» » Туған жер – менің жыр-әнім

Туған жер – менің жыр-әнім

Қамшы салып шабытымды шақырдым
Ел қолдаған арқасы бар ақынмын
Жанымды жеп, мазалаған өлеңнің
Ізін қуып, тынбай келе жатырмын.

Ф.Сахиев


Қаламгерге деген халықтың құрметі қай дәуірде болмасын толастаған емес. Себебі қылқалам құдіретімен қоғамның кем-кетігін күзеп жазатын жазушы елінің алдында беделі биік. Біз мұны жергілікті ақын Файзулла Сахиевтің шығармашылық кешінде терең ұғына түстік.

«Арман» мәдениет үйінде Жаңақорған ауданының 95 жылдығы, Қазақстанның Халық ақыны Манап Көкеновтың 95 жылдығы мен «Жаңақорған тынысы» газетінің 90 жылдығына орай Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы, ақын Ф.Сахиевтің 75 жасқа толуына арналған «Туған жер – менің жырәнім» атты кездесу кеші болып өтті.

Бұл шараның мақсаты өскелең ұрпаққа ақынның шығармашылығын таныстыра отырып, поэзия құдіреті арқылы ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке баулу. Шара барысында ақын өлеңдерінен әдеби монтаж, шәкірттері мен ізбасар ақын қызжігіттердің арнау өлеңдері оқылды. «Арман» мәдениет үйнің өнерпаздары әсем әнмен мың бұралған биден шашу шашты. Кеш қонақтары С.Жартыбаев, П.Айнаходжаев, А.Ахметов және Ж.Бегманова атындағы «Ақ әжелер» ансамблі ақын ағаға өз құттықтаулары мен ыстық лебіздерін жеткізді.

Рухани кеште құрмет-қошеметке бөленген қаламгер Файзулла Сахиев тебірене сөз бастады.

– Еліміздің ақпарат саласында еткен еңбегімізді елеп-ескеріп, осындай ерекше ықыласқа бөлегендеріңіз үшін алғыс айтамын. Ел мүддесі жолында жалынды жастық шағымыз бен қажырлы қызметімізді арнап, қаламгерлік жолда өз қолтаңбамызды қалдырып жүрміз. Жаңақорған ауданының 95 жылдық мерекесі мен аудандық төл басылым «Жаңақорған тынысының» 90 жылдық мерейтойы қарсаңында есіміміз еленіп, еңбегімізді дәріптеп жатқан барша жерлестеріме, оның ішінде Арман мәдениет үйінің басшылығына шексіз ризамын! – деп сөзін аяқтады.

Жазушы – қоғамның руханият шырақшысы. Ауданның мәдениеті мен өнерін дәріптеп, қоғам жаңалығының жаршысы болып, елді имандылық пен ізеттілікаке баулып жүрген аяулы ағаларымыздың абыройын асқақтату азаматтық борышымыз. Игі жақсылардың басын қосып, шағын кеш ұйымдастырып, ақынның жүрексөзін бөлісудегі басты ниетіміз де осы еді.


Шакизат Қарабекова
21 тамыз 2023 ж. 221 0