Интернет алаяқтық: Заманауи қауіптің жаңа түрі

Цифрлы технология дамыған сайын адам өмірі де жеңілдей түсті. Бүгінде бір ғана телефонмен дүкен аралап, банк қызметін пайдаланып, тіпті үйден шықпай-ақ жұмыс істеуге болады. Алайда осы мүмкіндіктермен қатар түрлі интернет алаяқтықтың саны да артып барады. Бұл – тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде алаңдатарлық мәселе.
Интернет алаяқтық – адамның жеке деректерін, банк картасының мәліметтерін, әлеуметтік желідегі аккаунтын немесе қаражатын заңсыз жолмен иемдену үшін жасалатын алдау-арбау әрекеті. Бұл – қылмыстық жауапкершілікке тартылатын іс.
Алаяқтар түрлі тәсілдермен құрбанын алдап түсіреді. Мысалы, банк қызметкері болып хабарласу. “Картаңыз бұғатталып қалды”, “Сіздің атыңыздан несие рәсімделмекші” деген мазмұнда қоңырау шалып, деректерді сұрайды. SMS пен WhatsApp арқылы сілтеме жіберу. “Сіз ұтып алдыңыз”, “Салық төлеміңіз кешікті”, “Қайырымдылыққа қосылыңыз” деген сілтемелерге кіргізу арқылы телефонға вирустық бағдарлама жүктеледі.
Алаяқтардың айла-тәсілі көп болып тұр. Әсіресе төтенше жағдай кезінде көмек қолын созып, жұртты алдап, арбағандар тіркелді. Бұқараны қармағына ілгендердің дені әлі де белгісіз. Мұндай арбауға алданып қалғандардың қатарында жаңақорғандықтар да жоқ емес. Түрлі әдіспен ақша табудың, несие алудың жолын ұсынғандардың уысынан шыға алмаған аудан тұрғындары “қолын мезгілінен кеш сермеп” қалды.
Интернет игілік те, қауіп те әкеледі. Алаяқтардың арбауына түспеу үшін сақтық – басты қару. Ақпараттық технология дамыған сайын ақпараттық қауіпсіздікке де назар аудару – уақыт талабы.
Бибайым Нәлібаева,
Жаңақорған аудандық сот әкімшісінің басшысы




