№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » МАЛШЫЛАР СЛЕТІ: ЕҢБЕК ТОЙЫ – ЫРЫСТЫҢ БАСТАУЫ

МАЛШЫЛАР СЛЕТІ: ЕҢБЕК ТОЙЫ – ЫРЫСТЫҢ БАСТАУЫ


Ата кәсіпті қолға алып, төрт түлікті түлетіп отырған малшылар қауымы биыл төртінші рет Қаратау бөктерінде бас қосты. Сыр еңбеккерлерімен қатар көрші облыстардың шаруашылық иелері қатысқан жиында малдың бабын жасайтын малшылар марапатталып, еңбектеріне құрмет көрсетілді.
Мәліметтерге қарағанда, облыстағы сиырдың 20 пайызы, қой мен ешкінің 35 пайызы, жылқының 12,5 пайызы біздің ауданда. Малдың басы берекелі болған 1993 жылдан екі есе өсті. Мұндай нәтижеге жетуде ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемінің артуы септігін тигізді. Мәселен, соңғы 5 жылда облыста ауылшаруашылық саласына тартылған инвестиция 23 есеге артты.
Бүгінде жаңақорғандықтар өнімділігі жоғары асыл тұқымды мал шаруашылығына басымдық бере бастады. Мәселен, 4,5 мың асыл тұқымды ірі қара, 36 мың қой сатып алынды. Енді малдың өнімін өндіру мәселесін шешу қажет-ақ. Ол үшін жылына 23 мың бас мүйізді ірі қара малын бордақылайтын алаң салынды. Заманауи жабдықтармен қамтылған мал сою және сүт қабылдау пункті жұмысын бастады. Бұл бастамасы ғана...
Енді жеткен жетістіктерді арттыру үшін тәжірибе алмасып, озық үлгілерді өзімізге енгізіп отыру маңызды. Малшылар слеті осы тұрғыдан алғанда, таптырмайтын жоба.
Қаратау қойнауындағы «Үсен» бауында өткен дүбірлі тойға Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің басшылары, елге белгілі ғалымдар мен селекционерлер қатысты. Сондай-ақ, шаруа қожалық басшылары мен шопандар, жылқышылар мен түйекештер жиналды.
Жылдағы дәстүрмен жергілікті тауар өндірушілер өнімдері, ветеринарлық техника мен құрал-жабдықтарының көрмесі ұйымдастырылды. Онда асыл тұқымды төрт түлік пен табиғи өнім өндірушілер көпшілікке тауарларын таныстырды.
Асыға күткен тойдың салтанатты шарасында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев алғы сөз сөйлеп, малшы қауымды дәстүрлі тоймен құттықтады.
– Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі зор екенін атап, еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайту керектігін тапсырды. Бұл межелі жоспар Сыр өңірінде жүйелі жолға қойылып келеді. Дәстүрге айналған малшылар слетінің негізгі мақсаты да – төрт түліктің жаңа замандағы алар орны жайлы ой салу. Осы кәсіпті кеңейтіп, оны дамытудың жолдары туралы пікір алмасу, – деді аймақ басшысы.
Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет тарапынан мал шаруашылығын дамыту үшін қыруар қосымша шаралар қарастырылып жатқандығын өңір басшысы атап өтті. Әрі, жыл сайын облыстық малшылар слетіне басқа өңірлерден қатысушылардың саны артып келе жатқанын ескере отырып, Үкіметке, Ауыл шаруашылығы министрлігіне келер жылы Сыр өңірінде «І малшылар республикалық слетін» өткізуді ұсынды.
– Облыста мал шаруашылығын дамыту­дың кластерлік негізі қалыптастырылуда. Осы шаралар толық орындалғанда 2019 жылы мал шаруашылығының дамуы өсіп, ет өндірісі – 17, сүт өндірісі – 7, жұмыртқа – 65 , құс етін өндіру 69,9 есеге артады деп күтілуде. Айта кету қажет, облыс тарихында алғаш рет ауыл шаруашылығы өнімдерін тарату нарығына маркетингтік зерттеулер жүргізіп, облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2020 жылға дейінгі «Агрокартасы» қабылданды. Жоспарға сай 2022 жылға дейін облыста ет өндірісін 13 мың тоннаға, сүт өндірісін 68 мың тоннаға ұлғайту және 2021 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 5 есеге дейін арттыруға тиіспіз, – деді облыс әкімі.
Өңірдің географиялық жағынан тиімді орналасуы Қытай, Орталық Азия, Ресей, Еуропа мемлекеттеріне өнімдерімізді экспорттауға өте қолайлы. «Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» темір жолы Иран және Парсы шығанағындағы елдермен сауда-саттық жасаудың жолы болды. Ал, буферлік аймақтан шығуымыз, өткен жылдың өзінде Иран, Монғолия, Біріккен Араб Әмірлігіне 2,3 мың бас тірілей қозыны етке өткізу мақсатында экспорттауға мүмкіндік берді. Қазір Иран, Қытай, Монғолия, Еуропа, Ресей елдері Қазақстанда өндірілетін табиғи өнімдерге үлкен қызығушылық танытып, агросекторға инвестиция салуға, өндірілген ауылшаруашылық өнімдерді сатып алуға дайын екендігін білдіруде.
Одан кейін мал шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген үздіктер марапат биігінен көрінді. Оның ішінде, Жаңақорғаннан алты қожалық егесі тиісті марапатын алды. Атап айтқанда, Машар Шайыков Ауыл шаруашылығы министрлігінің ведомстволық «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. «Миялы» кооперативінің төрағасы Абдулла Әбсаттаров «Үздік ет бағытындағы ауылшаруашылық кооперативі» номина­циясымен, Серік Мырзабаев «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, «Құрмет грамотасы» Әлмахан Мырзабаев пен Құлмағанбет Исахановқа тапсырылды. «Үздік бақташы» номинациясы Бауыржан Әбдіқожаев пен «Үздік жылқышы» номинациясы Қалжан Байымбетовке берілді. Сыр елінің еңбекші қауымын құттықтай келген Ауыл шаруашылығы министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті басшысы Ермек Абуов және Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Әбубәкір Сүлейменов үздіктерді марапаттады.
«Ақбұлақ-Б» ауыл шараушылығы кооперативінің төрағасы Ерлан Ерханов:
– Былтыр мамыр айында Өзгентте 21 шаруа бірігіп «Ақбұлақ» кооперативін құрған болатынбыз. 196 мүйізді ірі сатып алып, сүт бағытында жұмыстарды ірілендіріп жатырмыз. Алған несиенің 16 миллионына сүт өндіретін аппараттар сатып алдық. Алдағы уақытта сүт тасымалдайтын көлік аламыз. Осындай тынымсыз еңбек еселеніп, марапатталып жатырмын, өте қуаныштымын, – деді «Үздік сүт бағытындағы ауылшаруашылығы кооперативі» номинациясының егесі.
Мерекелік кеш өнерпаздардың гала концертімен жалғасты. Одан кейін бозкілем төріне балуандар көтерілді. Иә, қазақ өзінің ұлттық ойынын ұмытпаған халық. Бүгінгі дәстүрлі дүбірде ұлттық ойындар қайта жаңғырды.
Аламан көркін қыздырған апайтөстер жүлде жолында барын салды. Нөсерлетіп жауған жаңбырдың қолайсыздығына қарамаған жанкүйерлердің қолдауы балуандарға дем берді. Қиқулап қолдау көрсеткен көрермендердің үмітін қос төменарықтық балуандар ақтады. Алдымен, боз кілем төріне көтерілген Әбдіманап Байгенжеев барлық қарсыласын жеңіп, ақтық сынға жолдама алар жолда сүрінді. Шынболат Рақышовпен тең дәрежеде белдескен жерлес балуан қоланы қанағат тұтты. Алайда, Сырдариядан келген білекті балуан Алмат Ергешбаевқа қарсылық көрсете алмады. Яғни, Алмат «түйе балуан» атанды.
Сондай-ақ, гір тасын көтеруден де жеңімпаздар анықталды. Былтыр есе жіберген Жандаулет Өндрей алтынды ақыры мойынға тақты. Екінші және үшінші орынды қос жаңақорғандық білектілер Жәнібек Аралбаев пен Әмірхан Диханбаев бөлісті. Қол күрестен біздің жігіттерге тең келер ешкім болмады. Біржан Бұлдырықов, Рахымжан Махмут, Арафат Бейсенбайұлы тұғырдың биігінен көрінді. Теңге ілуден Айдархан Қараманға ешкім тең келмеді. Алтай Қоңқаев екінші, Ақылбай Еламан үшінші орынға жайғасты. Аударыспақтан Ертай Нәлтаев үздік шықса, Жасұлан Жәлімбетов күмісті, Еркебұлан Жайменов қоланы қанағат тұтты.
Ал, қыз қуу көркін қыздырған жастар қос таудың жотасында шашасына шаң жуытпаған тұлпарларымен қара жердің шаңын шығарып, көрермендердің делебесін қоздырды. Әсіресе, үміт жігіттерде болған еді. Алайда, бірінші орын Арай Берженбаева есімді бұрымдыға бұйырды. Айдар Исрайл мен Досымжан Қараман екінші және үшінші орынды бөлісті. Жарыс жеңімпаздарына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының грамоталары тапсырылып, демеушілердің тағайындаған бағалы сыйлықтары табысталды.
Осымен, көптен күткен малшылар тойы да мәресіне жетті. Алыстан ат арытып келген қонақтар қатар тігілген киіз үйлерден дәм татып, қашанда қонақжайлылығынан танбаған қадірлі қауымға алғыс білдірді.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
15 мамыр 2018 ж. 1 426 2

Гость Jeahulalf от 24 ақпан 2019 13:15
Elderly Using Amoxicillin With Diabeties online pharmacy Cialis Brand 10mg

Jacques от 30 сәуір 2019 07:12
Asking questions are truly nice thing if you are not understanding anything totally, but this piece of writing presents good understanding even. napoli trøje chiriches