Арайлы алтын күз
Әр жыл мезгілінің өз ерекшелігі бар. Оның ішінде күз адам баласына молшылық, береке әкелетін мезгіл. Сары алтындай сары күз себет толы жемісін, қамба толы егінін сыйлайды. Сондықтан да адамдар күзді - берекелі күз, алтын күз деп баға береді. Осы орайда кент орталығындағы «Нұрдәулет-С» балабақшасында «Арайлы алтын күз» атты ертеңгілік болып өтті.
Күз мерекесіне балалар үлкен дайындықпен келіпті. Кейбірі ән салып, би билесе, енді біреулері жеміс-жидектер туралы мақал-мәтелдер айтып, өлеңдер оқып, мерекенің мазмұнын аша түсті.
Кішкентай бүлдіршіндердің өнеріне ата-аналар қауымы тәнті болды. Күз мезгілін әнге қосып, көрініске арқау еткен мектепке дейінгі тәрбие орталығының тәрбиеленушілері күз маусымын дәріптеді. Балалар күз, отан туралы ойындар ойнап, ән шырқады. Әр үйдің дастарханын әнге, қойманы дәнге толтыратын алтын күз табиғаттың ең берекелі мезгілі. Молшылықтың бастауы, сары ала жапырақтардың сардаланың әсем кейпін келтіретін кезі, күннің қысқарып, түннің ұзаруы осындай жарқын шақтарды тамашалау баланы табиғатты сүюге баулиды. Әуелете ән салып, би билеп кеш керемет көңіл күйде өрбіді. Осылайша өз өнерлерін ортаға салған бүлдіршіндер тәлімгерлерімен бірге жиналған көпшілікке қуаныш сыйлады. Бүлдіршіндерге табиғаттың күз мезгіліндегі өзгерістері жайлы түсіндіріп, берекелі мезгіл екенін айтумен қатар еңбекқорлыққа тәрбиелеп, ойлау қабілетін дамытуды мақсат еттік. Балабақша тәрбиеленушілері «Таныстыру», «Театр әлеміне саяхат», «Өз өнері», «Күзгі сән үлгісі» кезеңдері бойынша бақтарын сынады.
Мереке аясында бөбекжай меңгерушісі Баян Божбанбаева бүлдіршіндерге сәттілік тіледі.
– Тәуелсіз елімізде келешек ұрпақты тәрбиелеу мәселесі өзекті. Балабақшада балғындардың жан-жақты дамып, тұлға болып қалыптасуына барлық жағдай жасауға жұмыс жасап келеміз. Білімнің бастауы балабақшадан басталады. Бала көпшіл болуды үйренеді. Ән айтып, би билейді. Тақпақтар жаттап, мерекелік кештерге қатысады. Басқа да шығармашылық жұмыстармен айналысады. Бұның барлығы жас шыбықтың жан-жақты жетілуіне жағдай жасайды. Балалар деңгейіндегі жарыстардың барлығына дерлік қатысуға күш саламыз. Ұл-қызын тапсырған ата-ананың сенімінен шығып, үкілеген үмітін ақтау біздің міндетіміз. Балабақшада қандай да бір байқау, сайыс болмасын үнемі жоғары дәрежеде өтеді. Әрине мұның бәрі білікті, білімді мамандардың еткен еңбегінің жемісі, – деді балабақша меңгерушісі.
Кішкентайлардың арасында қызықты бағытта өрбіген шарада бақша тәрбиеленушілері түрлі номинациясымен марапатталды.
Мақпал Дюсебаева