Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Салықтағы өзгерістер – халыққа тиімді ме?

Салықтағы өзгерістер – халыққа тиімді ме?


2025 жылдан бастап ҚР салық жүйесінде бірқатар өзгерістер күшіне енді. Ал, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Онда қандай өзгерістер бар? Осы сұрақ төңірегінде мемлекеттік кірістер басқармасының аудандық филиалының бөлім меңгерушісі Талғат Мұстафаевпен сұқбаттасқан едік.


– 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексінде қосылған құн салығының мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға дейін өсетіні туралы жайында халыққа түсіндіре кетсеңіз?
– Жаңа Салық кодексі – салық жүйесін әділетті, ашық және заманауи талаптарға сай қалыптастыруға бағытталған маңызды құжат. Мемлекет басшысы салық саясаты тұрақты, ашық әрі қарапайым болуы қажет екенін нақты атап өтті. Осы талаптарға сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа кодексте бірқатар маңызды өзгерістер қарастырылған. Ең алдымен, қосылған құн салығы 12 пайыздан 16 пайызға дейін ұлғаяды. Бұл – салықты әкімшілендіруді күшейтіп, бюджет кірісін арттыруға бағытталған қадам. Алайда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітаптар мен археология саласына қатысты қызметтер бұл салықтан босатылады. Сонымен бірге дәрі-дәрмек пен ақылы медициналық қызметтерге ҚҚС 2026 жылдан бастап 5 пайыз, 2027 жылдан бастап 10 пайыз көлемінде кезең-кезеңімен енгізіледі. Бұл денсаулық сақтау саласына жүктемені бірден арттырмау үшін жасалып отыр. Табысы жоғары азаматтар үшін прогрессивті жеке табыс салығы енгізіледі. Жылдық табысы 8500 АЕК-тен асатын азаматтар 15 пайыз мөлшерлемемен салық төлейтін болады. Бұл әділеттілік қағидатын енгізуге бағытталған. Сонымен қатар бұрынғы 7 арнайы салық режимі үшке дейін қысқартылады. Енді өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, оңайлатылған декларация қолданушылар және шаруа қожалықтарына арналған нақты әрі түсінікті режимдер қолданылады. Бұл - кәсіпкерлерге қолайлы орта қалыптастыруға жасалған қадам. Жалпы, жаңа салық кодексі салық төлеушілердің құқығын қорғауға, салық жүйесін ашық етуге және мемлекет пен кәсіпкерлер арасында сенімді серіктестік орнатуға бағытталған. Бұл өзгерістерді түсіндіруге тиіспіз.
– Биыл елімізде мобильді ақша аударымдарға бақылау күшейтілетінін жиі айтып жүр. Енді кәсіпкерлікпен заң жүзінде тіркелмей айналысатын жеке тұлғалар айыппұл арқалайды деп көпшілік алаңдаулы. Осыны түсіндіріп өтсеңіз.
– Біздің мақсатымыз мобильдік аударымдарды кәсіпкерлік мақсатта пайдаланатын тұлғаларды анықтап, олардың табыстарын әкімшілендіру. Оның арнайы өлшемшарты белгіленген. Бір адамға 100 немесе одан көп тұлғадан үш ай қатарынан ақша түссе, ол салық төлеуі тиіс. Бұл жерде әңгіме 100 аударым туралы емес. 100 тұлғадан ақша аударылса ғана назарға ілігеді. Ал жеке тұлғалардың, олардың туыстары арасындағы ақша аударымдарына шектеу қарастырылмаған. Нақтырақ айтатын болсақ, бір телефон нөміріне бір айда 100 немесе одан көп тұлғадан ақша түссе, және бұл 3 ай бойы қатарынан қайталанса, яғни, қаңтар айында 100 түрлі тұлғадан, ақпан айында 100 тұлғадан және наурыз айында 100 түрлі тұлғадан қаражат түссе, бұл жерде кәсіпкерліктің нышаны бар деген сөз. Осыдан кейін ғана аталған тұлғаның атына түсіп жатқан қаражат салықтық бақылауға алынады.
– Өлшемшарт көлемі нақты белгіленген бе?
– Өлшемшарттың нақты көлемі әлі анықталған жоқ. Дегенмен, Мемлекеттік кірістер комитеті шек қоюды жөн санап отыр. Бұл шек кәсіпкерлік кодексіне байланысты. Осы кодекс бойынша, 12 еселенген ең төменгі жалақы тапқан тұлға жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы. Осы шектен аспас үшін өлшемшарт көлемін енгізуді қарастырып жатырмыз. Әзірге 255 мың теңге өлшемшарт көлемі белгіленді. Өйткені ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге болса, соның 3 еселенген мөлшері 255 мың теңгеге тең.
– Туыс адамдар арасындағы ақша аударымдары қалай қадағаланады?
– Ағайын-туыс, бауырлар арасындағы ақша аударымдары бұрынғыдай жалғаса береді. Өйткені, туыс адамдар өз қаражатын бір-біріне пайдалануға, қарызға беретіні қалыпты жағдай. Түсінеміз, қазақ халқында той, ас жиі болып тұрады. Мұндай жиынға барғандар дастархан иесіне міндетті түрде көмек ретінде ақша береді. Қазір мұның басым бөлігі мобильді аударым арқылы атқарылып жатқаны белгілі. Сіз той жасайсыз, сол кезде сіздің атыңызға 100 емес 200 адамнан ақша түсуі мүмкін. Бірақ сіз ай сайын той істей бермейсіз ғой. Сондықтан жаңа ереже тек кәсіпкерлікпен айналысатын тұлғаларға қатысты.
– Биылдан бастап банктер қандай ақпарат ұсынады?
Мобильді аударымдарды бақылау заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталған. Биылдан бастап банктер жеке кәсіпкерлердің, заңды тұлғалар басшыларының және олардың жұбайларының 2024 жылға жасаған аударымдары туралы ақпаратты ұсынады. Бұл шара жасырын кірістерді және тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталған. Өйткені көптеген кәсіпкер тауарлар сатқаны, жұмыстар атқарғаны, басқа да қызметтері үшін төлемді кәсіпкерлік қызметке арналмаған жеке шоттарына мобильді аударымдар арқылы алады. Егер кәсіпкер бұл талапты орындамаса. Яғни, 3 ай қатарынан 100 немесе одан да көп тұлғадан тұрақты түрде ақша алып, бірақ салық есебін өткізбесе, салық басқармасы хабарлама жолдайды. Мұнан кейін әлгі тұлға салық талабына сәйкес белгілі бір сома көлемінде салық төлеуге тиіс. Егер жеке тұлға біздің хабарламамызбен келіспесе, онда түсініктеме береді.
– Бақылау касса машиналары жайына тоқталсаңыз. Бізде сауда орындарында касса апараттары толықтай қамтылған ба?
– Жаңақорған ауданында (ауыл округтерін қоса алғанда) сауда-саттықпен айналысатын, қызметін нақты ақшамен жүзеге асыратын деректерді беру функциясы бар бақылау кассалық машинасын қолдануға тиісті заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің жалпы саны 01.12.2024 жылға 2826 болса, қазіргі уақытта бақылау касса машинасын (БКМ) тіркегендер саны 2667 тұлға болып отыр. Бұл дегеніміз бақылау касса машинасын қолдануға тиісті кәсіпкерлік субьектілерінің 94,4 пайызы. Салық кодексінің 165,166-бабында ҚР аумағында сауда операцияларын жүзеге асыру кезінде немесе қолма-қол ақша, банктік төлем картошкалары, чектер арқылы қызмет көрсеткенде ақшалай есеп айырысу міндетті түрде фискалдық жады бар бақылау-касса машинасын (әрі қарай БКМ) қолдану және бақылау чегін беру арқылы жүргізіледі делінген.
– Жыл басынан бері мобильді аударымнан бас тартқан кәсіпкерлер саны артып келеді. Халық арасында «жеке аударымды тексереді» деген қауіп те жоқ емес. Осы мәселе төңірегінде толығырақ айта өтсеңіз.
– Екінші деңгейлі банктер биылдан бастап Мемлекеттік кірістер комитетіне жеке азаматтардың қаржылық операцияларына қатысты мәліметтерді жіберіп отырады. Егер кімде-кім 3 айдың ішінде 100 түрлі адамнан мобильді аударым алған болса, ол азаматтар камералдық бақылауға алынуы мүмкін.
Салық органдары жеке азаматтардың заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу фактілерін тексереді. Ал жеке мақсаттарда жүргізілген мобильдік аударымдар тексеріске жатпайды.
Емге немесе басқа қайырымдылық мақсаттарда ақша жинайтын жеке тұлғаларға қатысты талаптар жеңілдетіл­ген. Олардың есепшотындағы операциялар камералдық бақылауға алынбайды. Өйткені бұл қаражаттан заңға сәйкес салық ұсталмайды. Себебі ақша емге немесе басқа да маңызды мақсаттарға жұмсалатындықтан, кәсіпкерлік жолмен келген табыс көзі болып саналмайды.
Ал кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар төлемді кассалық аппаратта жүзеге асыруы қажет. Егер төлем барысында кәсіпкер чек бермесе, бұл тұтынушының құқын шектеу болып саналады. Сонымен бірге осы сияқты заң бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұл өзгерістер адал салық төлеушілерге әсер етпейтініне және тек заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталғанына назар аударамыз.
– Жеке тұлғалар табыс салығына байланысты қандай жеңілдіктерге қол жеткізеді?
– Ипотекасы бар азаматтар енді өз жалақыларынан төлейтін жеке табыс салығының мөлшерін азайта алады. Бұған дейін мұндай құқық тек «Отбасы банк» салымшыларына берілген. Мұндай салық жеңілдіктері биылдан бастап екінші деңгейлі банкте ипотекасы бар азаматтар үшін де енгізіліп отыр.

– Такси жүргізушілері салық төлей ме? Мобильді төлем тәсілін қабылдаудан бас тартқан жағдайда тұтынушы өз құқығын талап ете ала ма?
– Салықтарды төлеу барлық кәсіпкерлік қызметпен айналысушыларға міндеттелген. Такси жүргізушілері патент негізіндегі арнайы салық режимін қолданады. Яғни бұл режимде табысының 1 пайызын ғана төлейді. Жеке кәсіпкерлер өткізген тауарлары (көрсетілген қызметтері) үшін қолма-қол ақша төлеуді талап етіп, қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту жағдайлары кездесіп жатады. Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз болып табылады, себебі «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларында әртүрлі төлем әдістері – банк картасы, QR төлемі немесе қолма-қол ақша қарастырылған.
Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тарту, ал қайталап заң бұзғаны үшін 157 280 теңге (40 АЕК) мөлшерінде айыппұл салу көзделген.
Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту фактілері анықталған жағдайда тиісті органдарға eOtinish арқылы міндетті растайтын құжаттар қосымшасымен өтініш-шағым бере аласыз.
– Ауданда көлеңкелі экономикамен күрес бағытында нақты қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Көлеңкелі экономиканың басым бөлігін бейресми жолмен өндірілетін тауарлар мен заңсыз көрсетілетін қызметтер құрайды, ал қалған бөлігі «жасырын» қызметтерге тиесілі. Атап айтқанда, тіркелместен сауда қызметімен айналысатындар, такси қызметі, мүлікті жалға беру, алкоголь өнімдерін заңсыз сатумен айналысатындар, тағы да басқа түрлері құрайды. Шыны керек, қазір аудан көлемінде заңсыз сауда, яғни салық төлеуден жалтарып, кірістер басқармасына тіркелмейтіндер көп. Басқарма тарапынан жыл басынан тіркелмеген 24 тұлғаға тиісті шарасы көріліп сот қаулысымен айыппұл салынды. Басқармамен арнайы талдау жүргізіп мүлік салығын төлемеген немесе ғимаратты аз бағалап салығын төлеген салық төлеушілерге хабарлама шығарылып, бюджетке қосымша 45 млн тенге салық өндірілді. Сонымен қатар камералдық бақылау бойынша басқармамен 52.3 млн тенге салық түсірілді. Көлеңкелі экономиканы азайту үшін қосымша тұтынушылар да бақылау касса аппаратынан чек талап етіп отыруы маңызды.
– Жыл басында салық кодексіне енгізілген өзгеріс көпбалалы аналарды қуантты. Атап айтсақ, 2025 жылдан бастап Қазақстанда көпбалалы отбасылардың табысын салықтан босатуга мүм­кіндік беретін жаңа салық жеңілдіктері күшіне енеді. Енді 4 немесе одан да көп балалы отбасылар жылына 100 мыңнан аса ақшасын жеке салықтан үнемдеп қалатынын айтуда. Осы жайында халыққа кеңінен түсіндіре кетсеңіз?
– Салық шегерімі төрт және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар отбасыларға қолданылады. Егер күнтізбелік жылдың 1 қаңтарында отбасында төрт бала болса, салық жеңілдігі сол жылға беріледі, тіпті баланың бірі 2 қаңтарда 18 жасқа толса да. Бұл үшін ата-ана балалардың туу туралы куәлігінің көшірмесін ұсынуға тиіс. Шегерімнің ең жоғары сомасы – жылына 282 АЕК (2025 жылы 1 109 000 теңге). Отбасында ер мен әйелдің біреуі ғана жұмыс істесе, ажырасқан болса, жолдасы қайтыс болған жағдайда, ай сайын 23 АЕК мөлшерінде шегерім жасалады. Ал ата-ананың әрқайсысы бөлек-бөлек жұмыс істесе, 12 АЕК көлемінде шегерім қолдана алады. Ата-ана шегерімді қалай бөлу керек екенін жанұя ішінде өздері таңдайды. Көпбалалы отбасылар салық шегерімін алу үшін жұмыс берушіге өтініш жазып, балалардың туу туралы куәлігінің көшірмесін тапсыру қажет. Егер бұл құжаттар ұсынылса, жұмыс беруші салықты дұрыс есептеп, шегерім автоматты түрде қолданылады. Сонымен қатар шегерім­ді 270.00 нысанындағы декларация арқылы дербес пайдалануға болады. Мысалы, сіз бір жерде жұмыс істейсіз. Ай сайын жалақы аласыз. Сол ақшадан айына міндетті түрде 10 пайыз зейнетақы аударымына, медициналық сақтандыруға екі пайыз, он пайыз жеке табыс салығы ұсталады. Енді салықтық шегерім осы жерде өз қызметін атқарады. Мысалы, сіз 200 мың теңге айлық аласыз. Содан жоғарыда айтқан пайызға сүйенсек, 20 мың теңге зейнетақыға, 4 мың теңге медициналық сақтандыруға кетеді. 176 мың теңге қалды. Осы тұста санатыңызға байланысты салықтық шегерім жасалады. Мәселен, салықтық шегерімді 23 АЕК деп алайық. Ол – көпбалалы отбасы санаты. Бір АЕК 3932 екенін ескерсек, 90436 теңге салықтық шегерім жасалады. 176 000-нан 90436-ны азайтсақ, 85564 қалады. Енді 10 пайыз жеке табыс салығы сіздің 176 теңгеңізден емес, 85 мың теңгеден алынады. Ол – 8556 теңге. Демек, нақты қолыңызға алатын айлығыңыз арта түседі. Салықтық шегерім жасалмаған кезде 158 мың аласыз, шегерім жасалса 168 мың теңгеге жуық айлық аласыз.
– 2021 жылы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларация­лау енгізілді. Биыл осы декларацияға кімдер қамтылады?
– 2025 жылдың 1 қаңтарында Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың 4-ші кезеңі басталды. 8 миллион азамат декларация тапсырудан босатылды. Жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны ұсыну бойынша міндеттеме (250.00 ТНК) шетелде мүлікке иелік ететін Қазақстан Республикасының азаматтары мен резиденттері; сайланбалы және мемлекеттік лауазымдарға кандидаттар, банктің, бағалы қағаздар нарығының немесе сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушысы мәртебе­сіне үміткер тұлғалар, жеке практикамен айналысатын адамдар, өз еркімен декларация тапсырғысы келетін азаматтар тапсырады.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Әсел РЗАЕВА
22 тамыз 2025 ж. 2 836 0