жоқ. Осындайда күнің қарап, жаныңды алып қалардай болар дәрігерден артық кім бар?
Ол кезде жедел жәрдем көлігі қайда, аязға да, жаңбырға да қарамай, жаяу-жалпы қарға омбығып, лайға батып науқасқа бару да оңай емес еді. Бірақ осы қиындықтың барлығының орнын толтырып бойына күш-қуат құятын жастық жалын ба, елдің ықыласы ма, әйтеуір шаршау-шалдығуды білмепті. Тіпті өзі бөбектерін өмірге әкелгенде орнына адам болмағандықтан декреттік демалысқа да шықпаған екен. Онысын бүгін еске алса не өкінеріне, не өкінбесіне ақылы жетпейді. Бір білетіні, осы жылдар ішінде алтын бесікке кіндігі байланып, ауылдағы әр отбасына туғанынан бетер жанашыр болып кеткені. Көңілге медет ететіні осы.
Бұл құрметке бір күнде қол жеткізген жоқ. Бұл сан жылдар төккен маңдай тердің жемісі. Елдің көңілінен шыға білгенінің нәтижесі еді.
Бұған бірер мысал келтірейік. Бірде ша­руашылықта есепші болып істейтін көкелері қатты науқастанды. Ол кісіге өзі келіп укол егіп тұруға міндеттенген, әсіресе таңғы бесте келіп салатыны қиын тисе де, жиырма күн бойы сыр бермей атқарып шықты. Қатты риза болған көкесі «Қарағым, еңбегің кісіден қайтпауы мүмкін, бірақ Жаңарықтың қара топырағы біліп тұр, сенің ізің түспеген көше, кірмеген үйің жоқ, баршамыздың бата-тілегіміз өміріңді ұзартып, жақсылығы ұрпағыңның алдынан шыға берсін» деп шынайы алғысын жаудырған.
Тағы да мына бір оқиға есінен кетпейді. Бұлардың ауылынан әрі жеті шақырымдай жерде «Балапантөбе» деген мекенде бір ғана шопан отбасы тұрады екен. Сол үйдің жас баласы медпунктке ентігіп жетіп, анасының нашарлап жатқанын айтады. Қолына керек-жарағын ілген Нысанкүл бұрын барып көрмеген, сорайған мұнараның басы көрініп тұрған бағытты бетке алып жаяулатып тартып келеді. Екі сағаттан аса уақытта діттеген жеріне келді. Келсе, үй ішінде үш-төрт бала жүр, отағасы мал бағып кеткен екен. Жүкті анадан қан кетіп ес-түссіз жатыр. Келе қан қысымын өлшеп, тамырға дәрі жібере бастады. Екі сағаттай системада жатқан науқасқа әл кіріп көзін ашты. Ептеп маңдайы жіпсіп, тілге келді. Не керек, сол үйде жарты күн отырып, ана өмірін ажалдан арашалап қалды.
Нысанкүлдің бір қасиеті, біреу қатты нау­қастанып жатыр дегенді естісе, үйде тағат тауып отыра алмайтыны. Қайткенде сол жанға көмектесіп, ажалға араша қыларлық бір қарекет жасауы керек. Мына мысал соның дәлеліндей. Екі мыңыншы жылдар болуы керек, аудандық ауруханадан «енді істейтін амал қалған жоқ, екі-үш сағаттық қана өмірі қалды, алып кетіңіздер» деген соң үйге шығарылған ел ағасының жағдайын естіген бойда сол кісінің үйіне жеткен. Үй егелері үмітін шынымен үзген бе, қарияны кереуетте жалғыз қалдырыпты. «Екі-үш күн ғана бұрын сап-сау жүрген ағайының мына халіне сенгісі жоқ. Қандай кісі еді бұл кісі, өзін жиып қойып елдің қамымен жаны жай таппай жүретін ол алдын­да ғана аудан бас дәрігеріне кіріп, бұлардың жалақысын көтеріп берген. «Рұқсат болса, атаны қарап көрейінші» деп қан қысымын өлшеп еді, қатты түсіп кеткен, тастай мұз боп жатыр екен. «Апа, неше жыл бірге отасқан жарыңыз емес пе, неге жайбарақат отырсыз, қане, аяғын спиртпен уқалаңыз» деді де өзі бөтелкеге ыстық су алдырып жан-жағына қойдырды. Әлден соң тіл астына дәрі салдырып, жанынан бір елі ұзамай, іштей білген дұғасын қайталаумен болды. «Мына шалдың денесі жылып келеді» деген кейуананың сөзін тірілтіп, кірпігін қимылдатқан отағасы тілге келіп, жанында отырған ауыл дәрігерін де жазбай таныды. Бірте-бірте есін жинап, «Қане, қолымнан тарт» деді бір кезде кемпіріне, немерелері арқасына төрт-бес жастықты сүйеп, ыстық шай ұрттап маңдайы жіпсіді.
Өзі бір үйдің келіні, тырнағына ілініп отырған әрең отырған Нысанкүл уһ деп көңілін демдеп үйге қайтқан. Түсіне осы қария еніпті. Өңі қуанышты, бұлардың медпунктіне бес түп шынар әкеліп егіп жатыр. Мәнісін кейін білді ғой, екі-үш күнде сауығып тұрып кеткен ата тағы бес жыл өмір сүрді.
Бірде талқаны таусылды деп ауруханадан шығарып жіберген бөбектің жағдайын естіп, көмекке құстай ұшып жетті. Бетіне ақ шүберегін жауып, бір шетке қойған баланы жатқан жерінен көтеріп алып, анасын ертіп, сыртқа шығып еді, ауылда көлік табыла ма, көрші үйге тоқтап тұрған автолавканың иесіне «Бізді ауыл шетіндегі емші апаның үйіне жеткізіп тасташы» деуге әрең шамасы келді. Шіркін, жарық дүние тәтті-ау, өледі деген алты айлық бала кіп-кішкентай жұдырығымен мұның саусағын қысып алыпты. Бұлар ауладан енгеннен келгенін сезіп, асығыс сыртқа шыққан ақ жаулықты апа «үш күннен бері ұйықтатпай мені әбден қинаған осы бала екен ғой» деп дереу бүлдіршінді етегіне орап алды. Балаға қатты көз тигенін, сол екі өкпеге қадалып тұрғанын айтқан тәуіп апаның таңғажайып емінен соң баланың беті бері қарады. Медик бола тұра сол кезде тылсым дерт пен ем-домның касиетіне бас иген Нысанкүл өзін де қолды-аяққа тұрғызбай ажалмен айқасқа айдап барған күштің кереметіне бас иді. Сол сәби өсіп-жетіліп, өмірге ұрпағы келді. Тағы бір ақ кебінге оранғалы жатқан Балжан атты жас сәбидің ажалына қарсы тұрып, ем-домын жасап алып қалған хикаяға да қанық болдық, ол қыздың жасы қазір жиырманың жетеуінде. Мұны көрсе құшақтап, мәре-сәре болып қалады екен.

ҚАЙДАСЫҢ СЕН, АЙЗАДА?

Адам саулығы қызметінде қым-қуыт, бір күні бір күнінен қарбалас жұмыста жүріп талай оқиға бастан өтті ғой. Енді бүгінгі күні сол өткен күндер елесі үзік-үзік ойға оралып, жан тыныштығын ұрлап, санасы санға, ойы онға бөлінетіні бар. Соның ішінде мына көрініс көз алдынан кеткен емес.
Сексеніншы жылдардың кезі. Түгіскен ауылы мен аудан орталығына қатынайтын автобусқа отырған жүкті ана жолда толғақ қысып, Жаңа­рық ауылының тұсына келгенде көліктен жалғыз түсіп қалады. Ауыл шетіндегі үйге әрең ілігіп, есіктен ене босанып қалған әйелдің нәрестесі­нің кіндігін кемпір кісі кесіп, аман-сау тудырып алғанымен жолдасын алуды білмей сол жерде қансырап жатып қалады. Ауданға хабар беріп дәрігерлер жетем дегенше әйел үзіліп кетіпті. Жаңарықтың өзіндегі Нысанкүлге хабар кеш тиіп, көмекке жылдам жеткенімен ауданнан дәрігер де, милиция да келіп қойған екен. Есік алдында есінен айрылғандай аңырап тұрған еңгезердей кісіні көрді. Сол кездегі аудандағы бас гинеколог-дәрігер Мәрия Жұмағалиева оған «Мына сәбиді не қыласың, баға аласың ба?» дегенінде ол: «Жоқ, үйімде он балам бар, кішкентайым бірден енді асқан. Мұны ала алмаймын» деді. Дәрігер баланы орап алып өзімен алып кететін болды.
Күндер зулап өтіп жатты. Нысанкүл ауыл емханасына зат әкелетін болып облысқа баратын болды. Омырауында емізулі он бір айлық сәбиі бар, оны тастай алмайтын болған соң баланы көтеруге күйеуі де бірге ере шығатын болды. Облыс орталығына бару үшін 86-шы пойызға мініп, қалаға түнделетіп жетті. Вокзалдың ішіне кіріп, өзі күту залында қалып күйеуі сыртқа такси әкелуге кеткен. Байқады, қарсы орындықта шырылдап жылап жатқан құндақта­ғы баланың жанына ешкім келер емес. Тіпті болмаған соң шыдамай кетіп жанына келген күйеуіне қолындағы баласын ұстатқан Нысанкүл шырылдап жылаған сәбиді бауырына алып аузына емшегін салды. Әлден соң жанына жақындай келе бұған бақырайып қарап қалған баяғы түгіскендік кісіні көрді. Өткендегі бақилық болған әйелдің күйеуі ғой, үш айға дейін перзентхана бағып берген сәбиді одан әрі ұстауға рұқсат жоқ, облысқа балалар үйіне табыстауға қолына беріпті. Түн ішінде барар жері де жоқ екен, әбден сасып тұрған жағдайын жақсы білді. Құдасының үйіне қонуға беттеген бұлар өздерімен бірге бұл кісіні де ала кетті. Барған үйдің отанасының мамандығы медбике еді, жай-жағдайды білген соң дереу іске кірісіп кішкентай бөбектің қарнын тойдырып, шомылдырып, маймен сылап бесікке бөлеп тастады. Ертесі егістігін тастап келген шаруа адамын жолдан қалдырмайық деп үй иелері баланы арнаулы мекемеге өздері апарып тапсыратын болған. Мұның содан кейінгі жағдайдан хабары жоқ. Есінде қалғаны, әкесі бөбегінің есімін Айзада деген болатын. Бишара қыздың тағдыры одан кейін не болды, қазір қайда, әкесі, бауырлары қатысып тұра ма, бірін де білмейді. Одан бері неше жылдар өтті. Әлгі ер кісінің де есімін сұрап қалмаған екен. Енді мүлдем бейхабар, анда-санда есіне алып, жалқы сәт болса да жан жылуын төгіп, ақ сүтін емізген жұпар иісті сәби есіне түскенде жүрегі бүлк етеді. Бейкүнә елес көңілін езіп, қатал тағдыр талқысына тарығып тастай қатқан құсалы кеуденің мұң-наласына құлақ түріп, маңдайынан сипап жұбатқысы келеді. Бірақ ол жанды қайдан іздеп табар?
2009 жылы 58 жасында зейнеттік демалысқа шыққан Нысанкүл Дәуітбекқызы табиғатында бар шипагерлік қасиетін қара тұтып қазірге дейін халықтан ажырап қалған жері жоқ. Науқастарды қарап, ем-дом жасаудан бас тартпайды екен.
Кешегі кезеңде Құдайға сенбейтін заман болды ғой, құлшылыққа ден қойып, намазға бас қояр ма еді, қоймас па еді, қырық жасында әкесінің шаңырағына қыдырып барып, қонып жатқан түннің таңында әкесі түсіне еніп, баяғы өздері көрген көк шибарқыт жайнамазын мұның алдына жайып, «Нысанкүл, тұр, намаз оқы» деген екен, өңіндегідей алдына түсіп, құран сүрелері бір сәтте жатталып тіліне оралып сәждеге тұрыпты. Содан бері құлшылығын бір сәт үзбепті. Тіпті талай дерттіге шипаны осыдан таптым дегенге өзі нық сенімді.

ТҮЙІН: Бір кездері ауылға аяғы құт болып келген фельдшер келін бүгінде әулеттің анасы атанған. Ата-ана үмітін ақтаған перзентте­рі көктеп-көгеріп, есен-сау өсіп-өніп жатыр. Бейнетпен келген бақыт деген осы шығар, ауылдың үлкен-кішісі алдынан кесе өтпейді. Кісіге мұнан артық құрмет бар ма?
Кезінде саланың мақтау-мадақтау грамо­таларын иеленді, суреті Құрмет тақтасына ілінді. Одан артықты дәметпеді де. Жалпы, орта буын медицина қызметкерлерінің еңбегі ерекше еленіп, бұдан жоғары атаққа ұсыныла бермейді ғой. Бірақ Нысанкүл Дәуітбекқызы үшін орден-медальдан бұрын ел-жұртының ықыласы айрықша қымбат. Ауылымыз өркендеп, жастарымыз желкілдеп жетіліп келеді. Солардың жүзін мұң шалмаса екен дейді. Ел ішінде қатары селдіреп қалған аға-апалар аман жүрсе екен деп тілейді. Өзін «доқтыр келін» деп еркелететін сол кісілер тірі тұрғанда көңіл шіркін қайғы ойлап, қартаяр ма? Жасы жетпіске келсе де жас келіндей сызылып, бізбен жылы қоштасып, жұмсақ жымиып қала берген дәрігер апаның ауылынан біз осындай ой түйіп аттандық.

Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ
09 желтоқсан 2023 ж. 607 0