» » "Жаңақорғанның халқы жаратылысынан еңбекқор"

"Жаңақорғанның халқы жаратылысынан еңбекқор"



Жаңақорған ауданына басшылыққа келген бір жыл көлемінде аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетовтың Қаратау етегінде қоныс еткен қабырғалы елге берген бағасы осы болды. Еңбекқорлық – қасиеттің үлкені. Ол бар жерде алмайтын қамал жоқ. Осыны көре білген көреген көңілдің сенімін ақтап, ойға келмейтіндей жетістіктерге жете аламыз ба?
Мәселе сонда. Әлеуметтің әлеуетін тіктеу үшін оның тұрмысы түзелуі керек. Алғашқы күннен осы бағытқа бел шеше кіріскен әкім бірнеше қордаланған түйінді тарқатуы өз алдына Жаңақорғанға көп жаңалықтар әкелді. Сол жолда құр мансабын малданып, салбөкселікке салынған ескі сарындағы туырлықты сілкілеп, міндетті жұмысына жүрдім-бардым қарап жүргендердің шаңын қағып алуға да тура келді. Көбі қызметтен қуылатындай күйге де түсті. Бұдан ешкім зиян тапқан жоқ, әлімсақтан пендені ширатудың, шынықтырудың жалғыз амалы осы сынды, жылы сөйлеп, жұмсақ айтқанға бәрі жөнделіп кете берсе жақсы ғой, басшы адамның ондай да әдісті қолданып қоятынын жиі байқаймыз. Не болғанда да елге егелік етіп отырған соң барлығы өзінің бауырындағы баласы сынды, бірінің басынан сипап, бірінің жонынан таспа тілердей қаталдық танытқанда жаман болсын дей ме, бастысы, солардың бірін де қиянатқа қимайтыны, тіпті біреулері бетімен кетіп белін бүксе де соған бұл жақта тырнағын тістеп өкінетіні, жүрегімен қиналатыны анық.
Ең бастысы, осы кезеңде көңілге берік орныққан бір тұжырым – бейнетқор халықпен бір қолдан жең, бір жағадан бас шығара білсек, ойдағы бар мақсат орындалады. Аудан басшысының қазіргі бар арманы осы бағытқа негіз қалау. Қойнауы кенге, жайлауы малға, айтақырының өзін ақмаржанға айналдыруға болатын аймақтың ажарын мұнан әрі арттыруда циклдлы цивилизацияның талабынан кенжелеп қалуға болмайды. Табиғаттың тегін сыйын тетігін тауып, өзімізде өндіре білсек оның өзіндік құны еселеп артып, ел қазынасына енапат дәулет бітірері анық. Соған қалай қол жеткіземіз? Іс басында жүрген әрбір тұлғаның бүгінгі бар сарыуайым, арман-дерті осы сұрақтардың айналасын шарлап тағат таптырмай отырса ол да заман талабы.
Кеше, Кеңес одағының батыры Әнуар Әбутәліповтың 100 жылдық мерейтойында марқұмның обелискісі жанында батырдың рухына тағзым етуге жиналған халықпен бірге болған аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы осы басқосуды пайдаланып, тұрғындарды алдағы жобаларымен қуантып тастады. Құдай қаласа, ауданның өнеркәсіпті өңірге айналып, жандануына жағдай қалыптасып келеді екен. Аймақ басшысының Сыр өңіріне көлемді инвестицияның бетін бұрып, облыс бюджетін арттыруға қол жеткізуі жергілікті халықтың да маңдайының бағын ашып, перспективалы жобаларға жол ашуда. Соларды қарапайым тілмен түсіндіріп өткен әкім сөзін төмендегіше сабақтады:
- Жаңақорған ауданы халқына қажетті газды АГРС-тен 20 кубтық көлемде жүйелі алып отырмыз. Ал өндіріске пайдалану үшін оның көлемін екі есеге арттыру керек. Қазір осы бағытта жұмыс жасалуда. Ол іске асқан жағдайда , Шалқия бір бөлек, бұған дейін 150 тонна өнім беріп тұрған әк зауытының өндірісі екі еселенеді. Таяу күндері түрік компаниясымен келісімде томат пастасы зауыты жұмысы басталады. Зауытқа қажет өнімді өзімізде өндіруге өрісті ықылас жанданады, көкөніс шаруашылығы, жылыжай көлемі артады.Содан соң Шалқия кентінен ары бес шықырымдай жерде цемент зауытын ашсақ деп отырмыз. Егер осы өндірістер іске қосылса қаншама жұмыс орындары ашылады, салық қоржыны еселенеді, елдің әлеуеті артады. Осыған жастарымыз дайын болу керек. Кешегі толқын қандай еңбекқор, әлі сол пейілінен түспей, тіпті жасы сексенге келсе де жігерін серік етіп, кетпенімен болмаса да кеңесімен жәрдем беріп келе жатқан сіздердің өз аралаңызда қаншама еңбек адамын мен әрдайым көріп жүрмін. Осы қасиетті жастардың бойына сіңіру керек. Бәрі емес, бірақ көбінің бойында жалқаулық басым, АСП—ға арқа сүйейді, тіпті кейбірінің сол үшін келінмен өтірік ажырасатын арсыздыққа баруы да ұялатын, тіпті қауіптенетін жағдай. Біз жастарды осындай қылтың-сылтың жеңіл жолмен ақша табу сынды әдеттен сақтандырып, тартымды тіршіліктің көзін аршып берсек дейміз, - деді. Ауылдың үлкендерін, халық қалаулыларын осы бағытта ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырды.
Олай болса, «ЖАРАТЫЛЫСЫНАН ЕҢБЕКҚҰМАР» деген жоғары баға, алғаусыз сенімге лайық болу бәрімізге ортақ міндет, АҒАЙЫН!

                                                                                                                                                Баян Үсейінова
08 мамыр 2023 ж. 130 0