Бірлікте біраз жылдан бері қарбыз өсірумен айналысып келе жатқан Мейрамханның есімі бүгінде біраз жұршылыққа танымал.
Әкесі Сабыр аға Серқұлов та байырғы дихандардың бірі. Бұл күні сан жылғы бейнетінің зейнетін көріп отырған қария. Мейрамханмен осыдан бірнеше жыл бұрын Шұқыройдағы егістікте кездескенбіз. «Мырзахмет» шаруа қожалығының төрағасы. Байырғы дихан. Қазір бау-бақшасы Бірлік ауылынан Нарымбайдың керізіне барар жолда екен. Біз оны бақша басында су суарып жүрген жерінде кездестірдік. Қырықтың қырқасына шыққан жігіттің тұлғасы мен кетпен ұстаған қолына қарап оның еңбекке шыныққан жан екенін жазбай танисың. Бізді қонақжай көңілмен қарсы алған жігіт амансаулық сұрасып өзінің дала қосына шақырды.
– Аға, өзіңіз жақсы білесіз, жастайымнан егін егумен айналысып келемін. Менің диханшылыққа ден қоюыма біріншіден әкем Сабырдың, одан қала берді сексенінші жылдардың аяқ жағына қарай өзім көзін көріп диханшылығына тәнті болған Сардар аға басқарған Қасқырбай, Мақұлбек, Әбдірахым мен Әбдіхалық көкелеріміздің ықпалы зор, – деген жігіт бір мезгіл осыдан 30-35 жылға шегініс жасап кетті.
– Шіркін, шіліңгір шілдеде маңдайыңды күн тескен ыстық аптап та, таңдайың шөлден кеуіп келгенде қалың пәлектің астынан алып жеген салқын қарбыздың дәмін айтсаңшы. Ол кездері, яғни жетпісінші, сексенінші жылдары Жаңақорған ауданында екі қауын-қарбыз қабылдау пункті арқылы күніне 20-30 вагон қарбыз бен қауын тиелген составтар кеңестік елдер шекарасын асатын. Әсіресе Жаңақорған қабылдау пунктінде Көлтоған мен Қилыбайда өсірілген қауын-қарбыз тау-тау болып түсіп жататын. Осы пунктегі ауданның басқа кеңшарларынан келіп түскен қарбызға қарағанда, Бірліктің қарбызына сұраныс жоғары болатын. Тоқсаныншы жылдардың басынан бастап құрғақшылық жылдар басталып, Көлтоған мен Шұқыройға Ақүйік өзенінен су түспей қалуы себепті қауын-қарбыз егілмей қалды. Ал шамасы жетіспегендер қауынқарбызды бұрынғыдай гектарлап еге алмады. Бар-жоғы 25-30 соттық жерге ғана екті. Одан алынған өнім ауыл-үйдің сұранысын ғана өтей алды.
Бірліктің қарбызы тек 2010 жылдардан бастап қана қайта өркендей бастады. Мен де біраз жыл тау ішінде Ақүйік өзенін жағалап егіс ектім. Бәрібір кең жазыққа еккендей болмады. Осыдан жеті жыл бұрын кент жанынан «Агроаймақ» құрылғаннан кейін ғана жақсы өнім алына бастады. Тонналап көлікке артып өзге жаққа өнім жіберген жоқпын. Піскен қауын қарбызымды көлгіме тиеп алып өз ауылыма, әрісі Жаңақорғанға апарып саудалап жүрмін. Құдайға шүкір, өнімім жаман емес, – дейді.
Жаңақорғанда қарбызды келілеп сатады, Маусым айының екінші жартысы мен шілде айының басында әр қарбыздың келісі 150-200 теңге аралығында сатылды, қазір ғой едәуір арзандады. Ал Мейрамхан салмағы 10 келіден асатын қарбыздарын алғашқыда таразыға салмастан 300-500 теңгеден сатса, қазір 150- 300 теңгеден өткізуде екен. Кімдікі арзан, кімдікі қымбат екенін өзіңіз бағамдай беріңіз. Сондықтан болуы керек, алып келген 120-150 қарбызы айналасы 15-20 минутта өтіп кетеді. Мұның үстіне бір грамм да нитрат қосылмаған таза өнімнің дәмі балдай.
Мейрамханның негізгі мақсаты, таза табиғи дақыл өсіріп, оны қолжетімді бағада саудалап, ел алғысын алу. Өнім бағасы қымбат болса да халық қажет болған соң амалсыз алады. Ал Мейрамхан үшін алушының ризашылығы бірінші орында.
– Екі гектардай қарбыз, бір жарым гектардай қауын және жарты гектардан астам жерге асқабақ, картоп, сондай-ақ 4-5 соттық жерге қызанақ пен сәбіз ектім. Сонымен қатар бес гектар жерге бау ағаштарын отырғыздым. Алма, өрік және алмұрт пен шабдалы егілді. Шүкір, биылғы жылы еккендерімнің 80 пайыздан астамы көктеді. Жеміс ағаштарының көктемей қалған жерлеріне келер жылы жаңадан көшет егемін. Алла сәтін салса, екі-үш жылда оның да өнімі көрініп қалар, – деген Мейрамхан Сабырұлы бізбен жылы қоштасып, ақ жол тілеп шығарып салды.
Иә, ерінбей еңбек етіп жер емшегін еміп, оның ризығынан ләззат алып, ел алғысына бөленіп жүрген Бірліктің бетке ұстар белбаласы атанып жүрген Мейрамхан Сабырұлының еңбегіне береке тілеп риза көңілмен қайттық ауылға. Әне жүзі жарқыраған қара кетпенін иығына ілген Мейрамхан бақшасына беттеп бара жатыр.
Ерубай ҚАЛДЫБЕК, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі