» » Әйелдердің зейнетке шығу жасын бала санына қарай төмендету ұсынылды

Әйелдердің зейнетке шығу жасын бала санына қарай төмендету ұсынылды

Өмірге келген әр бала үшін әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендетуге жағдай жасалуы керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Елімізде әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде бекітілгеніне тоқталған депутат, алдағы жылдары Үкімет зейнетақы жүйесіне қатысты оңтайлы шешім жасауы тиіс екенін айтты.
«Статистика қарасақ, соңғы үш жылда әйелдер арасында өмір сұру ұзақтығы 77-ден 75,5 жасқа дейін, яғни 1,5 жылға азайған. Сондықтан еліміздегі әйелдер зейнет жасына ерте шыққаны дұрыс болар еді», – деді А.Жамалов Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Оның айтуынша кеңестік кезеңде әйелдер шамамен 5-6 баланы өмірге әкеліп, үй жұмысымен қатар, өндірісте де еңбек ететін.
«Сондықтан зейнетке ерте шығуы әйелдер мен ана еңбегін бағалаудың әділ өтемақысы ретінде қаралатын. Қазіргі әлемде әйелдердің еңбек және өмір сүру жағдайлары өзгерді. Біз гендерлік теңдікке ұмтылып отырмыз, сондай-ақ жұмыс және өндіріс жағдайлары жақсарып келеді. Үй шаруалары жеңіл және қауіпсіз болып жатыр. Алайда бір факт өзгеріссіз қалды. Бұл тұрғыда бала туған кезде әйелдер жұмыстан уақытша кетіп, кәсіби мансабы мен тәжірибесі тоқтап қалады. Еліміздегі әр әйел орта есеппен үш баланы өмірге әкеледі. Осы кезеңде тиісті жарна аударылмағандықтан, олардың зейнетақысы да жоғары болмайды. Бұл ретте әйелдердің зейнетке ерте шығуы түрінде жеңілдік жасауыл керек. Дегенмен мұндай құқық заманауи жағдайларды ескере отырып, әділ түрде ұсынылуы керек», – деді депутат.
«Қазіргі кезде 53 жастан 5 және одан да көп бала туған, оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген көпбалалы аналар ғана зейнеткерлікке шығады. Менің ойымша, жоғарыда аталғанды ескере отырып, Үкімет баласы бар аналардың зейнетке шығу жасын азайту ұсынысын қарастыруы тиіс. Өмірге келген әр бала үшін зейнеткерлік жасты екі жылға азайтқан жөн. Алайда 10 жылдан аспайтын мерзімге төмендету керек. Осы орайда үш баласы бар әйел зейнетке 6 жыл ерте шыға алатын болады», – деді Аманжан Жамалов.
11 қаңтар 2023 ж. 124 0