№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » "Құрылыс материалдары 5-6 пайызға қымбаттайды" – Құрылысшылар ода­ғының төрағасы

"Құрылыс материалдары 5-6 пайызға қымбаттайды" – Құрылысшылар ода­ғының төрағасы


Құрылыс – экономиканың локомативі. Десек те, соңғы жылдары құрылыс материалдарының құнының ай сайын қымбаттауы мәселеге айналды. Ағымдағы жылдың сәуір айында құрылыс бағасы 70 пайызға көтерілген. Барлық жерде тұрғын үй, мектеп, балабақша, тағы басқа әлеуметтік нысандар көптен салынып жатыр. Жаңа тұрғын үйлер қатары артты. Әйтсе де, өз елімізде шығарылатын цемент, ағаш, одан қалды құмның бағасы неге шарықтағанын жұртқа түсіндіріп жатқан ешкім жоқ. Баға қашан тоқтайды? Өзімізден қандай құрылыс материалдары шығады? Қай материалды импорттаймыз? Бүгін біз осы тақырып төңірегінде саралап көргенді жөн көрдік.


Бұл мәселеге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алаңдаушы­лық білдіріп, жауаптыларға тапсырма жүктеді. Басты мақсат – құрылыс материалдары мен тұрғын үй бағасының өсуін тежеу. Құрылыс материалдарының қымбат­тауына әсер еткен бірден-бір фактор – импорт. Яғни, нарықтағы бағаға шетелдік компаниялар мен жекелеген делдалдардың әрекеті әсер еткен.
Әуелі өзіміз қай материалды импорттаймыз? Өзімізде не жасаймыз? Атын атап, түсін түстеп алайықщы. Қазақстанда кірпіш, газоблок, цемент, құм, қиыршық тас, бетон, арматура, қыш тақта, желім, гранит, мәрмәр шығарылады. Бірақ жетпейді. Жетпеген соң шеттен импорттаймыз. Мәселен, Ресейден арматура, сыр, керамика, кірпіш, алюминий профилі, панель, линолеум, шыны және ағаш бұйымдар сатып аламыз. Түркиядан керемика, гранит, лифт, мәрмәр, санфаянс, Қытайдан гранит, қыш тақта, керамика, лифт және сантехника бұйымдары келеді екен. Жақсы, сырттан келетін тауардың құны құбылатыны белгілі. Ал, өзімізде шығатын тауардың ба­ғасының өсуіне жол болсын. Мысалы, цемент былтыр, яғни 2022 жылы 1300 теңгеден сатылса, биыл 1700 теңдеген саудалануда. Қиыршық тас тіпті 3 есе қымбаттап кеткен. Құм да солай. Мұның бәрі Қазақстанда шығады емес пе?

Мақаланы жазу барысында құры­лысқа қажетті арматураның бір айда 1 ақпаннан 1 наурызға дейін 26 пайызға, кабель 24 пайызға, аллюминий профиль 25 пайызға, фанера 9 пайызға, кірпіш 5 пайызға, линолеум 7 пайызға, сан­техника, электро жабдықтар 15 пайыз­ға өскенін білдік. Соның салдарынан болар, қазір үйдің де бағасы шарықтап тұр. Әсіресе жер үйдің бағасы аспандап кеткен. Кемінде 2 бөлмелі үй алу үшін 10 миллион теңгеңіз болуы керек. Ал жер үй сатып алсаңыз да, салсаңыз да орта есеппен 20 миллион теңге кетеді. Баға қанша есе көтерілсе де жұрт құрылыс материалдарын сатып алуға мәжбүр. Оның үстіне, тап қазіргі кезден бастап күзге дейін құрылыс тауарларының бағасы «ұшқаны ұшқан». Там салған ағайынның шарадай басы шақшадай болып, үсті-үстіне несие алып жатқанын енді ғана түсінгендейміз. Тіпті, қоныс той жасағандардың көпшілігі үй салуға емес, дайын үйді сатып алуға кеңес береді.

Ал, Қазақстан құрылысшылар ода­ғының төрағасы Талғат Ерғалиевтің айтуынша, құрылыс материалдары ай сайын 5-6 пайызға қымбаттайды. Құ­­ры­лыс материалының қымбат­тауы­мен қоймай, жұмыс механизмі мен көрсетілетін қызметтердің де құны әжептеуір өскен. Құрылысшылар жыл сайынғы 10-15 пайыздық қымбаттауға үйреніп те қалды.
Енді аудандағы жағдай қалай? Кенттегі құрылыс дүкендеріне арнайы бас сұғып, қажетті затттардың ба­ғасын қарап, салыстырып көрдік. Байқағанымыз, күні кеше арзан тұрған заттардың бағасы едәуір қымбаттағанын анық көруге болады. Мысалы, кент тұрғыны Самат Қуанышұлы үлкен үйдің құрылысын былтыр жазда бастаған екен. Қажетті материалдарды алғашында басқа бағамен алса, кейіннен әлдеқайда қымбатқа сатып алыпты. Айтуынша, жоспарлаған шығын көлемі еселеніп барады.
– Былтыр жаз айында үйдің құрылысын бастадым. Сәуір айының басында біраз материал алдық, мысалы, 16 арматураны 450 теңгеден алғанбыз. Соның жетпегенін мамырда 650 теңгеден алдық. Цемент те қымбат. Күзде қаражаттың ыңғайы келіп, Түркістан қаласынан есік әкеліп қойып едім. Бір есікті 40 мың теңгеден алғанмын. Енді араға 4 ай салып, дәл сол есіктің бағасы 65 мың теңгеден пұлданып жатыр. Егер аудандағы бірнеше сауда нүктелерін аралап шықсаңыз, бұған өзіңіздің де көзіңіз жетеді. Айталық, көктемде құрылыста жиі пайдаланылатын 1 OSB тақтасының бағасы 3 мың теңгенің ар жақ – бер жағында тұрса, бүгінде ондай баға түгілі, материалдың өзін табу қиын. Бірақ олардың да бағасы аспандап кеткен. Оңтайлы бағаға тұрмақ, керек затыңыз табылса қуанасыз. Үлкен ағамның айтуымен үйдің төбесін жабатын қаңылтырды Шиеліден әкелдім. Несін жасырайын, бізге қарағанда ол жақтың базарында қанағат бар екен. Дейтұрғанмен қазірде сауда орындарында нарыққа мониторинг жасап, тежеу салуға тиісті орындар дәрменсіз. Содан соң базардағы бағаға тәртіп бола ма? – дейді қынжыла.

Иә, біз тілдескен қарапайым ха­лықтың пікірі осындай. Жаңақорған ауданындағы «Ақ жол», «Ержан», «Тал­ды су», «Шаңырақ», «АI Madi» және бірнеше ағаш базарына бас сұқтық. Сауда­герлердің сөзінше, құрылыс ма­териалдары ай сайын үстеме бағамен саудаланып жатыр екен. Мәселен, темірдің құны бірден 70 пайызға ша­рықтаған. Цемент екі есеге өскен. Қызыл кірпіштің құны да қырық құбылып тұр. «Бағаның өсуі бізге байланысты емес» дейді сатушылар.
– Бізге келушілер тауардың бағасын ести салысымен бірден реніштерін білдіріп, «қанағат етпейсіңдер ме?» деп жатады. Біздің қолымызда тұрған ештеңе жоқ қой. Құрылысқа қажетті заттар­ды өзіміз өндіріп жатқан жоқпыз. Бізге сырттан көлікпен келеді. Шыны керек, үстіне көп те қоса алмаймын. Өйткені, келу бағасының өзі айтарлықтай қымбат. Мысалы, былтыр 14 мың теңгеден сатылған шипр материалы биыл 18 мыңға пұлдануда. Бізге құрылыс материалдары барлық мемлекеттен келеді. Соның ішінде ең көбі Ресей, Түркия, Қытай, Иран, Араб елдерінен тасымалданады, – дейді сатушы Қанат Баймұратов.

Құрылыс материалының негізгі түрі ағашты Ресейден алып отыр екенбіз. Онсыз үй салу мүмкін емес. Іргетасынан бастап шатырына дейін пайдаланатын құрылыс материалының бұл түрінің қалдығы да кез келген жерде пайдаға асады. Ең ақыры ұсақ жаңқасынан ДВП, ДСП жасалып, төбеге де жылулық ретінде қолданылады. Кент орталығындағы базарда бір текше метр ағаштың құны – 130 000 теңге. Өзге заттарды несиеге немесе қарызға келістіруге болатын болса, ағашты тек нақтылай ақшаға саудалайтынын айтады сатушы Жақсылық Еламанов.
– Ағаштың құны арзандамайды. Жыл сайын өсуі де заңды. Біз текше метрлеп сатпаймыз. Сатып алушылар ағаштың көлемі мен санын айтады. Сол бойынша есептеп береміз. Қыс бойы тапсырыс беріп, ауламызға жинай береміз. Ағаш өз құнын ешуақытта жоғалтпайды, – дейді сатушы.

Көп қолданылатын құрылыс мате­риалдарының тағы бір негізгі түрі – қаңылтыр шатырлар. Бұл да қалдықсыз материал. Оның оннан астам түрі бар. Ал түссіз қаңылтыр шатырлар арзан болады. Сапасына келсек үш түрі бар. Жұқа, орташа, қалың. Сіз қалтаңыздағы қаражаттың көлеміне қарай таңдайсыз. Ұзындығы 6, ені 1,20 метр түрлі түсті профлистің бағасы – 15 мың теңге. Мұнымен шатырды жабу ыңғайлы әрі тез. Сонымен қатар заман талабына сай үйіңіз бен қақпаңызға сән береді. Ал түссіз қаңылтырларды шаруа қожалықтары қораның төбесін жабуға, мал ауласын қоршауға көп алады екен.
Сонымен қатар, пластикалық те­резелерді жасаушылар да көктемнен бері есік-терезені өндіру бағасын кө­теріп жіберген. Осыдан біршама уақыт бұрын бір терезені 25 мыңға жасатсаңыз, енді 40-45 мың теңгенің айналасында. Біздің ауданымызда пластик есік-терезе жасайтын ұсталар аз емес. Солардың бірі Самат Қамбаровтың сөзінше есік, терезені өздері жасағанымен, қажетті заттарды сырттан алдырғасын, баға үнемі өзгеріп отырады дейді.
– Шыны керек, біз пластиктен жасалатын бұйымдарды өзіміз құрас­тырып жасағанымызбен, оған қажетті заттарды өзіміз өндірмейміз ғой. Бас­қа жақтан алдыртамыз. Әр алдыртқан кезде әртүрлі бағада келеді. Ол зауыттан «неге қымбат» деп сұрасақ, доллар өсті дегенді алға тартады. Біз барынша халыққа тиімді бағада жұмыс жасап жатырмыз. Осыдан бір жыл бұрын орташа размердегі терезені 30-35 мыңға жасауға болатын. Қазір, кем дегенде 50 мыңға жасап береміз, – дейді пластик құрастырушы.

Байқағанымыздай, құрылыс мате­риалдарын сөз еткенде, бізде көбіне сыртқа тәуелділік басым. Жылдан-жылға жағдайдың жақсарғанымен қым­батшылық қиыншылығы қыспақтап тұр. Сәулетті үй тұрғызғымыз келеді, несиеге ұрынамыз. Банкке бір қарыз, құрылысшыға тағы тәуелділік туын­дайды. Бүйте берсе күрке тұрғызу да күрделеніп кететін түрі бар. Бұдан қарапайым халық қана қағажу көреді.


Әсел РЗАЕВА

11 сәуір 2023 ж. 377 0