Кәсіпкерлікпен айналысудың сан жолы бар. Ең бастысы, кез келген адамда өзіне деген сенім мен еңбекке деген ынта қажет. «Жұмыс жоқ», «Жұмысты қайдан табамын» деп, қол қусырып отыратын уақыт өтті. Тіпті, үйде отырып-ақ қыруар қаржы табуға болады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – көпбалалы ана Гүлжазира Досмағамбетова балабақшада тәрбиеші бола тұра, отбасылық табыс көзін арттыру мақсатында аспаздық мамандықты жанына серік етіп келеді. Ол өзінің маңдай тері мен адал еңбегінің арқасында көпшіліктің ықыласына бөленіп келе жатқан бесаспап маман.
Түсіне білгенге «аспаз» өте жоғары дәрежелі мамандық. Аспаздықты оқып қана қоймай, кісі бойында бойында осы керемет мамандыққа деген бейім, ықылас болуы керек. Астың дәмін келтіретін тұз болса, екеуінің де дәмін келтіретін аспаз деуге болады. Біздің кейіпкеріміз соңғы уақыттары ұйғыр, түрік, орыс, қырғыз ұлтының тағамдарын жасауды да меңгеріпті. Дәмді бәліштер, түрлі тіске басарлар мен шөлбасар сусындарды дайындап, дастархан мәзіріне қосты. Аспаздық өнердің қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, оны табыс көзіне айналдырып отыр.
– Алғашқыда ағайын-туыстың қызығына атсалысып, көмектесіп жүретінмін. Тойжиындарға түрлі салаттар жасап, ақшаға емес, алғысқа қызмет атқарып жүрдім. Уақыт өте келе кәдімгі кәсіп екенін ұғынып, жанжақты ізденіп, түрлі мастеркласстарға қатысып, тәжірибе алмаса бастадым. Жаз мезгілінде Түркістан қаласына барып, соңғы хит тағамдарды дайындайтын шеберлерден көп нәрсе үйреніп келдім. Қазір ұлттық құндылықты дәріптеу мақсатында ұмытып бара жатқан әсіптің түр-түрін, жылқы етінен әзірленетін қарынбүрме, сірне, қойды бүтіндей пісіру және ыстық тағамды отпен, бумен алып шығатын шоу-бағдарламаларды да ұйымдастырып жүрмін. Қазақта мерекелік дастарқандар көбіне құдалық секілді үлкен жиындарда жасалады. Әрбір қыз-келіншек әзірлеген тағамдарының көрер көзге де тартымды болғанын қалайды. Мен осы нәрсеге баса назар аударамын, – дейді ол.
Ас мәзірінің шебері, бармақты қаракөз ұлттық тағамдардың сан алуан түрінен бөлек. Атап айтсақ, стейк, чикен, суши сынды жеңіл дәмдерді бәрін-бәрін дайындауды жетік меңгерген. Содан болар күнде тапсырыс қабылдап, отбасымен берекелі тірлікке бет бұрған. Сұранысқа ие тәтті торт әзірлеудің құпиясын да меңгерген шебердің қолынан шыққан өнімдер талай дастарханның сәнін келтіруде.
– Ас мәзірі туралы көп ізденіп келемін. Қазір адамдардың талғамы жоғары мақсат осы деңгейден таныла берсе дейміз. Әзірге, менің көмекшілерім үлкен екі қызым мен сіңлілерім. Барлығымыз бірігіп көпшіліктің көңілінен шығатын ас әзірлеуге барымызды салып жүрміз, – дейді асхана шебері.
Негізгі жұмысынан тыс уақытта қосымша табыс тауып, дәмі тіл үйірер ас әзірлейтін аспазшы көптің көңілінен шығуда. Аспаздың айтуынша, ас әзірлеу, әсіресе, өте көп мөлшерде тағам дайындау – нағыз есеп. Барлығын өз мөлшерінде есептеп, шығару, азық-түлік мөлшерін нақты білу астың сапасына да әсер етеді. Кейіпкерімізбен әңгімелесу барысында, болашақта жүзеге асыратын жоспарының аз еместігін білдік.
Қолға алған жұмысын жандандырып, өзінің қазіргі кәсібін одан әрі дамытқысы келеді. Сонымен қатар жас аспаздарға өзінің білген-түйгенін үйретуді де ойластырып жүр екен. Жергілікті біршама қыз-келіншектерді тұрақты жұмыспен қамтып, мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, жеңілдетілген несие алуды да ойластыруда. Адал еңбегінен бақыт таба білген Жазира ханымға алдағы кәсібі ілгері домалап, жетістіктері мен бағындырар шыңдары көп болсын деп тілейміз,
Әсел РЗАЕВА