Ұстаз болу – ұлы міндет
«Ұстаз болу - өз уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау» дегендей қай ұлттың болмысына мән берсек те ұлағатты ұстаз болу – мамандықтардың қастерлісі екенін меңзейді. Әлемге әйгілі педагог-ғалым В.А.Сухомлинский «Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі де, қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүрекпен ұға білу болып табылады» деп ұстаздық өнерге ерекше баға берген. Осынау бағаны ұлы педагог еліне еңбегімен сыйлы, өмір жолы жас ұрпаққа өнеге болған абзал жандарға арнап берген болар. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген тәмсілдің тереңіне бойлап, №167 орта мектебінде 44 жылдан бері ұрпаққа сапалы білім,саналы тәрбие беруде дара жолын қалыптастырған Роза Елтаева туралы қалам тербеуді жөн көрдік.
Қажымас қайратымен, өнегелі үлгісімен, жаңашылдық жолымен, адамгершілік қасиетімен, қоғамдық жұмысымен, заманауи саясатымен, ұстаздық жолын көрсете отырып, жас бүлдіршіндерге дәріс беріп келе жатқан Роза Керінбекқызы зейнеткерлік жасқа келіпті. Ауыл балаларының зейінін ашып, алғаш әріп танытқан ұстаз осы күнге дейін он сыныпты оқытып, жоғары сыныпқа аяқтандырды. Мерейлі мереке қарсаңында ақжарқын апайымызбен дидарасқанымызда ұстаз сөзінің мән-мағынасын былай деп түсіндіріп өтті.
– Ұстаздың биігі ойлана қарасаң, биіктей береді, үңіле қарасаң, тереңдей береді, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң, артыңда тұрғандай» – деп Сократ айтқандай, мұғалім – үлкен білімнің, мәдениеттіліктің, жаңашылдықтың жаршысы. Ұстаз – үлкен құрметке лайық маман иесі. Себебі адам баласы өмірге келгеннен кейін өз орнын өмірден адаспай табу үшін тәрбие мен білімді қажет ететіні сөзсіз. Осы екі ұғымды бала бойына дарыту ұлағатты ұстаздың еншісінде. Сол себепті болашағымызды тәрбиелейтін мұғалім – баланың екінші ата-анасы, жол сілтер ақылшысы. Осы тұста Абай атамыздың: «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», – деген өлең жолдарын еске түсіргеніміз абзал. Егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланса, ұстаздан шәкірт озып жатса, жылдар бойы төккен тер мен адал еңбектің ақталғанын көреміз. Ұстаз үшін одан асқан бақыт жоқ, – деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз.
Тәуелсіздікті ту еткен бейбіт мемлекетіміздің тарихи-әлеуметтік, мәдени, рухани болмысын дамытуда, қоғамдық өмір мен ұлттық мектепті қалыптастыруда ұстаздардың еңбегі ерен. Әсіресе, аудан жастарының білімді де білікті қалыптасуы алған біліміне тікелей байланысты екені анық. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз парасатты ұрпақ қалыптастыру жолында 44 жылын арнады. Ол жетекшілік еткен сынып мектептің белсенді сыныбына айналып, аудандық, облыстық, республикалық байқауларда топ жарды. Бұл туралы №167 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Іңкар Базарбаева былай дейді:
– Мектепке алғаш мұғалім болып жұмысқа кіріскенімде осы ақжарқын апайым тәлімгер болып, жас мамандарға ерекше қамқорлығын танытып, мамандықтың қыр-сырын ұқтырып, білген кеңесін аяған емес. Оқушымен жұмыс жасау, ата-анамен байланысқа қоса, ұжымда беделді болудың үлгісін осы ұстаздан алдым. Міне, сол күннен бастап Роза апайға деген құрметім ерекше, – деді ол.
Мерейлі мерекеде арнайы құттықтай келген Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиал төрағасы Ізатілла Нәрзілдаев пен аудандық білім бөлімінің жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Аллаберген Ахметов ұлағатты ұстаздың мерейін тасытқан еді.
Жолдасы Аманжол Бұлдырықов екеуі 1 ұл, 3 қызды дүниеге әкеліп, «ұлды ұяға, қызды қияға қондырған»,14 немере сүйген бақытты ата-әже. Роза апайымыздың бойындағы тағы бір ерекшелігі – ол өзі үлгі көрсете отырып басқадан талап ете білуі. Оның бойындағы «ақырын жүріп, анық басатын» байсалдылығы, жусаннан аласа, бетегеден биік кішіпейілдігі, құйса толмайтын, толса аспайтын парасаттылығы, зерделілігі, еңбекқорлығы, зияткерлігі – ұлы Абай бабамыз айтқандай, тамаша бес қасиеті жайлы да көп айтуға болады.
Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде Роза апайдың еңбегі зор. Сондықтан да Роза апайымыз әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.
Мақпал ПАТЕНОВА