» » Ең басТысы – ел денсаулығы

Ең басТысы – ел денсаулығы



Біздің елімізде адам денсаулығын сақтау мен нығайтуға байланысты мемлекеттік бағдарламалар жүйелі түрде дамып келеді. Осының қабатында жеке бизнестің де ұлт денсаулығына ден қойып, мемлекеттік жобаларға атсалысуы қуантады. Осының нақты көрінісі, биыл Жаңақорған кентінде алғаш жеке «Айгерім» медицина орталығы ашылды. Бұл күнде жұмысы бірыңғай жүйеленіп үлгірген медицина орталығына арнайы бас сұғып, жұмысымен танысқан едік. Мекеме жұмысын табанынан тік қойып, үйлестіріп отырған тұлға Балжан Ильясованың мамандығы терапевт дәрігер.
Көп жылдар аудандық денсаулық сақтау саласында абыройлы қызмет етті. Жүйеге алғаш ендіріле бастаған жаңа технологиялардың қатарында УДЗ аппаратын ауданда алғашқылардың бірі болып меңгеріп, сырқатты анықтау мен зерттеу саласында да мол тәжірибе жинақтады. Осы ізденістерін өмір жолында кәдеге асыруды мақсат еткен маманның ел денсаулығын оңалтуда функциональды қызмет көрсететін орталық ашуға да көптен ықыласы ауып келіпті. Көп жылдар медицина саласында бірге тер төгіп келе жатқан қосағымен кеңесе келе дәрігерлер жанұясы әріптестік әлеуеттерін жалпының денсаулық жағдайын оңалтуға арнаған жарқын жобаға жұмылдыруға шешім қабылдапты. Нәтижесінде бес қаруы сай, көрсе көз қызығатын екі қабатты ғимараттың құрылысы кенттің бел ортасынан бой түзеді. Нағыз соқпақты да, соқтықпалы қадам содан соң басталғанын айтады кәсіп иесі. Өйткені бізде қай салада да жеке кәсіп бастауға талап болғанымен оны аяққа тұрғызудың сабақты механизмі толық қалыптасып болмаған екен. Іс бастаған адамның қолында бұрынсоңды сыннан өткен дайын үлгінің болмауы да тәуекелді батылдыққа келіп тірелді. Өз қажыры мен қайратына арқа сүйеп, маркетинг пен менеджерлікті жете меңгеруге тереңдеп кіріскен ынта-ықыласының арқасында елдік міндетті арқаланған ақниетті жобасы өз арнасын тапқан секілді. Бүгінде басым көпшілігі өз аймағындағы тұрғындарды қамтитын «Айгерім» емханасы емделушілердің көңілінен шығып отыр.
Негізінен жаңа емхананың заманауи үлгіде, жергілікті жерге әлі келіп үлгірмеген жаңашылдықтарды ендіруге мүдделілігі аңғарымпаз көңілге ә дегеннен байқалып тұрғандай.
Емхана меңгерушісі Балжан Дүйсекенқызы кабинеттерді түгел аралатып көрсеткен кезде бұған толығымен көзіміз жетті. Клиниканың бірінші қабатында орналасқан флюорография тұрғындарға тегін қызмет көрсетеді екен. Сондай-ақ терапевт, эндокринолог, травмотолог, гинеколог, кардиолог дәрігерлер алдын ала белгіленген сағат бойынша тегін консультациялық қызмет көрсететінін білдік. Емхананың екінші қабатында оңалту орталығы ашылыпты. Онда қандай бір науқас түріне ыңғайлы жеке кабинеттер жасақталыпты. Әр бөлмеге функ­­циональды кроваттар жеткілікті қойылыпты. Тәулік бойы емханада жатып, ем қабылдайтындарға барлық жайлы мүмкіндіктер қарастырылыпты. Арнайы душь, әжетханасы бар. Емхананың бір ерекшелігі, арнайы құрылғылармен жабдықталған физкабинеттер жұмыс жасап тұр. Олар санамалап айтсақ, вертикализатор (тірек-қимыл қозғалысын демеуге арналған аппарат), артромат түрлі жарақат алулар, инсульт немесе отадан кейін қимыл-әрекетке жаттықтыратын құрал) қазіргі таңда іске қосылып, жоғары эффектісіне куә болғандардың аз емесін білдік. Тұзды шахта залы да Жаңақорғанға тұңғыш қоныс тепкен жаңалық десек болады. Терең және шипалы тыныс алумен өкпені демалдыратын эксклюзивті нысанның жүйке тамырыңды бөлекше баурап алатын көрінісі де тым әсерлі екенін сезіндік.

                                                                                                                                                БаянҮсейінова
04 сәуір 2023 ж. 350 0