СОҒЫС тақырыбында жазылған әндер сайысы
Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында Ұлы жеңістің 73 жылдық мерекесіне орай «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының қолдауымен Бесарық бекеті клуб үйінің ұйымдастыруымен соғыс жылдарындағы әндер қайта жаңғырды. «Құрыштан құйған құдірет» атты тақырыпта өрбіген аудандық байқауға әншілер жанды дауыста ән шырқады.
Рухани шараның бастауы Талап ауылдық округіндегі тағзым алаңына гүл шоқтарын қоюмен басталды. Соғыста ерлік көрсеткен ардагерлердің есімі ұлықталып, Құран бағышталды. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев пен ауылдық округ әкімі Ербол Тақырбасов құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Батырлар ерлігі қашанда ұрпаққа өнеге, олардың ерлігі, елшілдігі бүгінгі буынға үлгі-өнеге. Бейбіт те берекелі күннің куәсі болып отырғанымызға шүкір... – деді Мәжит Балқожаұлы.
Сонымен, көптен күткен ән байқауының шымылдығы түрілді. Сынға түскелі тұрған он қатысушы туған өлкенің туын тіктеп келген өнерпаздар. Оның ішінде аудандық мәдениет үйінен Талап Тотаев пен Лаура Андриасян да бар. Ашылу салтанатында Мәжит Байқожа ұлы мен Ербол Өмірбекұлы және ауылдың ақсақалдар кеңесінің төрағасы Төлеген Әбдірәйімов Жеңіс күнімен ауылдастарын құттықтап, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Келмеске кеткен ұл майданда ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің ерлігін елі ешқашан ұмытпайды. Бұл күн біздерге, өсіп келе жатқан ұрпаққа аманат етілген мейрам. Сондықтан, осындай шаралар арқылы жастар бойына патриоттық тәрбиені дарытып, Отанды сүйюге үйрете білуіміз керек. Мұндай соғыс енді қайта болмасын, келер ұрпақ осы бейбіт күннің ізін жалғап, егемендігіміз мәңгі жалғассын, – деді Төлеген ата.
Алдымен сахна төріне «Әлия» әнімен Қосүйеңкіден келген Раушан Шаметова көтерілді. Тек жанды дауыста ән шырқаған қатысушылар көрермендерін әуезді әндерімен сусындатты. Дегенмен, көптің алдында қобалжып, сөзін ұмытып қалған жандар да болды. Дегенмен, шын жүйрікке тұсау жоқ демекші, сахнада тұру мәнері, өзіндік дауысымен дараланған әншілердің арасынан әділ қазылар жеңімпаздарды анықтады. Қазылар құрамында сазгер, әнші Оразғали Бидашов, ұстаз Шарбану Жиенбаева болды.
Қатысушылар ынталандыру сыйлықтарын алғаннан кейін жүлдегерлерді марапаттау басталды. Үшінші орын Қымбат Төлеманова мен Жомарт Жанұзақовқа бұйырса, екінші орынға Сұлтан Нұрбаев мен Роза Мәдиева тұрақтады. Бірінші орынға «Арман» кенттік мәдениет үйінің қызметкері Рашид Ертаев лайықты деп танылса, бас жүлде «День победы» әнін нақышына келтіре орындаған Олжас Ормахановтың қанжығасында кетті.
Айта кететіні, аудандық мәдени шаралардың басы-қасында жүретін Жәнібек Сыздықов клуб үйінің қызметкерлерін рухани шараға ұйыстырып, жоғары деңгейде өтуіне күш салыпты...
Әли ТЕМІРБЕК.