№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Айтыс аламаны

Айтыс – өнер, қиын жол ұғынғанға,
Мақсаты биік оның бүгін таңда.
Ой, мінез, парасат пен ақыл керек,
Ең әуелі осыны біл, қапы қалма...


Бұл – Қаратаудың қайнар бұлағынан нәр алған, Сырдың сұлу сөзінен жаралған, қазақтың айтулы ақынының бірі – Манап Көкеновтің соңғы айтысынан үзінді.Иә, айтыс – қазақтың қанына сіңген бекзат өнері. Бабалардан қалған осы өнерге елеңдемейтін қазақ жоқ. Еңсе тіктеген баласынан еңкейген қариясына дейін суырып салма ақындарды тыңдаудан жалыққан емес. Топырағы киелі Жаңақорған жерінде жыл сайын жас ақындар айтысы өткізіліп келеді. Осыған жуырда тағы да куә болдық.
Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде «Жаңақорған ауданының 95 жылдығы», халық ақыны «Манап Көкеновтің туғанына 95 жыл толуына» және «Жаңақорған тынысы» газетінің 90 жылдығына орай «Айтыс – battle» жобасы аясында «Біз – Манаптың ұрпағымыз» атты жас ақындар айтысы ұйымдастырылды.

Айтысқа 12 үміткер қатысты. Ақындарамыз үлкен аламанда бір емес, үш бірдей тақырыпты ұлықтады. Жоғарыда айтқандай Манап Көкенов пен ауданның 95 жылдық төл мерекесі мен тарихи газет «Жаңақорған тынысының» 90 жылдық мерейтойына арналды. Айтысқа шөлдеген көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлап, жалынды жырларымен жаңақорғандықтарды желпіндіріп алған жастардың болашағы білініп-ақ тұрды.

Айтысты мәдениет саласының үздігі, Манап Көкенов атындағы шығармашылық ұжымының жетекші маманы Уәли Ибрагимов жургізді. Ақындардың өнеріне «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы, қазылар алқасының төрайымы Баян Үсейінова, айтыскер ақын Ержан Әміров пен Нұрлан Жәпеков қазылық етіп, жеңімпаздарды анықтады.
– Ұлттық құндылығымызды тілге тиек еткенде Манап Көкеновтің есімі бірге жырланады. Артында өшпейтұғын із қалдырған ақынның асыл мұрасы бүгінде сіз бен бізге өнеге ретінде қалыптасты. Осы ұлттық құндылықты сақтап қалу үшін өткенді саралап, бүгінгіні бағалап отыру – басты мақсат. «Жаңақорған тынысы» газетіне биыл 90 жыл толып отыр. Аудан айнасы келе жатқан төл басылымның мәртебесі жоғары деп санаймын. Газет дүниеге келген сәттен бастап 90 жыл бойы елдің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтап, мұңын мұңдап келеді. Солай жалғаса да береді. Осынау айтулы шараға қатысып отырған, жас ақындар сіздер тәуелсіз елдің ұланысыздар, бүгінгі заманның еркесі мен еліміздің ертеңісіздер. Сіздердей жалынды жастар барда ұлттық өнеріміз тек қарыштап дами береді, – деді «Жаңақорған тынысы» газетінің редакторы Баян Алаудинқызы айтыстың ашылу салтанатында.
Ақындар еліміздің бүгінгі күнге дейінгі тарихы мен даму белестерін, жетістіктерін өлеңмен өрнектеді. Бала болса да олар қоғамдағы кейбір мәселелерді де қамтып кетті.
Жалпы айтыс жоғары деңгейде өтті деуге болады. Қара өлеңге қанат бітіріп, Тәуелсіздігіміздің жетістіктерін жырға қосты. Сөзден сойыл соққан 5 жұп екінші айналымда да әдемі айтыс ұсынды. Өнер бәйгелерінде топ жарып, шашасына шаң тимеген ақындардың сөз сайысын көрермен тапжылмай отырып тамашалады.
Жас болған соң оларға қателесу де тән, кейбірі қобалжуға бой алдырып, кібіртіктеп, айтатын ойла­рын жұптай алмай жатты. Әрине, кейбірінің алғашқы жыр додасы бол­ған соң кешіріммен қарау да дұрыс. Алдағы аламандарда ысылып, қиыннан қиыстырып, сөз тауып кететіндей тәжірибе жинары анық. Айтыс үш тақырыптан тұрған соң, бірі тарихтан қаузап, ұзақтан сілтесе, енді бірі бүгінгі қоғамда болып жатқан кемшіліктері тілге тиек етуге тырысты.
– Жас айтыскерлердің алғашқы адымы қуантты. Көптен бері айтыстың атқамінерлері шықпай қалған еді. Сол жылдардың орнын толтыруға жеткіншектер келіпті. Келешегінен көп үміт күттіретін олардың биігіне ел сүйсінді, – деді кеш көрермені Серік ағамыз.
Сонымен айтыс қортындысы бой­ынша бас жүлдені Шиелі ауданынан келген Шыңғыс Құдайбергенов ен­шіледі. Бірінші және екінші орын қос жаңақорғандық Мұхаммедәлі Аб­­дуллаев пен Айдос Бидашевке бұй­ырды. Шиелілік Мақсат Қалиев пен Олжас Азатханұлы және Келінтөбеден келген Жарқынбек үшінші орын ал­ды. Қатысушыларға арнай диплом­дар мен сыйлықтар табысталды.
Осы тұста айта кетейік, айтысты тамашалаған көрермендер мұндай өнер додаларын тұрақты түрде өткізіп тұруды да ұсынды. Әрине, орынды да. Өйткені мұндай аламандар жас ақындардың сөз саптауларын түзеп, қанатын қатайтатыны сөзсіз. Әрине, жастардың өнерін шыңдау үшін, келешекте облыстық, республикалық, тіпті халықаралық айтыстарда ауда­нымыздың мерейі үстем болуы үшін мұндай айтыс додалары жиі өткізіліп тұрса құба-құп. Бұл айтыс бастамасы жыл соңына дейін 4 кезеңді қамтиды. Ендеше, айтысты сағынған ағайын жыл бойы жастардың жігерін қамшылап тұруға зор мүмкіндік ала алады.

Әсел РЗАЕВА
31 қаңтар 2023 ж. 481 0