» » Ана еСімін ұлықтаған ағайындылар

Ана еСімін ұлықтаған ағайындылар

Нарық заңы сол, көпшілік сапалы өнім мен тұрақты бағаға қарай көбірек бет бұрады. Осыдан 23 жыл бұрын кәсібін шағын контейнерде көкөніс сатумен бастаған Шамшудиновтер отбасы кәзіргі таңда ауданға танымал ірі кәсіп иелері. Ағалы-інілі Ерлан мен Нұржан базарда тұратын аналарына көмектесіп, оқушы кездерінен-ақ сауда ісіне епті болып ер жетті. Аналарына қолғабыс ете жүріп, жемістің қасына май, шәй, ұн секілді күнделікті азықтүлік түрлерін қосып, дүкендерін үлкейтті. Әрбір жасаған істен тәжірибе жинақтап, адал еңбектің арқасында осы саланы жетілдіріп, «Заңғар» деп аталатын ірі сауда орталығын ашқан болатын. «Саудада береке бар» демекші, ауданымыздағы ең төменгі бағаны ұстап, халықтың қалтасына қарасып жұмыс жасайтын бұл сауда орны орталық базар маңында орналасқан. Тәжірибелі кәсіпкер отбасы жақында тағы да бір сауда ғимаратын іске қосты. Бұл дүкеннің атауы «Айсара ана» көтерме сауда орталығы. Кент орталығынан көріп, әсем ғимарат жайлы ақпар білуге Нұржан Шамшудинұлымен сұқбаттасып қайтқан едік. Ол былай дейді:
Сауда орталығының атауын өз анамыздың құрметіне «Айсара ана» деп атадық. Анамыз 2020 жылы 63 жасқа келіп өмірден озды. Сауда үйіне саналы өмірін бізге арнаған ана есімін беріп, осы жолда адал әрі берекелі табыс табуды ниет еттік. Бұл жерді 2021 жылы сатып алып, 2022 жылы құрылыс жұмысын бастадық. Толық бір жылда құрылысты аяқтап, ішін реттеп енді ашылуға дайынбыз десекте болады. Нысанда саудагерлерге тиісті жағдай жасалған. Мұнда 25 жұмысшыны жұмыспен қамту жоспарда бар. Сауда орталығының ғимараты замануи үлгіде, жылдың төрт мезгіліне де қолайлы етіп салынған. Яғни, тұрғындар сапалы қызметті тұтыну үшін барымызды салдық. Көп нәрсені анам мен ағамнан үйреніп, осы кісілерден үлгі алдым. Әкеміз 1996 жылы өмірден озып, анамыз жалғыз өзі бізді өсіріп, бағып-қағып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Бұл жеткен жетістігіміз Әуелі Алла, екінші анамыздың арқасында. Сол кісінің бастауын ағам екеуміз жалғастырдық. Талай қиындықты бастан өткізіп, шыдамдылық пен қайсарлықтың арқасында осы күнге жеттік. 2000-2010 жылдар арасы өте қиын кезең болды. Саудадан біржола кетіп қалғымыз келген жағдайлар да көп кездесті. Алайда анамыздың берген тәрбиесі, өнегесі бізге азық болды. Қиындықты артта қалдырып, еңсердік. Алайда бір өкініштісі, ағамыз Ерланнан қапияда айырылып қалғанымыз. – Халыққа танымал «Заңғар» сауда орталығы неге бұлай аталған? – Анамның айтуымен дүкенге бауырымның аты қойылды. Заңғар 2011 жылы дүниеге келген Ерлан ағамның ұлының аты. Бұл сауда орталығында 18 адам жұмыс жасайды. Базар маңында болған соң көп дүкендерден әлдеқайда арзанырақ баға ұстауға тырысамыз. Кент тұрғындарынан бөлек ауыл, тұрғындары да келіп ірі көлемде сауда жасап, алғыстарын жаудырып заттарын алып кетіп жатады.
– Кәсіпкер болу үшін адамға ең бірінші қандай мінез қажет?
– Ең алдымен адамдарға деген сенімділік қажет. Сонымен қатар адалдық басты орында. Ауызбіршілік пен адамгершілікті қатар ұстап, ешкімнің ақысын жемей, ала жібін аттамай, тура жолмен жүрсеңіз болғаны. Дүкенімізде зиянды заттар сатылмайды. Арақ, темекі деген секілді заттар мүлдем жоқ. Алланың жолында бес уақыт намазбен жүрген жанбыз. Қарапайымдылық басты қағидамыз. Қолымнан келгенше жақсылық жасап, қайырымдылық жасау парызым деп білемін. Адал еңбек пен маңдай тердің арқасында бәрі болады. Міне соның көрінісі, 2022 жылы жаңа жыл мерекесінде аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы «Ең үздік кәсіпкер» алғыс хатымен марапаттады. Бұл маған халықтың құрметі, елдің алғысы деп білемін.
– Сіздерге мемлекеттен қандай да бір қолдау, көмек болдыма?
– «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген бар ғой қазақта. Осы «Айсара ана» сауда орталығын салу барысында аудан әкімшілігі мен аудандық кәсіпкерлік бөліміне алғысым шексіз деп айтқым келеді. Қаржыбек Бүркітбаевтың алдына барып, мемлекеттің көмегіне жүгініп едім, дереу құжаттарымды рәсімдеп, даму бағдарламасымен 5%- дық жеңілдетілген несие алып берді. Бұл менің мемлекеттен алғашқы алып тұрған несием еді. Маған үлкен қолдау және көмек болды. – Өмірлік ұстанымыңыз қандай? Қарапайымдылық – адамның ең асыл қасиеттерінің бірі. Кішілік пен кісілікті қатар ұстауда ұлылықтың белгісі болып табылады. Анам мен ағамның берген тәрбиелеріне сын келтірмей, арман-мақсаттарын жүзеге асырып, елдің алғысы мен батасына бөленсем деймін.
– Сырлы сұхбатыңызға рахмет!
Арман-мақсаттарыңыз орындалсын.

                                                                                                                         Сұхбаттасқан Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ
04 сәуір 2023 ж. 193 0