№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ғұмырын ғылымға арнаған азамат

Ғұмырын ғылымға арнаған азамат



Дамыған елдердің негізгі іргетасын ғылым саласы қалайды. Қай мемлекетті алсақ та ғылым жүйесі ең бірінші орында, біздің елде де осы салаға еңбек етіп жүрген жандар жетерлік. Тұла бойына біткен адамгершілік, ізгілік қасиеттерімен дараланып, бар күш-қайратын еңбекке арнайтын нағыз ер тұлғалы азаматтар аз емес. Біз бүгін әңгіме еткелі отырған туған жердің азаматы,«Тау-кен ісі» саласының жоғарғы кәсіби маманы, профессор Талғат Әлменов. Білім мен білікті ұштастырған қайраткер тұлғаның, еліміздің кен өндірісіне қосқан үлесі орасан зор.
Тау кен өндірісі саласында қалтқысыз қызмет етіп, саналы ғұмырын кәсіби маман даярлауға жұмсаған ғалымның ұлағатты ісі әрдайым құрметке лайық. Олар жайлы ұлы Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» – деген екен. Ауылда туып өсіп, қарапайым отбасыдан шығып, өз тағдырын тау кен ісімен байланыстырған азамат 1976 жылы Сунақ ата елді-мекенінде туылған. Алғашқы білім алу қадамын 1982 жылы №194 Сунақата қазақ орта мектебінен бастаған. Осы аталған мектептің 9 сыныбын 1991 жылы жақсы үлгеріммен бітірген соң, Кентау қаласындағы тау-кен металлургиялық техникумында «Кен орындарын ашық және жерасты тәсілдерімен игеру» мамандығына оқуға түсіп, аталған оқу орнын 1995 жылы өте жақсыға бітіріп шығады. Осы жылы Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің 1902 «Кен орындарын жерасты әдістермен өндіру» мамандығына оқуға түседі және осы жоғарғы оқу орнын 2001 жылы өте жақсы үлгеріммен бітіреді. Өзіндік бітім-болмысы, берік байламы, қай кезде де табан тіреп тұратын тұжырымы мықты Талғат Мақұлбекұлы еңбек жолын Жезқазған қаласындағы шахта ұңғылау тресті басқармасында ұңғылаушы қызметінен бастайды. Қарапайым жұмысшы қызметінен «Таукен ауысым бастығы» және бөлім бастығының орынбасары қызметтерін атқарады. Қарапайым еңбек ете жүріп, тәжірибе жинақтап, 2003 жылы Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Тау-кен факультетінің басшылары ғылыми-педагогикалық, оқытушылық салаға қызмет атқаруға шақырады. Қазірде Тау-кен металлургия институында «Таукен ісі» кафедрасында нәтижелі қызмет атқарып келеді. Алғашқы жылдары жәй оқытушы болса, одан кейін аға оқытушы және 2011-2021 жылдары қауымдастырылған профессор, 2022 жылдан бастап профессор қызметтерін атқарып келеді. Сонымен қатар, өзіне жүктелген оқытушылық қызметін атқара жүріп, «Геотехнология» (жерастылық, ашық және құрылыстық) мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап, техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алып, еткен еңбегі еселене түседі. Одан бөлек, өткен жылы «Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті» ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектерін сараптамадан өткізіп, «Қауымдастырылған профессор» ғылыми атағын берген. – Біздің аудан жер асты қазба байлықтарына бай, өте қасиетті мекен ғой. Өзім Сунақ ата ауылында туып-өссем де, ауданның іргесінде кен-өндірісінің жұмысын қызықтап жүретінмін. Бала кезімнен сан алуан кітаптарды ақтарып, білімімді толықтырып, әлемдік тәжірибеге сүйеніп, өз бетімше ізденіп жүретінмін. Сол бала күнгі бал арманым бүгінде еңбек жолыма айналды. Әзірге туған жерден жырақта еңбек етіп келемін. Ең бастысы, елдің өсіп-дамуына тамшыдай болса да үлес қоса алсақ, соның өзі мен үшін үлкен мәртебе. Әрбір адам өз мамандығы бойынша қызмет етіп еліміздің экономикасын дамытуға халықтың әл-ауқатын жақсартуға өз үлесін қосу керек, – дейді ардақты азамат. Сенімге селкеу түсірмей, бастаған ісін тайға таңба басқандай, тиянақты істейтін кейіпкеріміздің отыздан аса ғылыми мақалалары жарық көрген, сонымен қатар, «Жерасты ғимараттары құрылысының арнайы әдістері» және «Переработка труднообогатимого золотосодержащего природного и техногенного сырья» (ҚазҰТЗУ баспасы, 2020ж.) атты оқулықтардың, «Бесцианидная технология переработки золотосодержащего минерального сырья» атты монографияның, авторлық құқық беретін екі патенттің және де бірнеше оқу-әдістемелік кешендермен оқу құралдарының авторы әрі жоғарғы білікті мамандарды даярлауға және университеттің дамуына қосқан үлесі үшін ол «Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-не 80 жыл» мерейтойлық Құрмет грамотасымен және 2020 жылы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Үшінші дәрежелі Кенші Даңқы» белгісі медалімен марапатталған. Ол өндірістік тәжірибелерді ғылыми және оқытушылық салаларымен ұштастырған «Тау-кен ісі» салаларының жоғарғы кәсіби маманы. Талғат Мақұлбекұлының бүкіл өмір жолын шағын мақалада талдап шығу мүмкін емес. Ең бастысы: «Ұлтқа қожалық жасауға болмайды, оған тек қызмет етуге ғана болады» деп Ататүрік айтпақшы, біз оның халыққа қызмет етіп келе жатқан білікті азамат екенін айтуға тырыстық. Түйін: Туған жері мен елін сүйген кейіпкеріміздің жан-дүниесінің сұлулылығына да тәнті болдық. Табиғат сырына қанық қарапайым ғана азаматтан үйренеріміз көп екен. Туған жерден шалғайда жүрсе де атамекеннің әр тынысын аңдап, тілектес болып отыратын ғалым ағамыз ауылға әр келгенде елдің баласына өзіндік қамқор қолын созуға даяр.

                                                                                                                                 Әсел РЗАЕВА
26 наурыз 2023 ж. 232 0