№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жер кезегі қашан жылжиды?

Жер кезегі қашан жылжиды?


Соңғы 5 жылдың ішінде кент тұрғындарының саны артты. Бейресми дерек көздерінде, аудан орталығындағы халық саны 40 мыңнан асқан деген мәлімет бар. Осыған орай, отбасылардың да, оның ішінде жас отау қатары да еселеніп келеді. Әрине, бұл қуанарлық жағдай. Өйткені, ауданның келбеті күн сайын жаңарып, жаңғырып, әлеуметтің әлеуеті артып келеді. Бірақ баспана салуға мемлекеттен берілетін 10 сотық тегін жердің жайы жыр болып тұр. Осы мәселе төңігерінде тағы бір талқылап, талдау жасап көрдік.

  Иә, кенттің келбеті көркейіп, әлеуметтік мәселелер де кезеңкезеңімен шешіліп келеді. Әр салада серпін бар, әсіресе, өндіріс өркендеп келеді. Алайда жалдамалы пәтер мен тұрғын үйдің бағасы қалтаны қағып барады. Сондықтан әрбір шаңырақ баспаналы болуды армандайды. Тек тегін жер берілсе деген тілек бар. Осы тақырыпты зерделеу кезінде мынандай заңдылықты көзіміз шалды. Мемлекеттен берілетін жерді кезегі келіп, алған кез келген тұрғын электронды түрде тізімге тіркеле алады. Кезегі келеді, бірақ екінші мәрте тегін берілмейді, тек сатып алады. Ол аз ғана мөлшерде екенін ішіңіз сезіп отырған болар...

Алдымен аудандық жер қатынастары бөлімінің есігін қақтық. Заңдылыққа сүйенейік, Қазақстан Республикасының Жер Кодексінің 50-бабына сәйкес жер учаскелері ҚР-ның азаматтарына жеке тұрғын үй құрылысы үшiн – 0,10 гектар жер тегін беріледі. Ал ауылдық жерлерде өзiндiк қосалқы шаруашылық (үй маңындағы және егiстiк телiмдердi қоса алғанда) жүргiзу үшiн суарылмайтын жерде 0,25 гектар және суармалы жерде 0,15 гектар ел азаматтарына жеке меншікке тегін беріледі. Ол үшін құжат тапсырасыз, бірақ биылдан бастап тек электронды түрде.

– Жер учаскесін алу үшін кезектілікке тіркелмегендігі анықталса ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің №301 бұйрығының 15-қосымшасына сәйкес «Жер учаскесін алу үшін кезекке қою» мемлекеттік қызметін көрсету қағидасы арқылы egov.kz порталына жеке электрондық цифрлық кілтіңіз арқылы кіресіз. «Жылжымайтын мүлік» батырмасын басып, «Жер қатынастары» тізілімін таңдап, «Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін (10 сотық жер) алуға кезекті қарау немесе кезекке тұру» бөлімшесіне өтесіз. Жаңақорған кенті немесе республиканың кез-келген аймағын таңдап өтініш білдіруге болады. Тағы айтамын, тіркелуге тек электронды түрде, – деді бөлімнің жетекші маманы Ерболат Шайдаров.

Ал, кезегіңізді білгіңіз келсе электронды түрде көре аласыз. Иә, қазір құжаттың басым бөлігі электронды жүйеге көшті. Ол үшін тиісті мекеме немесе кент есігін сығалап жүрмейсіз. Жаңақорған кенті бойынша 2015 жылдан 2021 жылдың аяғына дейін жер кезегі тізімінде 7894 адам тіркелсе, қазіргі таңда, жыл басынан бері 2350 адам тіркелген. Бас-аяғы қазір 10 244 адам жер кезегі тізілімін қалыптастырды. Бұл өте көп көрсеткіш. Кенттің өзінде осынша отбасы бар деу қисынсыз.

– Қазіргі таңда мониторинг жүргізіліп, түгендеу жұмыстары аяқталып, 2015 жылы тіркелген азаматтарға жер берілуде. Осы уақытқа дейін 265 азаматқа уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) 3 жыл мерзімге берілді. Жұмыс алдағы уақытта да атқарылып, жер берілу кезектілікпен жүзеге асады, – деді жауапты сала маманы.

Жер қатынастары бөлімі құжат тапсыру бойынша және атқарылған жұмыстарды жүйеледі. Ал, жаңақорғандықтар асыға күтіп жүрген «Саяжай 1» мөлтек ауданының құрылысының жай-күйі қалай? Бұл бойынша аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінен жауап іздедік.

– Жеке тұрғын үйге арналған жер учаскесімен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы Жаңақорған кентінде Саяжай аумағынан 300 гектар учаскеге егжей-тегжей жоспарлау жобасын (ПДП) әзірлеуге аудандық бюджеттен 24903,301 мың теңге қаржы бөлінді. Жаңақорған кентінің Саяжай-1 мөлтек ауданына нақты көлемі 300 гектар болатын егжей-тегжей жоспарлау жобасы (ПДП) жасалды.

Бұл егжей-тегжей жоспарлау жобасында Саяжай-1 мөлтек ауданынан жеке тұрғын үй құрылысына арналған 1597 жер учаскесі, 180 орындық балабақша, 1100 орындық орта мектеп, май құю станциясы салыну жоспары бар. Сонымен қатар бұл аумақтағы жолдар мен көшелердің ұзындығы – 52 шақырым, ауыз су құбырының ұзындығы – 48,3 шақырым, кәріз жүйесінің ұзындығы – 19,9 шақырым, газбен жабдықтау желісінің ұзындығы – 51,8 шақырымды құрайды. 10 газ тарату пункті, 1 автоматты газ тарату пункті салынады. Электр желілері, станциялар салынуы тиіс. Яғни, инфрақұрылымы толық жүргізіледі, – деді бөлімнің бас маманы Шыңғыс Маханов.

Бұл мәлімет, келешекте түсетін Саяжай 1 мөлтек ауданының инженерліккоммуникациялық инфрақұрылымымен қамтамасыз етуге арналған құжатта көрсетілген. Биыл құжат толық жасалынып, мақұлданса, келер жылы құрылысына қаражат бөлініп қалар деген үміт бар мамандарда. Егер қаражат толық шешілсе, онда жауапты сала бір жылдың ішінде шағын ауданның шырайын келтіреміз дейді. Яғни, 1600-ға жуық кезегін күткен тұрғын жер алып, баспана құрылысын бастауына болады. Бұл жобамен 2015 пен 2016 жылы кезекке тұрғандарды толық қамтиды деген сөз. Мүмкіндік болса 2017 жылды да еңсеріп тастауы керек. Ендеше келер жылдан үміт күтейік. Ең бастысы, жер кезегінің қашан жылжитынын жобалап түсіндік. Қалғаны уақыттың еншісінде.

Әли Темірбек

23 тамыз 2023 ж. 690 0