№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Кітапханадағы түн

Кітапханадағы түн


Кез келген табалдырығынан еркін, тіпті еркелей еніп, енапат білімнің қайнарына бас қоятын кітапхананың ұшан-теңіз қызметі жай көзге елене бермеуі мүмкін. Өйткені кітап-түбі жоқ мұхит. Тілсіз қазына. Ізденгенге керегін тегін ұсынып, қызметіне ақы сұрамайтын даналықтың дариясы.
Кітапханадағы түн. Дүние жүзінде аталып өтіп келе жатқан мереке. Бұл үрдіс тұңғыш рет өз ауданымызда да өріс тапты.
Таңсық тақырыпты таңғажайып мазмұнда ұлықтауды мұрат тұтқан руханият орталығының жаңа басшысы Әсемгүл Тілеубергенованың киелі мекеннің кемел көкжиегін көрнекті композициямен көмкеріп, сәні мен салтанатына қауыштыруға талаптанған талабына дем берген аудандық мәдениет бөлімі басшылығы мен шығармашылық тобының, аудандық өнер мектебі және Жаңақорған агроколледж ұжымы сынды бірқатар мекемелердің ынтымақты тірлігі бір арнадан табылды. Нәтижесінде қараңғыда жарық сәулесін төккен айдың нұры іспетті осы түн іші-сырты самаладай жарқыраған тағылым орнының рухани қуаты тайға таңба басқандай таразылана түсті.
Олай дейтініміз, Кітапханадағы түнде бір уақытта 20-ға жуық рухани шараның куәсі болдық.
Кітапхананың артқы беткейіндегі атшаптырым алаңқайдың безендірілуінен бастасақ, тау кейпінде текшеленіп жиналған қырлы қой тастар жалтырата боялып, ертегі қалашығы бой түзепті.
Кітаптар шеруі, библио арбаты, ойын алаңқайы, таңғажайып табиғат бұрышы, ұлттық құндылықтар мен қолөнер шеберлерінің көрмесі белгілі орындарға жайғастырылыпты. Көрермендер библио арбатты тамашалап, жергілікті ақын-жазушылар Тынымбай Нұрмағанбетов, Дүкенбай Досжанов, Жолтай Әлмашұлы, Жақсылық Рахматулла,Адырбек Сопыбеков, Файзулла Сахиев сынды қаламгерлердің туындыларымен танысты. Сондай-ақ, Астананың 20 жылдығы, Қызылорданың 200 жылдығына орай көрме жасақталыпты.
Одан әрі «Таңғажайып дүние» гүлдер бағы сұлулыққа құштар көңілдерге қуаныш сыйлады. «Өнер сиқыры» деп аталатын құммен өрнек салу эскизі де өзіндік құпиясымен көрген көзді қызықтырды.
«Кім жылдам?» деп аталатын оймен ойын, «Көкейімде бар әлем» тақырыбында безендірілген шебер қолдар көрмесі, «Әдеби лото» интеллектуалды ойыны мен «Суретшілердің рухани әлемі» байқауы өз талапкерлерімен танылды:
Кітапхана – елдіктің ескерткіші, адамды ақ пен қара, сары деп бөлмейтін, білімге ынтызар жандарды сүйетін, қадірлейтін қараорын, ұлттық рухнамасы. Әрбір жұрттың тегіне терең үңілдіретін, тағдыр-тарихын қопарып, өткеннің мөлдір жақұтымен қайта табыстыратын тазалықтың мекені. Талант иесі Зульфия Шалабаеваның сценарийімен қойылған. «Кітапхананың түнгі әлемі» шоу – бағдарламасы осынау құбылысты өнер тілінде шебер бейнеледі. Жүргізуші жұптар сахна төріне шығып, халықтың ауыз әдебиетінен, Абай өлеңдерінен үзінді оқыды. Қалмахан Әбдіқадыровтың «Мың бір түн» кітабын жарық айдың сәулесімен оқып, мәңгі жұтамас өнер туындысының өміршеңдігін өрнектеді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында: «Жаһандық әлемде заманауи қазақстандық мәдениетті ілгерілету үшін кітапхана саласының міндеттері зор болмақ» деп атап көрсетілген. Рухани орталық жұмысының мазмұнын байытып, мәртебесін асқақтатуда асқаралы міндеттерді алға қойып отырған аудандық кітапхананың 80 жылдығына орайластырылған «Кітапхана – алтын қазына» деп аталатын мәдени шараны ашқан аудан әкімі Ғалым Махмұтбайұлының сөзі төмендегіше өрілді.
– Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. «Кітап дегеніміз алдыңғы ұрпақтың артқы буынға қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ ой ойлаудан да тыйылар едік», – деген Ғабит Мүсірепов. Жас буынның кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыру, кітапты насихаттауда бүгінгі шараның маңызы зор. Осындай акцияны жыл сайын өткізіп отыруды қолға алу керек.
Келесі сөз кезегін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тарихи-мәдени мұра, музей және кітапхана бөлімінің басшысы Жанар Нұржақипова алып, кітапхананың мәдени-рухани әлеуетін биіктеткен бүгінгі шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Сондай-ақ, жиында Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Нұржамал Ахметқалиқызы, аудандық және қоныстық ардагерлер Кеңесі төрағалары Өмірсерік Тақырбасов пен Мұзарап Махмудовтар шығып, сөз сөйлеп, ақ тілектерін қосты.
Кеш барысында соңғы кезде әлеуметтік желіге арбалып жалаң және мағынасыз мәліметтерге уақыт ұттыратын жастарымыздың кітап оқуға құштарлығын арттыру мақсатын көздеген «Жастар алаңында» «Шешілмеген құпиялар кеші», «Ұшқыр ой мен шешен тіл» сайысы өткізіліп, «Жазушыны таны да сыйлығыңды ал» кітап кафетерийі ұйымдастырылды.
Салауатты өмір салтын насихаттау барысында «Библио спорт» алаңында шахмат турнирі өткізілді. Ойынға шахматтан ересектер арасында облыс чемпионы Ерсерік Әділет жетекшілік етті.
Шараға қатысушыларға үлкен әсер сыйлаған кітапханашыларымыз Клара мен Жансая құстардың дауысымен гүлдермен көмкерілген бөлмеде келген қатысушылардың рухани азығын молайту мақсатында бабаларымыздың ұрпағына қалдырған нақыл және қанатты сөздерін сыйға тартты.
Ұшқыр ой мен шешен тілділікке шақыратын арнайы әзірленген білім құдығының мақсатын ойын ретінде өткізген Роза мен Мира ұшқыр ойлы, шешен тілді жеңімпаздарға түрлі сый-сияпаттар жасады.
Қонақтарымыз бал тілді балалар әлеміне енгенде аудандық балалар кітапханасы «Библиокафе», «Буккросиинг» ұйымдастырып және қуыршақ театры арқылы «Бауырсақ» ертегісін сахналап, бал-бөбектерімізді үлкен қуанышқа бөледі.
Абонемент бөлімінде ұйымдастырылған «Кітап кафетерийінде» Мейрамкүл талай ұрпаққа шығармаларымен өшпес мұра, сөнбес шырақ қалдырған қазақ әдебиетінің жауһарларының шығармаларынан сұрақ-жауаптар мен үш тілге шешен оқырмандармен ойын ойнатып сыйлықтар табыс етті.
Әдебиет – кинематографияның анасы. Кино залында заңғар жазушыларымыздың кітап желісімен түсірілген «Көксерек», «Менің атым Қожа», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» кино фильмдері көрсетілді.
Оқу залында «Кітапхана – рухани жаңғыру ошағы» атты қаламгерлермен кездесу кеші болып өтті.
Кеш барысында 1928 жылы іргесі қаланған кітапхана тарихы бейнеролик арқылы көрініс тапты. «Бір ел – бір кітап» акциясына орай жасақталған «Қазақ әдебиетінің ұлы тұлғалары» көрме инсталяция оқырман назарына ұсынылды.
Жаңақорғандық қаламгерлердің қатысуымен ұйымдастырылыған «Кітапхана – рухани жаңғыру ошағы» атты кездесу кешіне аудан әкімі Ғалым Махмұтбайұлы қатысып, жылы лебізін арнады. Сондай-ақ, қадірлі қонақтар қатарында аудандық ардагерлер кеңесі Құрметті төрағасы Зинабдин Шермағанбетов, ақындар Файзулла Сахиев пен Жақсыгүл Бегмановалар ілтипатты тілектерімен бөлісті.
Танымал тұлғалардың қолтаңбалары жинақталған кітап коллекциясы қойылды. Шараға келген танымал тұлғалар мен ақын-жазушылардың қолтаңбалары алынды. Жалағаш ауданының Мәдениет ауылы мен Байқоңыр қаласы, Төретам кенті Онлайн Орталықтары онлайн режимде өздерінің құттықтау тілек-лебіздерін білдіріп, кешті тамашалауға мүмкіндік алды.
Ғасырлар бойы адамзаттың жәрдеміне жарап, қажет жерінде қаруы, дерттің дәруі, кез келгеннің ең жақын да жанашыр досы бола білер асыл қазынасы – кітап мерекесі кеудесінде оты бар оқырманды осындай шат-шадыман шалқар қуанышқа кенелтті.
Кітапханадағы түнді ұйымдастырушы, кітапхана директоры Әсемгүл Тілеубергенова қорытынды сөз сөйледі.
Сағат тілі түнгі 12-ге жақындапты. Жанарында жарқыл ойнаған кәрі-жас әдемі әсерден арыла алмай, бұрыш-бұрышы ғибратқа көмкерілген кітапхананың іші-сыртын тамсана тамашалаудан жалықпады. Той болған шаңырақ түңлігінен береке тасып төгіліп, тілектес көңілдердің шуағына шомылып тұратынындай бұл түні кітапхананың жарығы көпке дейін сөнбеді.

Баян Үсейінова.
15 мамыр 2018 ж. 3 181 0