Жастармен жылы жүздесу
Мұрат Жолкелдіұлы ауданға әкім болып келгелі жастармен жиі жүздесіп, еркін форматта келелі кездесулер өткізуді назарға алып келеді. Былтыр жастар слетінде “Тау самалы” тынығу лагерінде бас қосса, биыл да қарт Қаратаудың етегінде жас толқынмен бас қосты. Ауыл жастарын қандай мәселелер толғандырары, қандай жаңашыл идеялары бар? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде ой-пікір ұсыныстарын тыңдады.
Жаңақорғанның Швейцариясы атанған Жаманбай батыр ауылынан тауға қарай бірнеше шақырым жерде, тамаша табиғат аясында кешқұрым керемет кездесуге куә болдық. Алдымен «Инновациялық технология бойынша ауыл шаруашылығын әртараптандыру» тақырыбында Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының төрағасы Самалбек Қосанов дәріс өткізді. Қазіргі егін шаруашылығына байланысты мәселелерді қозғап, әртараптандыру, суды үнемді пайдалану арқылы мол өнім алу сынды тақырыптар талқыланды. Одан соң «Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар, жеңілдетілген несиелер» мен «Контент және медиа» атты екі тақырып бойынша «Aslan films» киностудиясының директоры Жасұлан Алдабергенов қысқа түсіндірме жұмысын жүргізді. Әсіресе, жастардың бизнес бастауға деген және жаңа контенттерді меңгеруге құлшынысы жоғары екені көрініп-ақ тұрды. Осы күннің құрметіне жағылған алау айналасы емін-еркін сұхбатқа жалғасты.
– Мемлекет басшысы жастар жиынында өздеріңіз сияқты озық ойлы, бәсекеге қабілетті мамандар еліміз үшін өте қажет екенін алға тартып, жаңа Қазақстанның дамуына аянбай үлес қосады деп үлкен сенім білдірді. Сондықтан, мемлекеттік жастар саясатын жоғары деңгейде іске асыру – қоғам алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Жастарымыздың жан-жақты жетілуіне, жаңа кәсіп көздерін толық игеруіне мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Осындай жүздесуден соң ой қорытып, мақсат бекемдеу айқындалса игі. Өйткені, сіздер бүгіннен бастап ашық ойлы, елдің ертеңіне байыппен қарайтын тұлға болып қалыптасуларыңыз керек, – деп аудан жастарға қарата. Сөз соңында былтыр қойылған сауалдардың жауабын қысқаша жүйелей кетті. Биылғы жастарға берілетін 2,5 пайыз жеңілдетілген несие мен инновациялық жобаларға берілетін қайтарымсыз грант алуда аудан жастарының үлесін арттыруға тыңғылықты жұмыс жүргізілуде. Жас мамандарды жұмысқа орналастыру мәселесіне айрықша назар аударылып, жаңадан ашылатын жұмыс орындары мен тұрақты жұмыстарға 161 жас қамтылды. Былтырғы жиында Қыраш елді мекеніне жаңа спорттық ойын алаңы керек деген ұсыныс айтылса, биыл оны салуға 10 млн 401 мың теңге қаражат бөлінген. Бұл жөнінде Қыраш ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі маманы Әбдуәлі Бауыржан айтып, ауыл жастары атынан алғыс білдірді. «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қорының белсенді мүшесі Бекзат Балтақожаевтың: Біз келешекте еріктілер қозғалысын одан ары дамыту үшін барлық кент, ауылдық округтердегі белсенді жастардың басын қосып, «Еріктілер форумы» ұйымдастырылса дейміз, – деген тілегіне жауап ретінде аудан басшысы ағымдағы жылдың тамыз айында «Еріктілер форумы» мен тәжірибе алмасу алаңы ұйымдастырылатынын ашық айтты. Ал, №7 спорт мектебінің үстел теннисі жаттықтырушысы Алдиярхан Нышан жаттығуда ДСП столдарында дайындалып, жарысқа шығатынын айтып, ұсынысын жеткізді. Осыған орай, Мұрат Тілеуімбетов жаңа теннисін алуға уәде берді. Сұхбат арасында әннен шашу шашылып, ескі әуендер дала төсін тербеді. Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Талғат Тілес те ыстық ықыласын білдіріп, келер жылы бұдан да ауқымды етіп өтуге жұмыс жасайтынын жеткізді.
«Сыр үміті – 2023» жастар сыйлығының иегері, №286 мектептің оқытушысы Ханзада Дошан тілеулестігін білдіріп, жалынды жастармен жұмыла жұмыс жасауды жалғастыратынын жеткізді. «Жаңақорған – жалынды жастар мекені» аудандық жастар слетінде сөзінде аудан әкімі шараны ұйымдастырып, жастардың басын бір арнаға тоғыстырған аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Наурызбай Орынбасаровқа өз атынан, алғысын жеткізді. Түйіндей айтқанда, биылғы жастар жиыны қоғамдық өмірдің оңсолын енді жүйелеп келе жатқан жас буынға үлкен сабақты кездесу болды десек болады. Бұл бастамасы дейміз, өйткені, аудан жастарының әр салаға серпін беріп, бүгіннен биікке қадам басуында осындай еркін форматтағы кездесулер аса маңызды мәнге ие.
Әли Темірбек