Мемлекеттік қызметте әйелдер мен ерлер бөлінбейді - Ажар Ғиният
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа «Әйелдерге Үкіметте жұмыс істеу қиын ба?» деген сұрақ қойылды.
«Жалпы мемлекеттік қызметте әйелдер мен ерлер бөлінбейді. Белгілі бір міндетті арқалаған мемлекеттік қызметкерлер бар, біз өз қызметімізді атқарамыз. Мен жұмыс істеймін және маған қиын емес», деп жауап берді министр Үкімет отырысы кулуарында журналистердің сұрағына.
Сонымен қатар ведомство басшысы өзінің жұмыс кестесі мен күнделікті жұмыс тәртібімен бөлісті.
«Бізде, мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс уақыты тұрақты емес. Таңғы 8-ден кешкі 9-10-ға дейін болуы мүмкін. Демалыс күндері де жұмыс істейміз. Егер тапсырмалар орындалса, демалыс күндері демалуға болады. Ал жұмыс көп болса, онда жұмыс істеу керек», деп түсіндірді ол.