Жәрмеңкенің жәрдемі мол
Әлеуметтік мәселелердің негізі жұмыссыздық екені белгілі. Сондықтан Мемлекет басшысының өзі де халықты жұмыспен қамту және тұрақты табыс табатындардың санын арттыруды міндеттеп отыр. Аудан басшылары да бұл мәселені оңтайлы шешудің жолын тапқан. Соның ішінде аудандық прокуратураның бастамасымен халықты жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді.
Бұл жолы 17 жұмыс беруші түрлі салада 46 бос жұмыс орнын ұсынды. Олардың қатарында көлік жүргізушісі, тәрбиеші көмекшісі, азпаз, электромонтер, микроқаржы ұйымдарына менеджер, ішкі саясат бөлімінің тілдер дамыту орталығына орыс және ағылшын тілі мамандарына сұраныс жоғары болды.
Осы күні жәрмеңкеге жұмыс іздеп, 70-тен аса адам келді. Солардың жартысынан астамы арнайы дипломы бар, алайда жұмысқа орналаса алмай жүрген жандар. Олардың көбі жұмыссыздар есебінде тұрғандар ғана емес, дәстүрлі түрде өтетін акция туралы хабарламаны түрлі ақпарат көздерінен естіп қатысып жатқандар. Жалпы осы ретте мұндай науқанның дәнекерлік пәрмені уақыт өткен сайын артып келе жатқанын атай кеткен абзал.
Жәрмеңкеге келген жұмыс іздеушілердің бірі кент тұрғыны Ермек деген азамат тұрақты жұмыс таппай қиналып жүргенін жеткізді. Денсаулығына байланысты ұзақ отырып, тез қимылдауға шамасы келмейді. Сондықтан өзіне жұмыс кестесі ыңғайлы жұмыс іздеп келіпті.
– Талаптанған адамға «екі қолға бір күрек» табылады. Тек денсаулығым жарамай қиналып жүрмін. Жұмыссыздықта тіркеуде тұрмын. Таңнан бері әртүрлі жұмыс берушінің талаптарымен танысып, еңбекақысын салыстырып жүрмін. 4-5 жұмыс беруші мекеменің өкілдерінен кеңес алдым. Уақыт жағынан тиімді жұмыс түрін ұсынғандар да болды, – дейді ол.
Жәрмеңкеде бірнеше сала бойынша түрлі айлық көлемі белгіленген. Жұмыс уақыты да келушілердің көңілінен шығуда. Сондай-ақ жалақы мөлшері жұмыс берушінің саласы мен жұмысшылардың тәжірибесіне қарай белгіленген. Тіпті жұмыс ұсынушылар қызметкерлердің қабілетіне қарай айлық көлемін көтеруге де әзір екендіктерін айтты. Ол үшін келушілерге жоғары білім болсын деген шектеу де жоқ. Орта білім алғандарға да әртүрлі жұмыс түрінен бағыт-бағдар беруде.
Атап өту керек, бұл күні жәрмеңкеге аудандық пробация қызметінің есебінде тіркеуде тұрған істі болған азаматтар мен алимент бойынша берешектері бар жұмыссыз азаматтар тартылды. Нәтижесінде пробация қызметінде есепте тұрған 9 адамның 2-еуі тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Алимент бойынша да берешектері бар жұмыссыз борышкерлерден 9 адам қатыстырылып, 2 адам жұмыспен қамтылды. Олардың бірі «Электр тораптарын тарату мекемесі» АҚ-на көлік жүргізуші болып орналасса, келесісі №163 орта мектебіне уақытша жұмысқа қабылданды.
– Мен аудандық пробация қызметінің есебіне тұрғаныма көп уақыт болмады. Әрине, өзімнің қателігімді түсінемін. Пробация қызметіне тіркеуге тұрған күні инспекторым Жұмыспен қамту орталығына тіркеуге тұрғызды. Міне бүгін «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесінде мамандардан кеңес алып, жұмысқа жолданып отырмын. Адал еңбегіммен отбасымды асырауыма мүмкіндік берген пробация қызметінің қызметкерлеріне алғыс айтамын, – деді пробация қызметінің есебінде тұрған Мұхтар есімді азамат.
Соңғы жылдары аудан экономикасында айтарлықтай өзгерістер болуда. Атап айтқанда, еңбек нарығындағы жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі және жұмыспен қамтылған халықтың тұрақты өсуі байқалады. Жәрмеңке өткізудің мақсаты да жұмыс берушілердің қажетті мамандарды таңдауына, ал жұмыс іздеушілерге жұмысқа орналасуларына ықпал жасау болатын.
Бір қуаныштысы, бүгінгі жәрмеңкеде барлығы 46 адам өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. Мұндай жәрмеңке алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Лаура БИБАСАРОВА