№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » СЕРЖАННЫҢ ЕРЛІГІ ЕЛЕНДІ

СЕРЖАННЫҢ ЕРЛІГІ ЕЛЕНДІ


Астанадан жаңақорғандық Сержан Абдрейім «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медалімен марапатталды деген сүйінші жаңалық жетті. Газеттің №15 (8136) нөмірінде «Ерлігі бар – елге жағар» деген мақалада Сержанның ерлігі еленсе екен деп жазған едік. №51 Мұхамеджан Қаратаев атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысының жанкешті әрекеті республикада жоғары бағаланғаны бізді қатты қуантты..
Оқиға былай өрбиді. 2017 жыл. Желтоқсан айының соңы. Күндегі әдетімен Мұхаммедәлі Исраиыл №51 мектепті бетке алады. Көлге жақындағанда мұзда 7-8 жасар балалар ойнап жүргенін көреді. Сосын көпірмен емес, мұз үстімен арғы бетке өтуге оқталады. Аз-маз ойланып тұрып, мұзға табан тіреді. Көл ортасына жете бере мұздың қалыңдығы төртінші сынып оқушысын көтере алмай, ойылып кетеді. Көлдің бұл тұсында судың тереңдігі екі метрге жуық-тұғын. Абырой болғанда сөмкесі тіреліп, су түбіне кетуден қалқан болады. Бірақ, жас бала бір жағы қорқыныштан, екінші жағынан үстіндегі қалың киімнен мұздан шығуға шамасы жетпей сасқалақтайды. Сосын «Құтқарыңдар, құтқарыңдар!» деп айқайға басады. Өкінішке орай, көпір үстінен өтіп бара жатқандар жұқа мұзға түсуге жүрексініп, көмек сұраған баламен қосыла айқайға басады.
Сол арада өтіп бара жатқан 11 сынып оқушысы С.Абдрейім көмекке ұмтылады. Бірақ, мұз ойығына жеткен Сержанның Мұхаммедәліні мұздан шығарамын деген әрекеті іске аспады. Біраз уақыттан бері суда тұрған киімі ісінгені кедергі келтіреді. Сол арада үйлерінен арқан әкелген Ерсайын мен Жора арқандарын байластыра жалғап, бір ұшын Сержанға лақтырды. Сержан дереу жіп ұшын Мұхаммедтің сөмкесіне орап байлады.
Алайда судан шығару мүмкін болмайды. Осы кезде мұзды кеңірек ойып, өзі де суға түсіп, баланы жоғары көтереді. Қорқыныштан дәрменсіз халге түскен оқушының денесі қарысып қалған ба, қозғалуға әрекеттенбейді. Осы арада Сержан мұздай суға сүнгіп, Мұхаммедті аяғынан итеріп, мұздан шығарады. Судан шыққан жасөспірімді Ерсайын мен Жора арқанмен жағаға тартады. Баланы судан шығарғаннан кейін батырымыз ойықтан шығу үшін екі-үш рет аунап, жағаға аман шығады.
Салқын суда ондаған минут тұрған балғын бойын үрей басса керек-ті, оның үстіне, қатты тонғандықтан сөйлеуге мұршасы келмейді. Осыны білген Ерсайын көтеріп, үйіне жеткізеді. Оның киімін шешіп, үстіне көрпе орайды. Мұхаммед Жаңабайұлының көрер жарығы бар екен, ағалары көмек қолын созып, арашалап алып қалады.
Сержанның ерлігін газетке арқау еткеннен кейін аудан әкімдігі мен төтенше жағдайлар бөлімі тарапынан ілтипат жасалған еді. Міне, бейбіт күннің батыры лайықты марапатын тапты.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов елде әртүрлі төтенше жағдайларда ерлік қөрсеткен жасөспірімдерді қабылдап, қошемет көрсетті. Жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу және қоғамда батыр балалардың ерлік істерін насихаттауды мақсат еткен шарада 20 жас марапатталды.
Шараны ашқан Қалмұханбет Қасымов: Астанаға елдің әр түкпірінен жасөспірім батырлар келді. Бұл балалардың барлығы да қысылтаяң шақта ержүректік көрсетіп, адам өміріне араша болғандар. Сіздер қазірдің өзінде көпке үлгі тұтатын жандарсыздар. Осы орайда, сіздердің ата-аналарыңызға, мұғалімдеріңізге алғысымды білдіремін. Біз сіздерді және сіздердің ерліктеріңізді мақтан тұтамыз», – деді марапаттау рәсімінде.
Шара барысында Сержанның әжесі, ақын-сазгер Жақсыгүл Бегманова сөз алып, жас батырлардың ерлігін бағалап, марапат биігіне шығарған министрге алғысын жеткізді. Әрі өзі шығарған «Батыр бала» әнін нотасымен және «Ана махаббаты» атты кітабын сыйға тартты.
Айта кететіні, жас батырмен бірге Астанаға аудандық ішкі істер бөлімі арнайы кадр бөлімінің инспекторы Шыңғыс Пазылов барып қайтты.

P.S.: Қақаған аязда киімімен суға түсіп, адам құтқарған азаматты министрдің марапаттауы рухымызды асқақтатып, мақтаныш сезімін оятқаны шындық...

Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
19 мамыр 2018 ж. 1 157 0