№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тарихтан сыр шертткен этноауыл

Тарихтан сыр шертткен этноауыл

Әр ұлттың қалыптасу һәм даму процесінде өзіне тән таным-түсінігі, ой-санасы, мінез-құлқы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тұрмыс-тіршілігі болады. Осы құндылықтарды жастардың бойына сіңіру маңызды. Қожамберді ауылдық округінде «Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында «Ел іші – өнер кеніші» атты ауыларалық этно сайыс сондай мұратпен сабақтас өрбіді.


Ауыл әкімдігі мен клуб үйі ұйымдастырған шараға Екпінді, Сунақата, Жайылма, Төменарық, Сүттіқұдық аулының командалары қатысты. Клуб ауласына әр команда өздері әкелген бұйымдарын рет-ретімен орналастырып, көрме жайды. Клуб үйінен ақсақалдар мен әжелер, жастар орын алды.
Алғы сөз сөйлеген ауыл әкімі Молдахмет Нәлібаев қариялар мен әжелерді мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, байқаудың мақсатына да тоқталды.
– Көптеген ғасырлардың барысында қазақтардың өзіндік бірегей әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері қалыптасты. Соны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңғыртып, жастардың бойыны сіңіру міндеті тұр. Мал бағу, егіншілік пен аңшылық, бағбандық пен зергер, ұсталық өнері ұлттың ажырамас бөлшегіне айналды, ол ұлттың мінезін, болмысын танытатын құралы іспеттес. Сайыстың мақсаты – ұлттық болмыс-бітім мен қабілет-қасиетті танытатын құндылықтарды дәріптеу, – деді Молдахмет Әбшеұлы.
Келесі кезекте сөз алған әділқазылар алқасының төрайымы, аудандық мәдениет үйінің директоры Зульфия Шалабаева сайысқа қатысушыларға бәсекенің 6 кезеңнен тұратынын түсіндірді.
Командалар «Сәлем – сөздің атасы» бойынша өздерін таныстырды. «Ұршық иіру де бір өнер» кезеңде әжелер, «абысын тату болса...» атты кезеңде келіндер, «Күш атасын танымас» атты кезеңде жігіттер сыналды. «Кел балалар, ойнайық» атты және «Ел іші – өнер кеніші» атты командалық өнер көрсету бойынша үздік команда анықталды.
60 келілік қошқарды көтеру мен жүн түтіп, ұршық иіруден, ұлттық тағам түрлерін даярлаудан Жайылма ауылының командасы өзгелерден оқ бойы озық екенін көрсетті. Сайыс барысында асық ату мен ләңгі тебу секілді бұл күндері ұмыт бола бастаған ұлттық ойын түрлері кәрі-жастың қызығушылығын тудырса, жас келіншектер қамыр илеп, жайып, тәтті бауырсақ пен тоқаш  пісіруден жарысқа түсті. Бәсеке барысында команда мүшелері жекелей де, топпен де өнер көрсетіп өздеріне өнердің жат емес екенін дәлелдеді.
Осы сайыс барысында Қожамберді аулының тумасы, қазіргі таңда Шалқия кентінде тұратын қолөнер шебері Болат Құлбаев ағаш бұйымдары мен ер сыйлады.
Бірнеше сағатқа созылған командалар сайысына төрелік жасаған әділқазылар алкасы мүшелері Күлан Әбілтанова мен Мәдениет Тотаев этно ауылдарды, ондағы ұлттық тағам түрлері, қолөнер заттарының сапасын бағалады.
Сайыс қорытындысы бойынша «Ең үздік этно ауыл» номинациясы бойынша Жайылма ауылдық округі, «Ынтымағы ырысты, бірлігі бекем ауыл» номинациясымен Сунақата, «Өнерлі ауыл» номинациясымен Төменарық, «Дәстүлі ауыл» номинациясымен Сүттіқұдық, «Жастары жалынды ауыл» номинациясымен Екпінді, «Қарттары қазыналы ауыл» номинациясымен Қожамберді ауылдық округінің командасы марапатталды.
Осы орайда сайыстың өз деңгейіінде өтуіне зор үлес қосып ұйымдастырған клуб үйінің директоры Ташманап Әбдірашитов пен ауыл басшысы Молдахмет Нәлібаевқа қатысушылар алғыс білдірді.
Ерубай ҚАЛДЫБЕК
06 қазан 2019 ж. 725 0