№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қызды ұзатып, келіннің бетін ашқан

Қызды ұзатып, келіннің бетін ашқан


Құранда жалпы мағынасы былайша айтылатын аят бар: Мен сендерді, бір-бірлеріңді танып, біліп жүрулерің үшін ұлтқа, руға бөліп жараттым. Ал енді Алла Тағала еш нәрсені әншейін, мән-мағынасыз жаратпайтыны шындық. Сондықтан ұлттың, ұлт ұғымының мағынасы аса зор екендігін ұмытуға болмайды.


Ілгергі ақылмандардан қалған мынадай сөз бар: Ұлттың әкесі – тарих, шешесі – тіл, қаруы – әдет-ғұрып. Өткенге көз салатын болсақ, қазақ күнделікті тіршілігінде ықылым замандардан бері әбден екшеліп, сарапталып, сыннан өткен дәстүр­лік, әдет-ғұрыптық заңдылықтарды тұтына отырып өмір кешкен екен. Бұл адамзат баласы үшін табиғи заңдылық болып табылатын құбылыс. Полициясы болмаған, түрме дегенді өңі түгілі түсінде көрмеген халық бірін-бірі жеп қоймай, қаншама замандар бойы өзге жұрттар қызыға қарайтын, мамыражай өмір сүріп келген екен. Салт пен дәстүр кез келген халықтың бейнесі, айшықты ажары, тіпті елдік көрсеткіші десек, жаңылыспайтын шығармыз. Солайы солай болғанымен, «Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар» деген қағида барын жоққа шығара алмаймыз ғой. Орыстың қол астына өз еркімізбен барып кірген, кеңестік заманда жалғасын тапқан отарлау саясаты ұлттық құндылығымызды аздырып жібергенін мойындауға мәжбүрміз. Сол солақай саясаттың «жемісін» көріп отырмыз. Бұл жағдай кейінгі кездерде тіпті асқынып бара жатқандай ма деп қаласың. Қазақы той-томалақтар ұлттық мазмұннан жұрдай бола бастады. Соның бірі қыз ұзату тойы. Қазақы дәстүр бойынша ұзатылатын қызды оң босағадан міндетті түрде күн батпай тұрып шығарып салады. Қызға әкесі, әулеттің ақсақалдары «біз енді сенің төркін жұртың быз, өз жұртың осы бара жатқан жерің, тастай батып, судай сіңе біл, шырағым», деп бата беретін болған. Әрине ата-ана, туған-туыс, дос-жаранды қиып кету оңай емес, қыз үйден шығарда елімен қоштасып сыңсу айту үрдісі болған. Қазақтың осы ырымдарында аса қуатты, мың жылдық тәжірибелермен дәлелденген құдырет бар. Қазақ жарамсыз, пайдасыз дәстүрлерді ешқашан тұтынбаған. Қарап тұрсақ, осы айтылған нәрселер аса бір қиындық та туғызбайтын сияқты, бұны орындау үшін тек ықылас, ынта болса, болғаны. Қыз құтты орнына мейрамханадан, болмаса, кафеден емес, өз отанынан, бұрынғы ата жолмен ақ батасын алып аттануы шарт. Қызды ұзатудың ата-бабамыз тұтынған жолынан ауытқудың белгілі дәрежеде қатерлі екенін ескерткіміз келеді. Дәл осы секілді, жаңа түскен келіннің бетін ашу үрдісінің де үлгілік тәрбиесі үлкен. Келінді елімен таныстыру деген оңай шаруа емес, сондықтан да беташарды сөз білетін, ақындық қабілеті бар кісілер ғана атқара алған. Келіннің беті ашары өз ошағының басында өткізіліп, келіннің екі жағында тек қана некесі бұзылмаған келіншектер тұрғаны керек. Бұл да орындалуы міндет болған қазақы үрдіс. Құда күту рәсіміне келсек, әй, мұның да быж-тыжын шығарып жібергендейміз-ау. Қазақ құданы мың жылдық деген, яғни құдалар өте ұзақ уақыт бірқалыпты сыйластықта өмір сү­ретін болған. Жігіттің өз жұрты немесе, туыстары, нағашы жұрты, қайын жұрты, құда-жекжаты дегенді де тек қазақтар айтып негізінен тек қаазқтар ғана соған сәйкес қарым-қатынас жасаған. Қазіргі құда күту жоралғыларына келсек, бұл жерде де бір жаңа мода ашып тастаған секілдіміз. Құда көбіне ақы егесінің өз үйінде күтілмейді, тағы да сол кафе, оны айтасың, тіпті құдаларды қонақ үйге орналастырып, сол жерден үйіне әкелместен күтіп-баптап шығарып салады. Ау, сонда не болды? Мың жылдық құда құдасының үйін де көрместен кете бере ме? Қазақы дәстүр бойынша құдалармен де жасалуы тиіс көптеген қазақы жол-жоралар атқарылмайды, тіпті ондай жолдарды көбіміз ұмытып та кеткендейміз. Ал енді біз әзірге қазақ емеспіз бе, қазақ болсақ, ата-баба жолынан неге үркеміз? Олай жасауға біздің қақымыз бар ма? Қазіргі ұрпақ осылай істеп жатқанда ертеңгілерден не талап ете аламыз? Бұл құбылысты қазақылықтан өз еркімізбен ажырап жатқанымыз деп түсіндіреміз бе, сонда? Біз сонда қазақ болудан қажып біттік пе? Бұны қағынан безгендік демей не дейміз?
Адам баласы мына бес күн жалғанда той тойлаумен өтпейді, өзекті жанға бір өлім, қазалы жағдайға да тап келіп жатамыз.
Осындайда бір еске салатын мәселе, дүниеден жастай өткен кісілердің материалдық жағдайына қарамастан, жаназамен таластырып ас беруді тоқтатсақ, ағайын.
Жаңа жаназа шыққан үйде буын бұрқыратып ас-ауқат таратылып жатқаны көрер көзге де оғаш, көпшіліктің тәбетін де қашыратын көрініс. Қайтыс болған кісінің ар­тынан қайыр садақа асын сосын асықпай ұйымдастырса да үлгереді.
Арамызда орын алып жатқан ыңғайсыз көріністерді жабыла, ақыл­даса отырып бір ретке келтірсек деген тілекпен қолға қалам алдық. Осы көтеріп отырған мәселелерге орай ауданымыздағы кез келген осыған қатысы бар ұйымдардың біреуі қоғамдық пікір тудырып, тақырыптық бас қосуларда жөн-жоралғыларымыз туралы терең талқылап көрсек құба-құп болар еді.

Әбибулла Шерімбетов,
Анарбек Дүйсенов.

22 шілде 2023 ж. 253 0