№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жер кезегі қашан, қалай жылжиды?

Жер кезегі қашан, қалай жылжиды?


Жаңақорғанда жер кезегіне тіркелушілердің саны жыл сайын артпаса, кеміген емес. Бірақ жер берудің жыры әлі де жалғасып, созбалаңға салынуда. Бұл мәселе аудан әкімінің қатаң бақылауында болғанымен, тиісті мекемелерден еститін жауабымыз – инфрақұрылым салынуы керек. Айтылуын айтылып жатыр, тек нәтиже жоқ. Аудан бойынша бас-аяғы 10211 адам жеке тұрғын үй құрылысы үшін кезегін күтуде. Жер кезегі неліктен жылжымай тұр? Биыл кімдер жер ала алады? Кезекті қалай бақылауға болады? Осы сұрақтар төңірегінде тиісті мамандардың пікірін білген едік.


Қазақстанның жері кең болғанымен, халқы тым аз, сол аз тұрғынның үй салатын жер ала алмай жүргені қынжылтады. Расында, даламыз – дарқан, керегеміз – кең, жеріміз жетерлік. Кез келген азамат ақысыз жер телімін алуға құқылы. Бірақ жер кезегі оңай шешілетін мәселе болмай тұр. 18 жастан асқан кез келген қазақстандық жеке тұрғын үй салу үшін 10 сотық жерді алуға онлайн өтінім бере алады. Бұрынғыдай сабылмай­ды. Қазір жер алғысы келетін адамның жылжымайтын мүлкі, пәтері, үйі болса да өтініш қалдырады. Бұған қоса жерді елдің кез келген өңірінен алуға болады. Тұрақты мекен-жайы маңызды емес, құжат жинап әуре болмайды. Алайда «бөркімізді аспанға атып» қуанудың қажеті жоқ. Өйткені тұрғындар арасында саналуан әңгіме өріп жүр. Көбі беріліп жатқан жерді иелері кезекпен алды дегенге сенбейді. 10 жылдан бері жер кезегінде тұрған Оңдас Жарылқасынұлы:
– 2012 жылы жер кезегіне тіркеліп, өтінім беріп қойғанмын. Жылына екі рет арнайы барып, кезегімді тексеріп тұрамын. Әр барған сайын өзгермейтін сол баяғы сандар. Шыны керек, мұның тиімді жолын қарастырып, кезекті бір жолға қоятын уақыт келген секілді. Өйткені осылай жалғаса беретін болса халықтың сенімінен айырылып, сайып келгенде ел арасында түрлі пікірлер туындайды, – деген ойын жеткізді.
Осы тектес пікірлер, қарапайым халықтың өкпе-реніші жетерлік. Бұл мәселеге қатысты Сенат спикері Мәулен Әшімбаев та өзіндік пікірін білдірген. Иә, жеріміз кең, аймақ жеткілікті, еш қиналмай үлестіре беруге болар еді. Дегенмен байланыс пен интернет тартпайтын, жолсыз, электр жүйесі мен су бармаған, кәріз жүйесі жоқ жерлерді азаматтар не деп алады? Осындай жерді алған соң адамға бейнет болмаса, ол жерден аса қайыр болмасы анық. Әшімбаев осы жайттарды ескеріп, әуелі инфрақұрылымдық мәселелерді шешіп алмай, қадам жасай беруге болмайтынын айтты. Заң талабы да соны көз­дейді. «Жер кодексінің» 44-бабында берілетін жерлер инженерлік алқаптардан болуы керек екені көрсетілген. Яғни алатын жеріңіз су және электр жүйесімен қамтылуы қажет. Бірақ барлық жерді қысқа мерзімде «гүлдендіре» салуға жетерлік ақша мемлекет қорында жоқ. Саладағы мамандар бұған дейін осы мәселені орнықтыру үшін мемлекеттің жартылай кеткен шығындарын жеке бизнес инвестициясы арқылы толтыруды ұсынған. Сонда ғана тізімді жылдамдата жүргізуге талпыныс болуы мүмкін.
Алдымен аудандық жер қатынаста­ры бөлімінің есігін қақтық. Заңдылыққа сүйенейік, Қазақстан Республикасы­ның Жер Кодексінің 50-бабына сәйкес жер учаскелері ҚР азаматтарына жеке тұрғын үй құрылысы үшiн – 0,10 гектар жер тегін беріледі. Ал ауылдық жерлер­де өзiндiк қосалқы шаруашылық (үй маңындағы және егiстiк телiмдердi қоса алғанда) жүргiзу үшiн суарылмайтын жерде 0,25 гектар және суармалы жерде 0,15 гектар ел азаматтарына жеке меншікке тегін беріледі. Ол үшін құжат тапсырасыз, бірақ биылдан бастап тек электронды түрде.
– Ауданда жер кезегі 2010 жылдан бері қалыптасты. Бүгінде 2015 жылға дейін кезекте тұрғандарына толыққан­ды берілді. Енді 2016 жылдан бастап кезекте тұрғандардың реті келді. Қа­рапайым халық жер кезегінің баяу жылжып жатқанын жете түсінбейді. Кенттің ішінен жерді белгілеп алып бере бермейміз. Әуелі, белгіленген жерді құрылыс бөлімі суын, жылуын, жарығы мен жолын жүргізіп болған соң ғана, біз жерді бере бастаймыз. Кезек екі түрлі себеппен жылжымай қалуы мүмкін. Біріншіден, егер қорда жер жоқ болса. Екіншіден, қорда жер бар болғаны­мен, ол жерге су құбырлары, жарық, газ, жол сияқты инфрақұрылым тартылмаған бол­са. Осы негізбен әкімдік жерді беруді тоқтата алады. Негізі біздің ауданда жер кезегі жақсы жылжуда. Өзге аудандар әлі 2008-2009 жылдары кезекке тұр­ғандарға беріп жатыр. Осы тұста айта кетейін, жер учаскесін алу үшін кезектілікке тіркелмегендігі анықталса ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің №301 бұйрығының 15-қосымшасына сәйкес «Жер учаскесін алу үшін кезекке қою» мемлекеттік қызметін көрсету қағидасы арқылы egov.kz порталына жеке электрондық цифрлық кілтіңіз арқылы кіріп тіркелуіңізге болады. «Жылжымайтын мүлік» батырмасын басып, «Жер қатынастары» тізілімін таңдап, «Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін алуға кезекті қарау немесе кезекке тұру» бөлімшесіне өтесіз. Жаңақорған кенті немесе республиканың кез келген аймағын таңдап өтініш білдіруге болады. Тағы айтамын, тіркелу тек электронды түрде, – деді жер қатынастары бөлімінің маманы Серік Төлендиев.
Кезегіңізді білгіңіз келсе электрон­ды түрде көре аласыз. Иә, қазір құжат­тың басым бөлігі электронды жүйеге көшті. Ол үшін тиісті мекеме немесе кент есігін сығалап жүрмейсіз. Жер қатынастары бөлімі құжат тапсыру бойынша және атқарылған жұмыстар­ды жүйеледі. Жаңақорғандықтар асыға күтіп жүрген «Саяжай-1» мөлтек ау­данының құрылысының жай-күйі қалай? Бұл бойынша аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінен жауап іздедік.

– Жаңақорған кентінде жеке тұр­ғын үйге арналған жер учаскесімен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы Жаңақорған кентінің «Саяжай-1» шағын ауданына нақты көлемі 300 гектар болатын егжей-тегжей жоспарлау жо­басы (ПДП) жасалды. Бұл жоба аясында «Саяжай-1» шағын ауданынан жеке тұр­ғын үй құрылысына арналған 1746 жер учаскесі орналастырылады деп күтілуде. 2022 жылы аудандық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес инженерлік инфрақұрылым желілері құрылысын салуды мақсат етуде. «Тас жолдар» жобасы әзірленді, жобаның жалпы сметалық құны әзірленді. Жобаға 2022 жылғы 22 желтоқсанда №NORZ-0097/22 санды «Normal Z» ЖШС-ның оң сараптама қорытындысы алынды.

Электрмен жабдықтау жобасы да әзірленді. Қазіргі таңда жоба сарап­таманың қарауында. Ақпан айының бірінші он күндігінде сараптаманың оң қорытындысы алынады. Газбен жаб­­дықтау жобасы да әзірленді. Бұл жоба да мемлекеттік сараптаманың қарау­ына ұсынылды. Осы жылдың сәуір-мамыр айында жобаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алына­ды деп жоспарлануда. Ағымдағы жылы жоғарыда аталған жобалардың 2023-2024 жылдарға «Саяжай-1» учаскесін сумен жабдықтау, тас жолдардың құрылысын салуға облыстық және республика­лық бюджеттерден қаржы бөлдіруге Қызылорда облысының құ­рылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына бюджеттік өтінім жол­данды. «Саяжай-1» учаскесін электр­мен жабдықтау жұ­мыс­тары бойынша сараптаманың оң қорытындысын ал­ғаннан кейін, құры­лысын 2023-2024 жылдары салуға облыстық және республикалық бюджет­терден қаржы бөлдіруге бюджеттік өтінім ұсынылатын болады, – деді бө­лімнің сектор меңгерушісі Тұрарбек Өмірбеков.
Бұл мәлімет келешекте түсетін «Саяжай-1» шағын ауданының инже­нерлік коммуникациялық инфрақұ­ры­лымымен қамтамасыз етуге арналған құжатта мақұлданып, алдағы уақытта құры­лысына қаражат бөлінсе игі. Егер қаражат толық шешілсе, онда жауапты сала бір жылдың ішінде шағын ау­данның шырайын келтіреміз дейді.

Әсел РЗАЕВА
01 ақпан 2023 ж. 340 0