№87 (8798) 2

02 қараша 2024 ж.

№86 (8797) 29

29 қазан 2024 ж.

№85 (8796) 25

25 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Жер кезегі неге жылжымайды?

Жер кезегі неге жылжымайды?

Тұрғын үй салу үшін берілетін 10 соттық жердің жайы өзекті мәселеге айналды. Мәселен, Петропавлда 11 мың, Ақтөбеде 150 мыңға жуық тұрғын жер кезегінде тұр. Сыр өңірінде де кезек күткендердің саны артпаса кеміген емес. Біздің ауданда жыл сайын олардың қатары мың адамға толығып келеді. Ал жайылымдық жердің жайы тіпті күрделі. Ел ішінде шамасы жеткендер  өз қаражатына жер сатып алып, көбі үй тұрғызып үлгерді. Жер сатып алуға әлеуметтік жағдайы көтермегендер қайтпек? 5-6 жылдан бері берілуі тиіс жер биыл беріле ме? Біз осыны зерделеген болатынбыз.
Жер мәселесін жергілікті басылымда ұдайы көтеріп жүрміз. Бірақ сүйіншілейтін жаңалық бар деуге келмейді. Биыл бір өзгеріс болып қалар деген үміт жұртшылықта да жоқ емес. Ауданда жер кезегіне тіркеліп, кезегін күткендердің реніші орынды. Осыны ескерген аудан әкімі Руслан Рүстемов жер мәселесіне басымдық беріп, тезірек шешуді тапсырды. Жауапты сала мамандары не дейді, біз содан бастайық.
Толғақты мәселе шешімін табуы үшін оның инфрақұрылымы жасалуы тиіс. Бұл 1-2 жылдың еншісіндегі шаруа емес. Ал суы мен жарығы жоқ жерге үй салғандардың тартқан азабы аз болмады. Жарық пен қоса асфальт та салынбаған. Бұлай созыла берсе жылу жинап, өз қотырымызды өзіміз қасуға тура келеді деп тұрғындардың талай ренжігенін көрдік. Барлығы өз уақытымен, дегенмен жер кезегі жылжитын емес.
– Қазір бір шаңырақтан кем дегенде 2-3 жанұя жеке бөлініп, еншісін алып шыққысы келеді. Не істеу керек? Ипотекаға үй алуға жеткілікті қаражаты жоқ, жер сатып алайын десе аудан орталығында баға аспандап тұр. Баспаналы болуға мүмкіндігі келмегендер амалдың жоғынан пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Таршылық бүйірден қысқанда екі келіннің басын біріктіру оңай емес. Еш болмаса жері болса, әрекет етер едік, – дейді кент тұрғыны Анаргүл апа.
Статистикаға сүйенсек, Жаңақорған ауданы бойынша жыл сайын бала туу көрсеткіші аймақта алдыңғы қатарға шықты. Шаңырақ көтерген жастармен қатар туған жерді түлетуге келген отбасылардың да саны артты. Нәтижесінде халық саны 85 мыңға жуықтады. Бірақ пәтер жалдап тұрушылар күрт көбейді, оны несіне жасырамыз. Қазір арзан бағада үй сатып ала алмайсың. Сосын амал жоқ пәтер жалдайсың. Оның үстіне, туысының атынан жерді рәсімдеп алғандар бағасын еселеп сатады. Мәселен, МАИ бекеті аумағынан 10 соттық жерді 1 миллионға табу қиын. Ал, орталықта 2-3 миллионнан кем емес.
Алдымен жер кезегінде тұрғандардан бастайық. Ол үшін кент әкімдігінің есігін қағып, нақты мәлімет алдық. Жер кезегі 2014 жылдың қазан айына келіп тұралапты. Содан бері тіркелген тұрғындарды қоса есептесек жалпы саны 7 мыңнан асып жығылады. Кент әкімінің уақытша міндетін атқарушы Серік Сейдуалиев мән-жайды былай түсіндірді:
– Бұл мәселе шынында өзекті. Кезегін күткен аудан халқының реніші орынды. Кез келген мәселе қаржыға келіп тіреледі. Өйткені бос жатқан жерді беру үшін инфрақұрылымын шешу керек, яғни жол, электр жарығы, ауыз су, газ жүргізілуі тиіс. Кенттің бас жоспарына сәйкес «Саяжай-1», «Қаратау-1», «Қаратау-2» атауымен аталатын аумақта тұрғын үй салуға жер беру белгіленген. Алайда инфрақұрылымның жүргізілмеуі себепті тоқтап тұр. Қазір Саяжай, Ипподром, МАИ бекеті аумағында жерді пайдаланған адамдардың жерін қайтарып, кезекте тұрғандарға берудеміз, – деді.
Кент әкімдігіндегі жауапты маман бос және мерзімі өткен жерлерді қайтарып, 2014 жылы тізімде қалған 64 тұрғынға жер беріледі дегенді ескертті. Демек 6 жыл бұрын тіркелгендерге жер алу бақыты бұйырайын деп тұр. Қарап тұрсаңыз, бір жылда кем дегенде мыңнан аса тұрғын жер кезегіне тіркелу үшін өтініш береді екен. Демек бұл мәселені тікелей шешу кент әкімдігі құзырында емес. Жерді меншікке алудың алғы-шарты – инфрақұрылым жағдайын білмекке аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне бет бұрдық.
Айтпақшы үш мөлтек ауданды ашылады дедік. Бірінші болып «Саяжай-2-нің» лентасы қиылады. Бірақ қашан? Жалпы мөлтек ауданның алаңы 213 гектар, аумақтың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын (ПДП) әзірлеу жұмыстарына қажетті 29 млн 298 мың теңге 2021 жылға облыстық бюджеттен сұралуда. Бұл жөнінде бөлімнің сектор меңгерушісі Тұрарбек Өмірбековтен білдік.
Аталған қаржы жылдың аяғына дейін шешіліп, биыл жұмыс бітеді деп жоспарлануда. Ол біткеннен кейін аудан бюджетінен жобалық-сметалық жұмыстарының қаржысы шешіліп, жыл көлемінде жасалып біткеннен соң барып республикалық бюжеттен инфрақұрылымына қаржы сұралтады екен. Біздің түсінгеніміз, жердің инфрақұрылымын бітіріп, жер беруге кем дегенде үш жылдай уақыт кетеді. Тоқ етерін айтқанда, жақын арада жер алуға үміт аз. Дегенмен, бас жоспар бойынша бағдарлама тоқтап қалмауы тиіс. Бұл жөнінде аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Орман Ахметов мынадай қосымша мәлімет бере кетті.
– Жаңақорған кентінің бас жоспарын Алматы қаласындағы «Қазгинроград 1» ЖШС әзірлеген. Оны аудандық маслихат пен аудан әкімдігі 2008 жылы бекіткен. 2014 жылы аудан әкімдігі мен маслихаттың бірлескен шешімімен кент шекарасы бекітілді. Кенттің аумағы 2829 гектар болса, осы шешіммен 1587 гектар тағы қосылды. Енді жаңадан берілетін Саяжайдағы жер учаскесіне тек тұрғын үйлер ғана салынбайды, әлеуметтік нысандардың да құрылысы жүргізілетін болады, – деді ол.
Аудандық жер қатынастары бөлімі не дейді?
– Жаңақорған кенті бойынша жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін берілген жер учаскелерінің игерілуіне талдау жүргізіліп тұрады. Қазір МАИ бекеті аумағынан үй салу үшін 1451 жер учаскесі белгіленіп, 1358 азаматқа табысталды. Тағы 93 жер учаскесі берілуі тиіс. Саяжайда белгіленген 1216 жер учаскесінің 719-і берілсе, 233-і берілуге тиісті.
Жалпы бүгінгі күні 326 бос жер учаскелеріне кезекте тұрған азаматтарға кент әкімімен хабарламалар беріліп, біздің бөлім тарапынан жер учаскесі белгіленіп, ол аудандық жер комиссиясымен қаралып, құжаттары азаматтарға берілуде, – деді бас маман Серік Төлендиев.
Жақында VII шақырылымдағы аудан­дық мәслихат депутаттарының 2-ші сес­сия­сында Жаңақорған кентіндегі жердің кезектілігін азайту мақсаты қаралды. Онда тұрғын үйлерге қажетті инфрақұрылымды егжей-тегжейлі жос­пар­лау мақұлданды.
Сондай-ақ мәжілістің жалпы оты­рысында депутат Айқын Қоңыров жер кезегіне байланысты үлкен мәселе көтерген болатын. Оның айтуынша, әрбір отбасыға 20 сотық жерді тарату арқылы кедейшілік мәселесін шешуге болады. Сонда олар үй салып қана қоймай, жеке шаруашылығын да жүргізе алады. «Қазақстанда тұрғын-үй бағдарламаларына қыруар қаражат бөлініп тұрады. Дегенмен, орташа деңгейдегі отбасын баспанамен қамту мақсаты қойылмайды. Иә, үйлер салынады, пайдалануға берілген шаршы метрлер де көбейіп келеді. Алайда халықтың басым бөлігінде тұрғын үй жағдайы жақсармай жатыр. Қарқынды құрылыс әлеуметтік міндеттерді шешпей, инвесторлар мен құрылыс компанияларының баюына ғана жағдай жасап отыр», – деп айтқан еді депутат.
Әлеуметтік мәртебенің көрсеткішін демографиялық жағдайдың жақсаруы айқындайды. Сондықтан әрбір тұр­ғын иелігіне 20 соттық жерді беру кедейшілікті жойып, ауқатты қоғамды қалыптастыратыны айқын. Біз 10 соттық жердің жырын жырлап жүргенде, 20 соттық жерді қиялдау қисынға келмейді. Ал шаруаны дөңгелету үшін берілетін жиырма соттық жер былай тұрсын, бізде жайылымдық жердің өзі үлкен мәселе.
Осы ретте бір құнды мәліметті келтіре кетейік. Тақырыптың бір ұшын жайылымдық жерге бұрсақ, қазір қойшылар Сырдағы қыстаудан жайлауға қоныс аудара бастады. Олардың бар айтатыны,  ауыл маңындағы жайылымдық жерлердің басым көбі жекенің құзырында. Ол түсінікті, бірақ үкімет малшылар қауымының аталар дәстүрін жалғап, аша тұяқтыларды құмға жаюына көбірек құлық қойып отыр. Оның себебін кейін түсіндіреміз.
Статистикалық деректерге сәйкес, ел тұрғындарының 41,5 проценті ауылдық жерде тұрады. Бұл ретте ұжымдасқан шаруашылықтарда шамамен 3,2 миллион бас мал болса, ал қосалқы шаруашылықтарда бұл көрсеткіш екі есе көп, яғни 6,7 миллион шамасында. Ал ауданда төрт түліктің саны жыл сайын еселеп өсуде. Бәрінен бұрын мал санының көбеюі ауылдық жерлерге қиындық туғызып жатқанын сала мамандары нақтылап берген еді. Бұл мәселені аудан әкімі Руслан Рүстемұлы Талап ауылдық округіне барып, халықпен кездескен кезінде көтерді. Елді мекен тұрғындары ауыл маңындағы жерлер жекенің қолына өтіп кеткеніне шағымданған еді. Осыған байланысты ауыл әкімдерімен байланыстық. Барлығының айтар уәжі бір, ол – ауыл жұртының мал жаятын жері жоқ.
– Жекешелендіру кезінде, одан бертін келе ауыл маңындағы қаншама жер жекеге өтті. Ал мал басы жыл сайын артып, тұрғындар малын қайда жаятынын білмей, әбігерге түсті. Сондықтан бұл өте күрделі мәселе, – деді Аққорған ауылдық округінің әкімі Сарадармұхамедәлі Садықов.
Көптің тілеуі болған «Қаратау-1» «Қаратау-2» аумағында жақын жылдары жер берілмейтінін түсіндік, басшылар мүмкіндік болса келер жылы «Саяжай-1» аумағынан жер беру жайын шешуді көздеп отыр. Сондықтан жердің кезегін күткен ағайынның сабыр танытудан басқа амалы жоқ. Амалдап жүріп шамасы жеткендер үй іргетасын қалап, қабырғасын тұрғыза беруіне болады.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
10 наурыз 2021 ж. 861 0