№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҰБТ-2023: жоғары балл жинаудың сыры неде?

ҰБТ-2023: жоғары балл жинаудың сыры неде?


ҰБТ науқанының екінші кезеңі мәресіне жетті. Жаңақорғандық талапкерлер облыс бойынша үшінші сатыда тұр. Тестілеуден өтуге тиіс 1095 оқушының 773-і қатысып, бақ сынады. Екі кезеңде де ең жоғары көрсеткіш көрсеткен №240 орта мектептің оқушысы Гүлнұр Сырманқызымен бұл жетістігінің сырын бөлісуді өтіндік.


Жалпы, Қандөз ауылындағы №240 мектептің оқушыларының білім деңгейі жыл санап артып келе жатқанын ҰБТ көрсеткішімен де, пәндік олимпиадаларымен де аңғаруға болады. Бұл туралы мектеп директоры Кенжехан Толқынбаев: «Президент пәрменіне сай оқушылардың білім сапасын жақсартуға еңбек етіп келеміз. Біздің ұжымда білікті ұстаздар қатары артып, жаңашыл тәлімгерлер қалыптасуда. Бұл білімгерлердің заманауи білім алуына жол ашуда», – деді.
Мектеп озаты Гүлнұр Сырманқызы болашағын медицина саласымен ұштастырмақ ниетте екен. Ұстаздар отбасынан шыққан жас биыл аудандық пәндік олимпиадасында бірінші орын алса, облыстық деңгейде үшінші орынды місе тұтты. Ал, ҰБТ көрсеткіші бойынша бірінші кезеңінде 139 балл, екінші кезеңінде 126 балл жинап, аудан абыройын асқақ етті. Екі кезең бойынша көш басында келе жатқан талапкердің тиянақты дайындығы туралы өзінен сұрап білдік.
– Біз сынып болып тестке дайындықты екі жыл бұрын бастаған едік. Сынып жетекшіміз Әскербек Шегенов бос уақытымызда он бір жылдық білімімізді бір пысықтап шығуға талап етті. Биыл соның нәтижесін көріп отырмыз. Қазіргі кезде білім шыңдауға мүмкіндік мол. Тек талпыныс пен мақсат болса болғаны. Кейбір замандастарым өз болашағына немқұрайлы қарап, уақытын бос өткізіп жүр. Мен айтар едім, болашақты тек білімді жастар ғана құрайды. Оған тек өз еңбегімізбен жете аламыз, – дейді Гүлнұр Сырманқызы.
Гүлнұрдың тал бойында барлық өнер ұштасып жатыр деуге негіз бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын мәнерлеп оқу байқауларынан топ жарған еді. Әдебиет пен мәдениетке де, ғылым мен білімге де жаны құштар. Мектепішілік мәдени шараларда өз өнерін көрсетіп жүрген таланттың бойынан жан-жақты ізденісті байқадық. Перзентін жастайынан көпшіл болуға баулыған анасы Ақжарқын Сәрсенбаева отбасында жанашыр мейірімге бөлесе, мектепте талапшыл ұстазы екен.
– Гүлнұр қызым жастайынан зерек әрі алғыр боп өсті. Мектепті «алтын белгіге» бітіреді деп үміт етемін. Алғашқыда химия-биологияға деген ынтасын көргенде уақытша қызығушылық шығар деген едім. Күн сайын өзінің талпынысын байқатқаннан кейін осы бағытта білген-жиғанымды үйрете бастадым. Ол осы жолды менің ықпалымсыз өзі таңдағанына қуандым, – дейді пән ұстазы Ақжарқын Сәрсенбаева.
Жаңа заманға сай білім алу үшін ол қосымша білім беру орталықтарымен дайындығын пысықтауда. Ол: «Ауылда интернет жылдамдығы артты. Бұл талапкерлердің ізденуіне жол ашады. Мен таңдаған мамандыққа үміткерлердің басым көпшілігі үлкен қалалардағы беделді оқу ошақтарының түлегі болары сөзсіз. Мен де сол талапқа сай болуым үшін жан-жақты болуым керек деп санаймын», – дейді Гүлнұр.
Біз кемел келешек үшін өзінің бағыт-бағдарын айқындап, армандарына талпынған түлекті жігерлендіріп, басты мақсатқа жетуде ізденісін арттыра беруіне тілектестік білдірдік.

Мақпал МАРҚАБАЙ
11 сәуір 2023 ж. 382 0