№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЭТНО-АУЫЛ – дәстүріміздің діңгегі

ЭТНО-АУЫЛ – дәстүріміздің діңгегі



Этоноауыл – ғасырлар дәуірінен мирас болып жеткен ұлттық салт-дәстүріміз бен мәдениетіміз, қазақы болмысымызд паш ететін көлемді кешен. Ұлт аманаты жолында ұлағатты іс атқарып, ата-бабамыздан мұра болып жеткен дәстүрлерімізді көздің қарашығындай аялап, келешек ұрпаққа насихаттап, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп жүрген Түгіскен ауылдық клубының директоры Бақытгүл Тасхожаеваның ұлыстың ұлы күнінде Этно-ауылдың көрінісін көпке көзайым етуі жан тазалығынан туындаса керек.
Ақылды технологиялар ұлттық салтдәстүрімізді ығыстыра бастаған бүгінгі күні әдеп-ғұрпынан ажыраған ел жаһандық жұтылуға ұшырауы бек мүмкін. Сондықтан да өшкенімізді тірілтіп, құнды жәдігерлерімізді қайта жаңғырту, бәрінен маңызды. Ауқымды аймаққа қатар-қатар тізілген ақ отаудың маңында ұлттық нақышпен жасанған отыздан аса қыз-келіншектер көрерменге қазақ келіндерінің тұрмыстіршілігінен ажарлы көрініс тарту етті. Күбі пісіп, май шайқап, құрт жайып, келі түйіп, ұршық иіріп, жүн түтіп, сабау сабап, кілем тоқып, киіз басып отырған аналарға қарап, рухтанып қаласыз. Әрине мұндай үлкен ұжымдық жұмысты ұйымдастыру оңай шаруа болмағаны анық. Себебі, бүгінде ағаш күбі, сабау, ұршық, кілем тоқитын аша,тоқпақ, ши сынды жабдықтарды табу қиын. Өткен ғасырдың қойнауына кеткен асылдарымызды іздеп, әр бұйымды күйіне келтіру үлкен ізденісті талап етеді. Бұл туралы этно-ауыл жобасының ұйымдастырушысы Бақыткүл Тасхожаева: – Ата-бабамыздың асыл мұрасын келешек ұрпаққа мирас ету біздің негізгі мақсатымыз. Наурыз мерекесінде этноауылымызды кеңейтіп, өз ауылымыздың қыз-келіншектерін жасақтап, қолынан келген асыл дүниелерді көпке ұсынудамыз. Біздің жас кезімізде аналарымыздың кәдеге жаратқан бұйымдарын көпшілік назарына ұсындық. Бастысы, кейінгі ұрпақ қазақтың салт-дәстүрін білсе, әрі қарай өзгелерге насихаттаса, мақсатымыздың орындалғаны, – дейді ұйымдастырушы. Этно-ауылда көздің жауын алған қазақша киім киген қыз-келіншектер мен апа-әжелердің арасында тоқсан жастағы Салия Шәметқызы: «Анамыздан асыл мұра асырадым. Қара ұн мен талқанды талғажау еткен күндеріміз де келмеске кетті. Қолдан тартылған талқан мен ұнның табиғи құнары мол. Мұны тұтынған адамның денсаулығы мықты, әрі ұзақ жасайды деп ойлаймын, – деді. Ақиқатында, заманауи техника көне бұйымдарды шетке ысырып, құнды жәдігерлеріміз көзден таса болды. Осы олқылықты толтырған түгіскендік арулар көптің назарына ілінді. №209 мектеп ұжымынан Ишанқұлова Жұлдызай, Нәбиханова Сандуғаш Сейтмахан Зарина келі түйсе, Набихан Лаззат құрт жайды. №256 орта мектептің ұстаздары күбі пісуші қыздары Ахметова Самал,Ахметова Арай, Досжанова Зәуре, Батырханова Лаура, Ибрагимова Жадыра, Абдикаликова Асемкүлдің қолынан сұйық айран ұсынылды. «Рауан» балабақшасынан Жумабаева Күнімай мен Асқарова Гүлдана нәзік саусақтарымен жүн түткенде ептілігіне қайран қалмасқа лажымыз жоқ. Райхан Сыздықова, Нұргүл Ыдырысова, Айсара Досымбек, Ұлбала Мұхан Бақытгүл Қойлыбаева, Ақеркеге Базарбай, Зағипа Канлыбаева, Жансая Жуманова, Ақтолқын Абуталипова, Жайна Сайфуллаева, Қарашаш Сейдеметова, Майра Абжаппарова, Нұрбала Джунусованың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Көрменің тасымалдау қызметін Келінтөбе, Көктөбе және Қаратөбе ауыл клубының ұжымы атқарды. Көрмеге шыққан бұйымдарды табу да, оны күйіне келтіру де оңай шаруа болмапты. Түкке керексіз болып, әр бұрышта шаң басып қалған жәдігерлерді қалпына келтіріп, оған қажетті шикізаттарды іздеу үлкен жұмыс. Әсіресе, кілем тоқу үшін қажетті жіпті елден табу мүмкін де емес. Арнайы осы көрме үшін сұраныспен жіп алдырған кілемші Нәзгүл Шәмиеваның бұйымдарына елдің қызығушылығы артты. Жастайынан кілем тоқудың қыр-сырын меңгерген шебер: – Қазақтың тақыр және қалы кілеміндей құнды жәдігер жоқ. Аналарымыздың қолының табы қалған өрмекті көзіміздің қарашығындай сақтап, келіндеріме, қыздарыма үйретіп, өсиет етіп жүрмін. Өркениеттің шынар шыңы саналатын кілем тоқу өнерін меңгеру үшін аса ептілік пен шыдамдылық керек. Ауылда шағын үйірме ашып, жас қыздарға кілемше тоқытып, білгенімді үйретіп жүрмін. Бұл менің адами міндетім деп санаймын, –деді ол. Наурыз мейрамында айрықша көз тартқан көрмені аралаған ағайын этнокешеннің ауқымды жұмысын жоғары бағалады. Бұл шынында ғажайып бастама екенін еске салғымыз келеді. Бұл туралы аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Әбілқайыр Сыздықов: – Осындай кең көлемдегі этноауыл ұйымдастырған Түгіскендік әріптес-жерлестеріме алғыс айтамыз. Мұндай жәдігерлерді елден жинау, оны көпшілікке ұсыну үлкен ізденісті талап етеді. Бүгін келі-келісап, ұршық, күбі, ши секілді көне жәдігерлерді көз көріп, рухани күш алдық. Келген меймандар да разылығын айтты. Алдағы уақытта бұл бастаманы одан әрі дамыту үшін жобалар жасалады, – деді.
ТҮЙІН. Этноауылдан алған әсерімізді тілмен жеткізу мүмкін емес. Өшкенімізді қайта жандандырып, рухани жаңғырудың мән-мағынасын терең ұғындырған этноауылды көпшілікке ұсынған түгіскендік ағайынның ауызбіршілігіне бас идік. Бабалар ізін жалғап, дәстүр сабақтастығын үзбеу біздің борышымыз. Мұхтар Әуезов айтқандай, «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген сөзбен мақаламызды түйіндейміз.

                                                                                                                              Мақпал МАРҚАБАЙ
26 наурыз 2023 ж. 673 0