№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мәдени мұра жоқшысы

Мәдени мұра жоқшысы




Арман қуып әр тарапқа тарыдай шашылып кеткен достарымның бірі ғалым, бірі ұстаз, бірі бизнесмен. Бәрі де бүгінде ардақты әке, аяулы ана атанған, ұл-қыздары өсіп-өнген, немере сүйіп отырған жандар.
Былтыр бір топ жігіт Астанаға сыныптас досымыз Рысбектің арнайы шақыруымен бардық. Бірге болдық, естелік айттық, әңгіме дүкен құрдық. Сол жерде біраз сыр сандықтың беті ашылды. Сыныптасымыз туралы біраз сырға қанықтық, таңырқап қайттық. Оның мектепте жүргенде іс-шараларға белсенді қатысқанын, қабырға газеттеріне сурет салып безендірумен, сыныптастарының естелік альбомдарын көркемдеумен айналысқанын білсек те, шын болмысын біле бермеген екенбіз.
Рысбек Асқарұлы Әбілхан Қастеев атындағы көркемсурет училищесін бітіріп, 1984 жылы Жаңақорған аудандық мәдениет үйінде көркемдеуші болып қызметке тұрды. Халық театрының спектакльдерін көркемдеді. Оқушы балаларға арнап көркемсурет үйірмесін ашты. 1985 жылы ауданда өткен «Жігер» фестивалінде жеңімпаз атанып, облыстық, республикалық байқауларға қатысты. 1985 жылы Ұлы Жеңіске 40 жыл толуына орай, жерлесіміз Кеңес Одағының батыры А.С. Романовқа арнап жасалған бюстін Романов атындағы мектептің мұражайына табыс етті.
Дарынды ақын, Қазақстанның халық ақыны Манап Көкеновтың бюсті, «Арыстанбай», «Әбу-Насыр Әл-Фараби», «Қойшы бала», «Әке» атты тақырыптарда жасалған портреттер – Рысбектің қолынан шыққан туындылар. «Елім-ай», «Бүркітші», «Сен», «Жұлдыз», «Жеңіспен оралу», «Шахтадан кейін», «Жас Олжас» атты композициялары түрлі материалдардан жасалған мүсіндері Республика көлемінде Мемлекеттік және Жастар көрмелеріне қатысты. «Сығанақ қаласы», «Сығанақ базары» атты майлы бояудағы көркем шығармалары мен «Һисамиддин Сунақ Ата», «Хусам адДин ас-Сығнақи» портреттері мен үлкен бейнедегі майлы бояудағы еңбектері мен мүсіндері суретшінің өнер қоржынын толықтырып тұр.
1991 жылы Алматы қаласындағы Мемлекеттік «Театр және көркемсурет» институтын тәмамдаған ол алғашында Жаңақорғандағы өнер мектебінде қолөнер және көркемсурет сыныптарын ашып, дәріс берді.
Алматы қаласындағы №62 Шона Смаханұлы атындағы қазақ орта мектебінде бейнелеу, сызу пәндерінен ұстаздық етті. Қаладағы қазақ тіліндегі бірегей мектептің ашылу салтанаты Асқарұлы Рысбектің қолынан шыққан Ш. Смаханұлының бюстімен ашылды. 1996-1999 жылдары Ы. Алтынсарин атындағы білімін жетілдіру институтында ғылыми қызметпен айналысты. Шығармашылық жұмыстарды қоса атқара жүріп, бейнелеу өнерінің оқулықтары мен бағдарламаларын жасауға да өз үлесін қосты. Авторлық бағдарлама жасап, комиссияға ұсынып оң бағасын алды.
2000 жылдың тамыз айынан бастап «Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының «Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК Баспа-полиграфиялық орталығының редакциялық қызметінің І-ші санатты редакторы қызметін атқарып келеді. 2016 жылдан «Сығанақ тарихи-мәдени қорық-мұражайы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. 2017 жылы 18 мамырда Халықаралық музейлер күніне орай, «Сығанақ тарихы» музейін жасақтауға және ашуға тікелей ықпал етті. «Тарихта қалған Сығанақ» атты ғылыми-танымдық конференциясын және сазгерлер байқауы мен ақындар мүшайрасын ұйымдастырды. Сонымен қатар Р.А. Амандықовтың идеясымен жазылған драматург Сая Қасымбектің «Нұрнама» тарихи драмалық шығармасының сахналық қойылымына мұрындық болды. Зерттеу жұмыстарының нәтежесінде музей қорындағы археология мен тарихқа байланысты ғылыми зерттеу жұмыстарын жалғастырып келеді. «Көне Сығанақты қайта жаңғырту жолдары» «Құм жатқан қала», «Ашық аспан астындағы мұражайға айналса». «Сығанақ» мұражайы сапқа қосылды».
«Сығанақ бүккен сыр» «Сығанақ» «Хусам ад-Дин Сығнақидың өмірі мен мұрасы» «Ғұлама Һисамиддин бабаға 890 жыл» «Көне Сығанақты қашан көркейтеміз «Мәдени құндылықтар мекені» «Сығанақтан сыр шертеді» мақалалары. «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Сыр бойы», жаңалықтар газеттерінде жарияланған. «Ортағасырлық Орда Сығанақ тарихы» атты кітабы және «Сығанақ тарихы» музейі фото альбомы, «Сығанақ тарихы музейі» атты қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде буклетін шығарды. Музей қорына өзінің төл туындыларын, түрлі тарихи құжаттар, фотосуреттер және Сығанақ қаласының макеттері мен заттай жәдігерлерін ұсынды. 2022 жылдың 18-мамыр - Халықаралық музейлер күніне орай Жаңақорған ауданында «ORDA Сығанақ» шипажайынан орын алған «Сығанақ тарихы» музейінің ашылу салтанаты болды.
Қазір Рысбек осы қасиетті орынның шынайы қамқоршысы ретінде ізденумен келеді. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Сығанақ қаласын халыққа таныту және оны кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында «Сығанақ тарихы» музейін ашу және Сығанақ қалашығын туристік орталыққа айналдыру жобаларын үзбей насихаттап келеді. Біраз істер жасалды. Қозғау салынып жатыр. Қазірдің өзінде 1000- нан астам Сығанақ қаласы мен оның өңіріне қатысты қор жинақталды. «Сығанақ тарихы» музейінің жеке ғимаратын салуды ұсынып отыр, осындай жағдайда музей қызметінің жандануы мен Сығанақ қалашығының қалыпқа келтірілуіне, туристік орталыққа айналуына деген нық сенімі бар. Осындай Туған жерді дәріптеу, ауданымыздағы тарихи Сығнақ қаласын насихаттау, тарихын зерттеу жолындағы еңбектері бағаланып, бірнеше марапаттарға ұсынылды.
Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, ҚР Премьер-Министрінің Құттықтау хаттарымен марапатталған. Мұның барлығы атын шығару немесе жеке басына пайда табу үшін жасалып жатқан жұмыстар емес, керісінше, ұрпақ игілігі үшін, туған жеріміздің тарихы үшін ұйымдастырылып жатқан игі шаралар деп білеміз. Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Солардың бірі Рысбек Асқарұлының жүріп өткен жолдары да нақты жетістіктер деп білеміз.

                                                                                                                                                Серік Орынбасарұлы
04 шілде 2023 ж. 152 0