№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » "АУДАНДА БІЛІМ КӨРСЕТКІШІ АРТЫП КЕЛЕДІ"

"АУДАНДА БІЛІМ КӨРСЕТКІШІ АРТЫП КЕЛЕДІ"



Әлемдегі өркениеті дамыған отыз елдің қатарына қосылуды мақсат еткен еліміз қашанда білім мен ғылым саласын дамытуды ұмыт қалдырған емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі өткен VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сесиясында орта білімнің деңгейін арттыру үшін батыл шешім қабылдау қажеттігін нықтап айтты. Біз осы тұста Жаңақорған ауданы білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұрлан Базарғалиұлы Дәулетәлиевпен сұхбаттасып, көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алдық.

–Нақ бүгінгі күндері әсіресе мектеп бітіруші білімгерлерүшін жан-жақты дайындыққа кірісіп, он бір жыл бойға жиған –тергенін жинақтап жатқан шешуші кезең. Осы тұста өзіңіз бірнеше оқу ошақтарын аралап шықтыңыз. Алда қандай міндеттер тұр?


– Жаңақорған ауданы мен үшін таныс аймақ. Бұған дейін облыстық білім басқармасында мектепке дейінгі және орта білім бөлімінде басшы қызметінде болғанмын. Сондықтан бұл ауданның білім саласынның жай-күйін жақсы білемін. Жаңақорған ауданындағы 43 мемлекеттік мектеп пен 7 жеке білім беру ошағыжұмысымен таныспын. Ауданда 19 мыңға жуық балалар орта білім алуда. Мектепке дейінгі ұйымдар 117 болса, 82-і жеке меншік, 26 мемлекеттік, 9 шағын орталық жұмыс жасауда. Жалпы, онда алты мыңға жуық бүлдіршін тәрбиеленуде.
Облыста халық саны жағынан көш бастайтын аудандағы білім ошақтарының білім беру сапасы қалыптасқаны байқалады. Кенттегі мектептерде бірқатар мәселелер бар. Тарқатып айтсақ, қолайлы жайғдайда білім алу үшін әрбір баланың қауіпсіздігін назарға алу керек деп есептеймін. Біріншіден, 1-4 сынып оқушыларына арналған ас мәзірімен таныстым. Сапалы тамақтануға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Екіншіден,қандайда бір келеңсіздік орын алмауы үшін бала қауіпсіздігі басты назарымда болады. Ол үшін ата-аналар, ұстаздар және мектеп басшылары бірлесе жұмыстар атқаруы қажет. Үшіншіден бақылау камерасының саны мен сапасын арттыру керек. Бұл оқушының әрбір жүріс-тұрысын жіті қадағалауға мүмкіндік береді. Төртіншіден, көктем науқанына байланысты әрбір мектептің аумағында көркейту-көгалдандыру жұмысын жүйелі жүргізуге назар аударуымыз керек. Бесіншіден, әрбір жетістікке жеткен шәкірт пен ұстаздың одан әрі ынталандыру мақсатында марапаттап, жан-жақты насихаттау жұмысын жоспарыма енгіздім. Әрі осы бағытта жүйелі жұмыстар атқарылатын болады.

–Мемлекет басшысы орта білім беру саласында сапалы білім берудің маңыздылығын айтты. Біздің ауданда оқушылар заманауи білім алуы үшін қандай мәселелерді шешу керек деп ойлайсыз?

–Өркениет өлшемі – білім мен ғылым екені даусыз. Еліміздің келешегі кемел болуы үшін жастарымыз білімді болуы маңызды. Осы мүддеге жету жолында ең алдымен оқушылардың материалдық базасы кең болуы керек. Озық білім алу үшін цифрландыру саласы тұрақты дамып келеді. Сондықтан әрбір ұстаз цифрлық сауаттылығын арттыруы керек. Елімізде бірнеше облыста тәжірибе ретінде сыналған оқу процесі барлық аймақта қолданыла бастады. Бұл білім сапасын арттыруға негіз болады. Сондай-ақ, интернет сапасы артпай шалғай ауылдардағы балалар бұл игілікті игере алмайды. Заман талабына сай әрбір оқу кабинеттері жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етілуі маңызды. Бұл мәселе қазір мемлекет басшылығынын да басты назарында.

– Наурыз айында ҰБТ-ның 3 кезеңі аяқталды. Біздің ауданның жетістігі қандай?

– Өздеріңіз білетіндей, ҰБТ кешені соңғы екі жылда электронды нұсқада тапсырылуда. Төрт кезеңнен тұратын тестілеу науқанының екінші сатысы 14-31 наурыз аралығында өткен еді. Осы кезеңде жоғары нәтижемен аяқтап, біздің талапкерлер облыс бойынша үшінші сатыдан көрінді. Жаңақорғандық талапкерлердің бағыты көңілқуантарлық деуге негіз бар. Тестілеуден өтуге тиіс 1095 оқушының 773-і қатысып, бақ сынады. Соңғы тестілеу кезеңінен 1 оқушы 126 балл алып, үміт артқан ұстаздарын қуантты. Ең маңызды кезеңі – үшінші кезең деуге болады. Ол 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өтеді деп жоспарланды. Осы кезеңде біздің талапкерлер барынша жақсы дайындалып, үздік көрсеткіш көрсетсе деген мақсатымыз бар. Ол үшін әрбір талапкермен тиянақты жұмыстар атқарылады. Әсіресе, «Алтын белгіге» үміткер 68 түлектің дайындығы пысықталады. Қазіргі таңда олардың 63-і «Алтын белгеге» қойылған талапқа сай 90 баллдан жоғары нәтиже көрсетті. Ата-аналар мен мектеп ұстаздары жан-жақты ізденіп, білім деңгейін көрсетуге барлық жағдайлар жасалған. Еліміздегі беделді оқу орындарына грант жеңуге айтарлықтай нәтижелеріміз бар.
Айта кетейін, тестілеу кезінде ереже-талапты бұзған оқушылар да, шекті балл жинай алмағандарда бар. Ереже-талапты бұзғандарға тиісті шара көрілді. Ал, мардымсыз балл жинаған оқушыларға қосымша білім беріліп, қайта тапсыруға дайындық жұмыстары басталды. Жиырма жылға жуық кешенді тестілеу тәжірибесі қалыптасқан мектептердің озық әдісін көріп, ұстаздардың тынымсыз ізденісін байқадым. Осы нәтижеден айнымау үшін тестке дайындық жұмысын дамыта беретін боламыз. Осы қарқынмен жұмыстар жасасақ, келесі кезеңдерден де үздік нәтиже көрсетіп, өткен жылға қарағанда едәуір жақсы көрсеткішпен аяқтайтын боламыз. Сондықтан, әрбір талапкер жастарға өз біліміне сеніп, ел болашағы үшін сын сағатта білімінің биігін байқатады деп сенемін.

– Білім бөлімінің әлеуметтік желідегі парақшасының ақпараттарына зер салсақ, күнделікті жұмысыңыздан ақпараттар таратып отырғаныңызды байқаймыз. «Ашықтық пен жариялылықты» ұстанасыз ба?


– Қазір ақпарат заманы екені даусыз. Халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Әрбір ата-ана білім саласындағы маңызды ақпараттарды оқып біліп отырса, сауалы болса жолдаса, жұмыс өзінен-өзі жүйеленіп, бір ізденеді. Сондықтан әрбір мектептің әлеуметтік желідегі парақшаларын бақылап, газет-журналдардағы маңызды мақалаларды оқып ой түйемін. «Жаңақорған тынысы» газетімен бұдан бұрын да жақсы таныспын. Білім саласында шыққан материалдарды іштей талдап отырамын. Менің ойымша, халыққа дер кезінде ақпараттар жетсе ешқандай мәселелер туындамайды. Әділетті қоғам құруда ашықтық пен жариялылықтың әрбір азаматқа берері мол. Бұл бағытта мүдделестік бәрінен маңызды дер едім.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

Мақпал МАРҚАБАЙ.
08 сәуір 2023 ж. 150 0