№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Үшінші басымдық: келешекті кемелдендіру – білімде

Үшінші басымдық: келешекті кемелдендіру – білімде


Ел дамуының мықты тұғырына айналған білімді тұлға қалыптастыру өркениетке жетудің өзекті міндеті. Өйткені жаңғырудың негізі – жан-жақты білімде. Жаңа білімді меңгеру талабы соған сай бағдарламалардың мазмұнын жаңартумен қатар талаптыға қанат бітірер қамқорлықты да қажет етеді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа арнаған Үндеуінде бұқараның келешегіне сеніммен қарап, қуатты елге айналуының кілті – білімді ұрпақ қолында екені ескеріліп, барынша тиімді тетіктері қарастырылған.
Үшінші бастама: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» мақсатын көздейді.
Мемлекет өз Тәуелсіздігін алған күннен бастап жастарға қамқорлықтың жарқын жобасын жүйелі жолға қойды. 1994-1997 жылдары Үкіметтің «Болашақ» бағдарламасы бойынша экономикалық және гуманитарлық сала мамандарын шетелдерде даярлау талабы бастандырылса, 2000 жылдан бастап Елбасы Жарлығына сай инженерлік және техникалық білім алуға талаптанғандар әлемнің жетекші оқу орындарына жіберілуде. Басым бағыттарға ие индустриялық-инновациялық дамуды жүйелі үйлестіретін білім мен ғылым, менеджмент, маркетинг, логистика, ақпараттық технологиялар саласында білікті кадр даярлау жолға қойылды. Ғылым, білім, экономика және саясат саласында дарынды балаларға арналған Назарбаев зияткерлік мектебі Қазақстанның барлық аймағында есігін айқара ашты. Ең алғаш 2009 жылы Астанада бой көтерген интеллектуалдық мектептің тұсаукесер рәсіміне Елбасы өзі қатысқан болатын.
Сайып келгенде, алға қойған мақсат – Отанын шын сүйетін патриоттар, көп тіл білетін, саламатты өмір салтын ұстайтын, сауатты әрі жауапкершілікті терең сезінетін ұрпақ қалыптастыру қай кезде де назарда.
Елбасының халыққа арнаған Үндеуінде жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыруда айрықша маңызы бар әлеуметтік қолдау тетіктері нақтыланыпты. Анықтап айтқанда, 2018-2019 жылы білімгерлерге бөлінетін грант саны 20 мыңға артады. Мұнда ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласы мамандарына айрықша көңіл бөлініп отыр.
Сонымен бірге, технологиялық және ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша барлық жоғары оқу орындары гранттарының құнын ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары деңгейіне дейін көтеру көзделіп отыр. Бұл шаралар орта мектеп түлектерін жоғары біліммен неғұрлым көбірек қамтуға мүмкіндік береді.
Әрине, талапкердің алаңсыз білім алуына жағдай да керек. Бұл ретте жатақханамен қамту мәселесі өте өзекті. Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мемлекет пен жеке меншіктің әріптестігі негізінде іс-қимылға көшуі қажет. Мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігінің қайтарылуына кепілдік беріп отыр.
Нақтысын айтқанда, Елбасы 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырды.
Әлемдік трендке негізделген тиянақты жобалардың түпкі мәнінде «Мәңгілік Елдің» мызғымас беріктігін бекемдеу мақсаты тұр. Ал бізге сол жолда ынтымақтастық пен мүдде бірлігі қажет.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
03 сәуір 2018 ж. 1 072 0