№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жастармен болған жылы жүздесу

Жастармен болған жылы жүздесу


Аудан жастарын қандай мәселелер толғандырады? Әр саланың жүгін арқалап жүрген жас маманның қоғам дамуына, әлеуеті мен экономикасының өрлеуіне қосар үлесі, айтар ұсынысы бар ма? Осы және өзге мәселелерді талқылау, талдау үшін аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов жастарды бір арнаға жинап, ортақ мүдде жолында еркін форматта кездесті.


Сала мамандарын, билік өкілдері мен бұқараны, аналар мен ардагерлерді қабылдап, әлеуметтік-экономикалық мә­се­лелерді тізбектеген аудан басшысы жастармен жүздесуді жаңа жүйеде өткізуге бел буыпты. Жылы кабинетте емес, дала төсінде бас қосқан жалынды жастар «Тау самалы» тынығу лагеріне жиналды. Тұмса табиғаты, саф ауасы, самал желі ескен тынығу аймағындағы «Алау басындағы кездесу» шарасы қасиетті айдың соңғы күніне сәйкес келгендіктен, ауызашар беріліп, көптің сауабына кенелді. Ойда жүрген мәсе­лелер ортаға салынып, өнер өрімі өрнегін тапты.
– Жастар – болашақтың бастауы, келешектің көкжиегін қалыптастырушы, қоғамның қозғаушы күші. Ақыл – жастан дейді, олардың тың идеялары, бастамалары мен жобалары ел үшін, мемлекеттің ертеңі үшін үлкен инвес­тиция. Жастар қашанда жігерлі, ашық, еркін өсуі тиіс. Айтарын ашық, бүкпесіз жеткізуі керек. Ауданның кемелденуі, болашағының баянды болуы осы жастардың қолында. Сондықтан жас­тармен кездесуді осылай еркін түрде өткізуді ұсынған болатынмын, – деген аудан басшысы жастардың қойған сауалдарына жауап беріп, өмірлік өнегесі, қызметтік тәжірибесімен бөлісті.
Кездесу кешінің тізгінін Манап Көкенов атындағы мәдениет үйінің қызметкері, жас талант Айжарқын Найманбай ұстады. Мұрат Жолкелдіұлы өзінің жүріп өткен жолы, ауданға кел­гендегі негізгі миссиясы, алдағы атқа­рылар жұмысына қысқаша тоқталды. Алғашқы сауалды білім бөлімінің әдіскері Ақниет Ераханқызы қойды.
– Ауданға келген қадамыңыз құтты болсын, аудан жастарымен осындай кездесуге келгеніңізге рахмет. Сара жолдан дара жолға демекші, жалпы өзіңіздің отбасыңыз туралы айта кет­сеңіз. Балаларыңызға қандай салаға баруға бағыт-бағдар бердіңіз?
– Бала – бауыр етің, қандай ата-ана болсын өз перзентінің биік шыңнан көрінгенін қалайды. Олардың биігі әке-шешенің тәрбиесі мен тәлімі, білімі деп қарауымыз керек. Менің 2 қыз 1 ұлым бар. Шынын айтқанда, мен балаларыма мамандық таңдауда тек бағдар беріп отырдым. Үлкен қызым Елордада кәсіппен айналысуда. Бала кезден компьютерге құмартып, кейіннен осы техниканың тілін терең түсініп, кәсібін жолға қойды. Ұлым заңгерлікті таңдап, бүгінде құқық қорғау саласында қызметте. Кенжеміз әкімдікте жұмыс жасайды. Қазір Алла берген 10 немерем бар, – деді ол.
Аудан әкімі сөз басында бұл кез­десуді 1 мамыр күні ұйымдастыруды жоспарлағанда бірлік пен ынтымақ мерекесінің жастарға жарқын тәлімін таңдаса керек. Бауырмал болуға, бір шаңырақ астында тату-тәтті күн кешіп, елдің дамуына өз үлестерін қосуға үндеген әкім сөзі кездесуге жиналған өзге ұлт өкілі жастарына да әсер етті.
– Мұрат Жолкелдіұлы, жалпы Жаңа­қорғанда қанша ұлт тұрса да ана тілге, салт-дәстүрге деген құрметі жоғары. Осы бірлік пен ауызбіршілікті қайткенде нығайта аламыз? – деді Д.Романов атындағы №53 орта мектептің мұғалімі Каюмжан Отабеков.
– Қазақта «Бөлінгенді бөрі жейді» деген тәмсіл бар. Иә, қазақ кеңпейіл, дархан көңілді халық. Осы бір асыл қасиетімізден айырылмау үшін ұлтқа қызмет ету жолында жұмыла жұмыс жасауымыз керек. Қазір біздің ауданда 600-ден аса түрлі ұлт өкілдері ғұмыр кешуде, олардың тыныс-тіршілігімен танысып келемін. Ең бастысы, бәріміз бір Отан, бір мүдде, бір болашақ жолында еңбегімізді еселей беруіміз тиіс. Сонда ғана еліміз одан әрі гүлдене бермек, – деді әкім.
Бүгінгі жастардың дені спорт­қ­а бет бұрды. Әсіресе, елді мекен­дер­де кешқұрым жастар бір сәт дене­шынықтырумен, әсіресе, футбол, во­­лей­болмен шұғылдануға әуес. Алайда, кей­бір ауылдарда жағдай жасалынбаған. Мәсе­лен, Қыраш ауылынан келген Бауыржан Әбдуәлі шағын алаңдардың тым ескіргенін алға тартса, Қазақбай Нұрғазы Сунақатадағы спорт кешеніне кіре алмаймыз деп ренішін білдірді.
– Менің ауданға келгенде алдыға қойған ең басты мақсатым – әлеуметтік мәселелерді шешу. Ардагерлер мен аналардың мәселесіне, жастарға қолдау білдіру еді. Қыраш елді мекеніндегі жасыл алаңдар екі ай көлемінде жөнделетін болады. Мүмкіндік болса, спорт кешенін салуға жұмыс жасаймыз. Ал, Сунақатадағы спорт ғимараты кешкі сағат 7-ден бастап жастардың игілігіне берілуі тиіс. Бұл мәселе өзге де ауылдарда бар, оны да кезең-кезеңімен шешетін боламыз, – деді аудан басшысы.
Праймериз кезінде кандидатурасын ұсынған ең жас үміткер Айсана есімді ару балалар жылына жоспар-межені сұрады. Аудан әкімі жоспар көп екенін алға тартты. Ең бірінші, кенттегі болашақ балалар паркін күзде бітіруге жұмыс жасайтынын айтты. Заманға сай, барлық спортпен шұғылдана алатын, балалардың аттракционы бо­латынын сызбадан көрдік. 2,6 гектар аумаққа салынатын инвестицияның әлеуеті расында көз тартады. Жастар орталығын салуға жұмыс жасайтынын, биыл уақытша болса да басқа ғимаратты әрлеп, сәнін келтіріп жастарға беру ойында бар екенін айтты. Жастар бұдан да басқа ойларын ортаға салып, идеяларымен бөлісті.
Аудандық жастар ресурстық ор­талығының ұйымдастыруымен өткен кездесу соңы әнмен өріліп, түнгі дала төрін түрлі аспаптардың әуені тербеді. Мұрат Жолкелдіұлы жастарға естелік ретінде орталық директоры Наурызбай Орынбасаровқа ноутбук табыс етті.
– Бүгінгі шараның мақсаты – жастар­дың аудан әкімімен емін-еркін дидарласу арқылы ойда жүрген сауалдарын, түйінді мәселелерін қоз­ғасын едік. Мүмкіндік болса әлі аудан әкімі өзі жастармен жиі кездесіп, бірге жұмыс жасауды көздеп отыр. Ол уақыттың еншісінде, дегенмен, жастар мәселесіне байланысты қыруар шаруа бар, Мұрат Жолкелдіұлы жас­тарға қай кезде болмасын есік ашық екенін жеткізді. Бұл да біздерге күш беріп, демеу болады, – деді Наурызбай Ерікұлы.
Бүгінгі тағылымды кездесуде ойын ашық айта алатын, креативті, жігерлі, отансүйгіш, патриот, қоғамшыл, өнерлі, ең бастысы, қазақы қасиетті бойына сіңірген, өр-рухты жастардың сан саланың жүгін көтеріп, елдік жолда қызмет етіп жүргенін көрдік. Сондықтан осындай жігерлі жастарға қолдау біл­діріп, олардың биік мұрат-мақсатына жол салуда аға буын ақылман болып, жөн көрсетсе нұр үстіне нұр.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
04 мамыр 2022 ж. 612 0