Нәзік жанды кәсіпкер
Бүгін инені іліктіріп, саусақты біріктіріп, жұмыс істейтін заман. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Айдана Тасболатова өзі білім саласында ұстаздық етіп, түрлі іс шараларға оқушыларын баптап жүрсе де, бүгінде «Айдана» той ұмыстастыру орталығын қолға алып, түрлі аниматорлармен көпшіліктің көңілін көтеріп, тойхананың залын безендіріп қана қоймай, қыз ұзатып, келін түсіріп, сүндет тойдың басты кейіпкерін ерекше қонақтардың алдына шығарып, керемет көңіл-күй сыйлап жүр.
Айдананың ұйымдастырған тойына қатысқан жан, оның тамсанта отырып өзіне тартар қабілетіне қарамасыңа қоймайды. Көп алдына шығып тосылмай сөйлеу – дайындық пен дарындықты қажет етсе, онда екеуі де бар. Той десе барымызды шашатын, ән-жырмен шымылдықты ашатын біз – көптен күткен қуанышты өзгеден ерек етіп өткізгіміз келеді. Ондайда кімнің көмегіне жүгініп, қызметін пайланамын деп әуре сарсаңға түспесеңіз болады. Қазір талғамы биік той иелерінің сұранасы «Айдана» той ұйымдастыру орталығына көбірек түсетін тәрізді.
Бүгінде аудандағы бірден бір той ұйымдастыру орталығының қызметіне бірнеше мәрте куә болдық. Көбіне қыз ұзату, бесік той, тұсау кесер мен шағын мерейлі мерекелерді заманауи нақышта өткізіп берудің қас шебері десе де болғандай. Көпшіліктің қуанышты шарасына ерекше дайындықпен баратынын біз де байқап жүрміз.
– Қазақтың тойы ертеден-ақ қалыптасқан ғой. Әсіресе, уақыт алға жылжыған сайын той өткізудің түр-түрі шығып жатыр. Әсіресе, үлкен қалаларға барғанда тойды ерекше ұйымдастырып, сонда отырған көпшілік қауымға керемет көңіл күй сыйлап жатады. Менің де бұл істі осы мақсатта қолға алдым. Біздің ауданға да жаңаша, тың дүниелермен көпшіліктің қуанышына ортассақ деген ниет болды. Адамды арман алға жетелейді емес пе? Міне, ойлаған ойым жүзеге асып, аудан жұртшылығына қызмет етіп жүрген жайым бар. Аптасына 2-3 тойға тапсырыс алып, мұқият дайындық жасаймыз. Барынша той иесімен ақылдасып, көңілде қаларлық сәт сыйлауға тырысамыз. Әр шара мен үшін үлкен жауапкершілік пен ізденіс жолы іспетті. Бір мәтінге байланып қалмаймын, әр тойға әр түрлі сөз саптауға асығамын. Барлығы қазақы салт-дәстүрмен орындалады. Зейнеп Ахметованы көп оқимын. Дәстүр жайлы мағлұматты сол кісіден аламын. Ұзатылар қызбен алдын ала кездесіп, тойында қандай ерекшелік қалайтынын сұраймын. Келісіп пішкен тон келте болмайды. Сонда ол бағдарлама өзімнің де, той иесінің де көңілінен шығады. Шын жүрегіммен бақытты болса екен, тезірек сәби сүйсін деп Алладан тілеп тұрамын, – дейді кейіпкеріміз ағынан жарыла.
Төрт перзентін жетілдіріп, жұмысын дөңгелетіп отырған ананың шапшаңдылығына ілесу де мүмкін еместей. Жолдасы Ерсұлтан Каримбаев жан жарына сеніммен қарап, әрбір бастаған ісін қолдап келеді. Осылай Айдана етегінен өрбіген бала-шағасын жетілдіру үшін ешкімге алақан жаймай, адал еңбекпен нәпақасын тауып, үлгілі ісімен алға озып, жан-жағына нұрын төгіп, халықтан алғыс алып, өніп-өскен Айдананың еңбексүйгіш қасиеті көпке үлгі болары сөзсіз.
Қай істе болмасын адалдық деген кіршіксіз дүниеге кір түсірмеу азаматтық парыз екені бесенеден белгілі. Бүгінгі кейіпкеріміздің жүзіне қарап нағыз ерге тән қайраттың, қажырдың ізін көргендейміз. Батылдық, өмірге деген сүйіспеншілік оның әр сөзінен сезіліп тұр. Ең бастысы – ертеңі еңселі еліне, тәуелсіздік жылдарында қабырғасы қатайған жеке кәсібіне сенеді. Бізді қызықтырғаны, оның жаңалыққа құмарлығы, еңбекқорлығы, ізденімпаздылығы. Осы тұрғыда алғанда, ол көптеген аруларға үлгі.
Әсел Рзаева