» » Кент келбеті көркейіп келеді

Кент келбеті көркейіп келеді


Бүгінгі күні мемлекет басшысының тапсырмасы аясында түзілген мемлекеттік бағдарламалардың негізінде еліміздің экономикасы еселеніп, халықтың тұрмыс-тіршілігі де жақсарып келеді. Мұны еліміздегі ауыл, аудан, қалаларымыздың бүгінгі келбетінен-ақ байқауға болады. Оған осы күні сәні келіскен Жаңақорған кентінің тыныс-тіршілігі дәлел.


Сексен бес мыңға жуық халық тұратын аудан көлемінде қолға алы­нып, атқарылып жатқан игі жұмыс­тар баршылық. Соның ішінде кент басшысы ретінде Асқар Ибрагимовтың сайланғанына көп уақыт өтпесе де осы уақыт аралығында жасалған біршама тірлік халық көңілінен шығуда. Солардың бірі кенттің атауы жазылған кіреберістегі үлкен арка қайта жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілгелі тұрғындар үшін құтты табалдырыққа айналды. Одан әрі Шалқия трассасы бойы арқылы кентке енсеңіз жол жиегіндегі жарық шамдары мен оған сән беріп тұрған диодты кескіндердің орналастырылуы кент көркін одан әрі аша түскендей. Ал тура кенттің ортасындағы айналмалы жол көлік апатының алдын алады деп түсіндірді кент мамандары. Сондай-ақ кенттің кіреберіс жерінен өтіп, Сыр беткейдегі бағытқа бет түзесеңіз орталық көшелердің бірі саналатын Қорасан ата көшесі бойындағы көрікті кешен – демалыс саябағының орналасуы жылы әсер қалдырады. Сонымен қатар аталмыш көше бойы да жарық пен сәнді шамдарға көмкерілген. Жол бойындағы тұрғындар мекендейтін екі қабатты үйдің де сыртқы келбеті қайта жөндеуден өтіп, шатырының жиегіне суағар жасалыпты.
Жаңақорғанда жеті қат көкпен таласқан зәулім үйлі мегаполис болмаса да, халқы ауызбірлігінен айнымаған бекем, қасиетті мекен. Жүйткіген көлігі мен әсем нысандары бой көтерген туған жеріміз соңғы жылдары осылайша жаңарып жасануда. Тіпті көше комитеттерінің тиянақты қадағалауы­нан танбайтын Сапарбеков, Тотаев, Аюпов, Түйменов сияқты көшелер тап-тұйнақтай тазалығымен ерекше. Аудан орталығындағы Сапарбаев, Көкенов және Иманов көшесінде қозғалыс тәу­лік бойы жалғасады десек болады. «Қара бура», «Нұрасыл-1» «Нұрасыл-2» және «Ғани» сауда үйлері мен «Нұр» базарының кент қана емес, елді мекендерден келетін тұрғындарға да есігі әрдайым ашық. Бүгінде бірқатар көшелерге жарық шамдары ілінген. Олардың қатарында Алтынсарин ау­мағына кіретін көшелер де бар. Сондықтан болар кенттің күн секілді түні де жап-жарық болып жарқыраған кезіне куә болып келеміз.
Осы тұста кент әкімі Асқар Иб­рагимовпен сұқбаттасудың реті келді. Кент басшысынан қалаға бергісіз кен­тіміздің құпиясымен бөлісуін сұрадық.
– «Бала – болашағымыз». Бүгінгі істің ертең игілігін көретін де осы жас ұрпақ. Бәрі жақсы-ау, бірақ Жаңақорған кентін алғаш аралағанымда бала ойнайтын арнайы алаң кезіктірмедік. Аудан әкімі Мұрат Жолкелдімен ақылдаса келе осы мәселенің мән жайын талқыладық. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялағандықтан бұл түткілді жайт күн тәртібінен түспей тұрған маңызды тақырып екенін айтқан ауан басшысы қаржының шешіліп тұрғанын, тек соны бей-берекет шашпай тиімді жұмсалуын қадағалау керектігін айтты. Шүкір бүгінде осы аталған жұмыстар жасалып, қоғамның кішкентай мүшелеріне қуаныш сыйлайтын күнде алыс емес. Ал қазіргі уақытта кенттің көркіне сұлулық сыйлап тұрған барлық жұмыстың нәтиже­сі тек кәсіпкерлердің демеушілігінің арқасында жүзеге асқанын айта кетейін. Мұндай ірі жұмыстарды атқаруға біздің ауданның менмін деген кәсіпкерлері де өз үлестерін қосса туған жерге деген жанашырлық деп түсінер едім, – деді Асқар Ысқақұлы.
Сондай-ақ кент әкімі өз сөзінде, аудан белсенділерінің әлеуметтік же­лідегі жазбаларын назардан тыс қалдырмайтынын, тіпті олар айтқан олқылықтарды түзеуге көп мән беретінін де жеткізді. Өйткені тұрғындармен етене жақын жұмыс жасау ісі сынақтан сүрінбей өтіп, келешекте туған жерімізді, Отанымызды одан әрі дамытуға күш салатынымызға сенім ұялатады дейді.
Ал кент тұрғыны Сәкен Әбенов болса кентіміз соңғы жылдары ажарланып келе жатқанын соған орай, кенттің әлеуметтік-экономикалық дамуы да жақсара түскенін айтты. Тіптен, жасалып жатқан жарқын істер нәтижесінде жаңақорғандықтар әзірден-ақ қала өміріне бейімделуде, - дейді.
Кенттің тазалығы аудан көркі. Сонымен қатар бірдің емес көптің жұмысы. Тіпті тұрған жеріміздің тазалығына үлес қосуды туған жерге деген қамқорлық деп түсінген жөн. Сондықтан күн сайын көркейіп келе жатқан Жаңақорғанның ажары жөнінде кент әкімінің орынбасары Жасұлан Бейсенбековтың пікірін білген едік.
– Дәл қазіргі уақытта санитарлық талапты қатаң сақтау барысын назарда ұстап, қоқыстан арылу күн тәртібінен түспейді. Көзге көрінбейтін вирустың қоздырушы факторы мен тасымалдаушысы саналатын қоқыстан айналамызды тазарту міндет. Сондықтан әрбір адам санитарлық тазалыққа ерекше мән беріп, жауапкершілікпен қарағаны жөн. Түптеп келгенде, кенттің тазалығы – жергілікті тұрғындардың өмір сүру мәдениетінің көрінісі.Осыны назарға алып кенттің тазалығы талапқа сай болу мақсатында қаншама жұмыстар атқарылды. Ал көктемгі тазалық жұмыстарына 35129,0 мың, ал көркейту-көгалдандыру жұмыстарына 26253,0 мың теңге бөлініп, бұл аталған жұмыстарды «Жігер»ЖШС (НұрШах) және «Ұшқын» ЖШС сондай-ақ ДК«Құнназаров Есенбек» жүргізді. Нәтижесінде белсенді аудан тұрғындарының көрсеткен кемшіл тұстары жөнделді.
Одан бөлек басқа да өзекті мәселелерді сұрыптай келе аудандық мәслихат сессиясы шешімімен 178090,0 мың теңге қаралып, 28 көшеге тас төсеу жұмыстарына, 2 балалар алаңқайын салу мен 5 көшеге асфальт төсеуге және абаттандыру жұмыстарын жүргізуге қолдау тапты. Одан бөлек Алтынсарин, Ғ. Мұхамеджанов, А. Шоқыбаев көшелеріне жарықшам орнатылып, кент ішілік аркалар декоративті жарықшамдармен безендірілуде. Сонымен қатар №51 және № 110 мектеп-лицей тұсына тротуар салу жұмыстары мен Ақмешіт көшесі тұйығына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп толығымен аяқталды, – деді ол.

Түйін: «Бір кісі қазған құдықтан – мың кісі су ішеді» дейді қазақ. Қалаға бергісіз кентіміздің әр азаматы мың кісіге су ішкізе алса, біз мықты болмай, кім мықты болсын. Осылайша, кентке келбетіне жасаған шағын саяхатымыз осымен тәмам.

Лаура БИБАСАРОВА
17 қараша 2022 ж. 235 0