» » Көпір салу - сауапты іс.

Көпір салу - сауапты іс.

Мұхаммед (с.ғ.с) хадистерінде «Көпір салу – сауапты істердің ең үлкені» делінген. Дана халқымыз бұл игі істі атқарған жанның көпірден өткен әр бір адамның қадамындай сауапқа кенелетінін айтқан. Сондай сауапты іс мерейлі мереке қарсаңында ел игілігіне берілді. Шарапаты мол шараға аудан әкімі Мұрат Тлеуімбетов арнайы қатысып, аудан ардагерлері ақ батасын берді.

   Жуырда ғана жаңа ғимаратқа көшіп, заманауи үрдістің игілігін көре бастаған мектеп оқушылары биылғы оқу жылын асыға күткендей. Ақ бантик таққан қыздар құрбыларымен қауышып, көңілдері жадыраңқы. Қолына гүл шоқтарын ұстаған балалар ұстазына ұсынып, сыйластықтың лебін сезіндірді. Осы мектеп ұжымына аудан әкімінің арнайы қатысуының өз себебі бар. Бұл күнге орайласқан тағы бір жағымды жаңалық бар. Соның алғашқысы, мектеп пен орталықты тікелей байланыстыратын жаяу жүргіншілер жолын жалғайтын канал үстінен көпір салынды. Бұл көпір халыққа жанашыр азаматтардың қолдауымен салыныпты. Елдің бірлігін тағы бір дәлелдеген құрылыс жаңа оқу жылына дейін аяқталды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Осы тұста, кент әкімі Асқар Ибрагимовтің іскерлігін айрықша атап өткен жөн. Құрылысқа қажетті қаржыны жинап, сапалы жұмыс жүруі үшін істің басы-қасында жүрді. Осы көпірге арнайы ат басын бұрған аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы халықтың ауызбіршілігіне ризашылығын білдірді.

– Көпірдің қажеттілігін, әсіресе, жаңа мектепке көшкен ұжым жақсы біледі. Балдырғандардың мектепке барар жолы үлкен мәселе туғызды. Осы бір қиындықта мәрттік танытып, елдің жігіттерін игі іске жұмылдырып, ауызбірлік танытқан азаматтарға шын көңілімізбен алғыс айтамыз. Бұл жол білім мен ғылымның көкжиегіне жеткізер баспалдақ болсын, – деген тілегін жеткізді.

Аудандық және кент ардагерлер кеңесінің төрағалары Өмірсерік Тақырбасов пен Серқожа Ыдырысов, Сырғагүл Болғанбаева сынды ағаапаларымыз ақ баталы алғыстарын жаудырды.

Мектеп ұстаздары бұл игі бастаманың сәтті аяқталып, балалардың еркін жүріп-тұруына жол ашқан ағаларға рахметін айтты. Соның бірі мектеп директорының орынбасары Сәуле Жанадилова:

– Өткен оқу жылында оқушыларымыз үшін қиындық туып тұрған мәселеге назар аударып, оның оңтайлы шешілуіне атсалысқан тұлғаларға шәкірттер атынан ризашылығымызды білдіреміз. Әрі осы көпірге дейін жаяу жүргіншілер жолын жасап, жарықтандырған аудан әкімдігіне ұжым атынан алғысымыз зор, – деді.

«Бар жақсылық балаларға» дегендей, жақсы істердің куәсі болып, балалардың қуанышына ортақтасып, шәкірттердің білім шыңында жұлдызы жарқырай беруілеріне тілектестігімізді білдірдік.

Мақпал Патенова

04 қыркүйек 2023 ж. 273 0