» » Мейіржанның мерейі артты

Мейіржанның мерейі артты


Бітіруші түлектер ҰБТ кешенінің ең соңғы кезеңін де аяқтауда. Кемел келешекке деген сенімі мен он бір жыл бойы бойына жинаған білімі сыналған сәтте қатарластарының алды болып, жоғары көрсеткішке ие болғандар да бар. Соның бірі Садықбек Сапарбеков атындағы №125 орта мектебінің бітіруші түлегі Нұрдәулетұлы Мейіржан ҰБТ-ден 126 балл жинап, ұстаздарының үмітін ақтаған еді.
Соңғы қоңырау салтанатта шарасынан соң мемлекеттік емтиханнан қуанышты жаңалығымен жүзі балбұл жайнап шыққан түлектің төбесі көкке жетердей. «Жарайсың, Мейіржан!» деген лебіздерін білдіріп жатқан достарының сөзі ұзын калидорда жаңғырып жатты.
– Соңғы сәтке дейін арманым орындалар ме екен деп уайымдаған едім, тапсырмалар қиындық соқпай, оңай жауап бердім, –деді ол.
Қуаныштың құшағында тұрған ұлдың жанарында болашаққа деген үлкен арман тұр. Жастайынан роботатехника және ІТ саласына деген ынтызарлығымен танылған Мейіржан Нұрдәулеттің болашақ қандай мамандық иесі болғысы келеді? Біз осы сауалды өзінен сұраған едік.
– Роботатехникаға деген қызығушылығыммен көпке танылғандықтан көпшілік осы салаға бет бұрады-ау дегендері рас. Жоғары сыныпқа өткенде ішкі қалауымның жаратылыстану бағыты екенін түсіндім. Соңғы үш жылда биология пәні бойынша аудандық пәндік олимпиадада бірінші орын, облыстық кезеңінде бірінші орын және республикалық деңгейінде де марапат мінберінен көрініп жүрмін. Болашақ мамандығымды халық денсаулығына арнаймын деп шешкен шағымда көбі таң қалып жатты. Бұл менің жүрек қалауым болды, –деді ол.
Айта кетейік, Мейіржан Нұрдәулет «Алтын белгі» иегері. Оның роботатехника бағытында жасаған еңбегі жоғары бағаланды. Мәселең, оның құрастырған 10 ро­боты ауылшаруашылығына бағыт­тал­ған. Бірі тұқымды сорттауға бағ­дарланса, екіншісі, шөп турайды. Ол осы роботтарын жетілдіру үшін бос уақытында ізденісті тоқтатқан емес.
№125 мектеп­тің мұғалімі, Мей­ір­­жан­ның сы­нып же­тек­­шісі Мөл­дір Асанова: «Мейіржан ҰБТ-ға екі жыл қатарынан тиянақты дайындалды. Таңдаған мамандығына сай жаратылыстану бағытында өзін-өзі дамытты. Қосымша білім беру орталықтарымен бірлесе жұмыс жасады. Ақылы тест кешенімен дайындығын пысықтады. Бос уақытын тиімді жоспарлап, нәтижелі көрсеткішке ие болды», – деп мақтауын асырды.
Болашағын іргелі оқу орнында білім алып, ел игілігі жолында елеулі іс жасауға бағыттаған жастың талабын байқап, біз де ақжолтай айтқан едік.

Мақпал МАРҚАБАЙ
06 маусым 2023 ж. 107 0