Жаңаға бетбұрыс Жаңақорғаннан бастау алды
Сейсенбі күні ауданымызға ат басын бұрған аймақ басшысының алғашқы сапары толайым оң істерді бағдарлап, тұғырлы бастауын туған жерден тіктеуді мақұл көрген мақсатты мазмұнына тәнті етті. Зал тола жиналған аудан активі, тұрғындар өкілдеріне ыстық сәлемін жолдаған облыс басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың сөзі төмендегідей өрбіді:
– Мемлекет басшысының туған жеріме тер төгуіме мүмкіндік беріп отырған сенімі маған зор жауапкершілік жүктейді. Сыр елінің әлеуметтік, экономикалық, мәдени дамуы жолында, өздеріңіздің қолдауларыңызбен әріптестеріммен бірге аянбай еңбек етіп, осы кезге дейін жинаған тәжірибем мен бар білім-білігімді, күш-жігерімді ел игілігіне арнаймын, – деді ол.
Президент ұсынған жаңа Қазақстан бастамасын қолдай отырып, әр мәселені кезең-кезеңімен шешу бағытында кадрлық өзгерістердің өзектілігіне тоқталды. Жаңару жолында жаңа леп керек, осы бағытта байыпты ұстанымын туған жерден бастауды ұйғарғанын жеткізді. Осыған дейін Жаңақорған ауданы әкімі қызметін абыроймен атқарып келген Руслан Рүстемұлының аудан экономикасын, ел әлеуетін көтерудегі өзіндік қолтаңбасына лайықты бағасын берді.
Өткен жылдардағы дағдарысқа қарамастан ауданның макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша жоспарлы межені асыра орындап келгені, мал шаруашылығы бойынша өткен жыл қорытындысымен «Озат аудан» атанғанын тілге тиек етті. Облыста тұңғыш рет кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскелері электрондық форматты аукционға көшуі нәтижесінде жер сатуда бюджет түсімі 10 есеге артқан. Бұдан өзге кәсіпкерліктегі оң бетбұрыстарға тоқталды. Соның ішінде жылына 3,5 мың тонна өнім шығаратын құс фабрикасы құрылысымен танысып, қажетті қосымша қаржыны алуға қолдау-көмек болатынын да атап өтті. Келесі кезекте Жаңақорған ауданына жаңадан тағайындалған әкім Мұрат Жолкелдіұлы Тлеумбетовты таныстырды. Бұған дейін өңірде күрделі үш басқарманың жұмысына жетекшілік етуде жоғары кәсіп деңгейімен танылған стратег тұлғаның аудан тыныс-тіршілігіне серпін әкелуде сапалы қолтаңбасын қалдыратынына сенім білдірді.
Өзі басқарып келген аудан жұртшылығы алдында сөз алған Руслан Рүстемұлы мақсатты маңыздағы міндеттерді еңсере білгені өз алдына, ел тарихын жаңғыртуға қосқан елеулі еңбегі – «Туған жерге тағзым» экспедициясының жемісті нәтижесі және киелі өңірдің тарихын қамтитын төл туындысы «Жадымдағы жазбалар» кітабының жарық көруін көңілдегі басты біткен іс санайтынын жасырмады.
Ол барлық істе өзіне қолдау білдірген елге ризашылығын жеткізді. Мұнан соң сөз алған Жаңақорған ауданына жаңадан тағайындалған басшы Мұрат Жолкелдіұлы Қаратау қойнауы бауырынан ұшқан ерек тұлғаларының өсиетімен де, кенге бай, пейілді жомарт қасиеттімен де қадірлі екенін, осы мығым туырлықты тұғырында ұстап, жаңа жетістіктерге түрен салуда аймақ басшысының өзіне зор сенім артып отырғанын жауапкершілік сезіммен қабыл алып, бар қажыр-қайратын жұмсап қызмет етуге әзір екенін жеткізді.
Ел Президенті Қасым Жомарт Кемелұлының Жаңа Қазақстан: «Жаңару мен жанғыру жолы» атты халыққа Жолдауына сай ел жағдайын дәйекті түрде ілгері дамытуды және азаматтардың тұрмыс деңгейін арттыруды басты назарда ұстайтынын жеткізді.
Халықтың әл – ауқатын көтеру – бүгінгі күннің басты міндеті. Облыс әкімі осы бағытта өндірісі дамыған өңірлердің іс-тәжірибелерінен тың әдістерді қолданып, аймағымызда пайдаланылмай жатқан резервтерді іске асыру жобаларын тарқатты. Өндірісті барынша қолдау, ауыл шаруашылығында негізгі дақыл – күріш көлемін қысқартпау бағытында атқарылып жатқан іс-қимылдарды да бүгіп қалмады. Экономика саласына инвестиция тарту, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша нақты жұмыс жобаларын ортаға салды. Қазіргідей дағдарыс жағдайында бюджеттің әр тиынын үнемді пайдалану тетіктері бойынша жіті қадағалау болатынын ескертті. Елге бірінші кезектегі қажеттілікті қамтамасыз етуде үнемділікті үйлестіру арқылы үлкен түйткілдерді тиянақтауға болады, осы бағытта тиісті тұлғаларды жанашырлық пен жауапты іс-қимылға шақырып, нақты тапсырмаларын берді. Жиын соңында ел ақсақалдары атынан еңбек ардагерлері Серқожа Ыдырысов, Зинабдин Шермағамбетов, Наятулла Қарақожаев сөз алып, жаңадан ел басқару тізгінін қолға алып отырған азаматтарға Жаңақорған халқы атынан тілек айтты. Ұлттық үрдіс үлгісімен бата берді.
Баян ҮСЕЙІНОВА